Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырғалы жігіттер көбейіп барады

10.01.2022, 11:15 713

Қоғам болғасын бәрі болады. Бірі тоңып секірсе, ендігісі тойып секіреді. Біреуі өнер, білімге құштар. Біреуі масылдықты ерттеп алған. Ал тағы біреуі кәсібімен көкжиегін кеңейтсе, басқасы өз әлемін қиялдан шындыққа айналдырған. Айтпағымыз, кімнің не жасары емес, жасағанының қоғамға тигізері жайында болмақ.

Бұрын  эмоларға еліктеп, шашын өсі­ріп,  сырға таққан жігітті көргенде жаға ұстайтынбыз. Қазір не көп, трансгендер көп. Қоғам оларды шеттетпеді. Керісінше, ортамызда тайраңдаттық. Жігіттерге жараспайды қос бұрым дейміз-ау. Осындайда қайсыбір жылдары шалбарды бұтына тырыстырғандарды айналып кеткің келеді. Сорақы деген ол емес екен. Бетіне бес батпан бояу жағып, шашын әрлеп, биік өкше, қысқа көйлек киген қызды көргенде, қыз деппін ғой, жігітті көргенде өзіңе деген сүйіс­пеншілігіңді жоғалтарың рас. Жабыстырған сояудай тырнағы, найзадай кірпіктері түйреп алардай. Ал табиғат бермеген көкіректі отамен орнатып алғанын көрсе де сілекейі шұбырады талайының. «Намыссыз, арсыз, ұятсыз» деп өзгенің көзінше атойлағанымен, сол транстың оқырманы болып, сүйкімді пікір салып отыратын  жастарды  көргенде  жаның  ашиды.

Ерсі тірлігін еледік. Телеарнаға шығарып көтердік. Атын атап атақ бердік. Затын көрсетіп шалқыттық. Біз өзі кімді тәрбиелеудеміз? Сонда келешек елдің тізгінін ұстар кім? Осы сауал көптің көкейінде жүр. Себеп те сол, әлеу­меттік желілерде сырғалылардың жаңбырдан соңғы  саңырауқұлақша  қаптап  кеткені.

Қазір tiktok дегенді бизнестің көзіне айналдырыпты бір трансгендер. Атын атап, түсін түс­темеген жөн болар (жарнаманың керегі не?). Тікелей эфирге кіреді. Банк нөмірін ортаға тастай­ды. Достарына транс арқылы пранк, танысу, мазақ қылуы үшін әлгі шотқа ақша аударады жұрт. Әйел дауыспен 500 теңге, еркек дауыспен қоңырау шалу 1000 теңге деген ставкасы тағы бар. Ал жомарттық жасап, 1500 теңге аударғанын қағазына түртіп алған ұзын сонар кезегінен өткізіп жібереді де бірінші боп құттықтайды. Бір сағатқа созылған мұндай «кәсібінен» 100 мың теңгеге жуық ақшаның көзін  тауып отыр. Қызығы сол, эфирде туған күнімен құттықтатып, балаларына, күйеулеріне қоңырау шалдыртатындары жетерлік. Барлығы қазақ. Түсінесіз бе, қазақ. Енді кімге өкпелейміз?

Бұрын ер жігітке қарата айтылатын «еңселі ер-азамат», «екі иығына екі кісі мінген», «жауы­рыны қақпақтай» деген теңеулерді қазіргі жігіттерге айтуға ауыз бармайды. Деген­мен, көпке топырақ шашпайық. Бір-бір қызметтің басында, бір үйдің асыраушысы болып отырған азаматтарымыз да көп. Тек жігіттік қалып­тарын әйелге айырбастаған нар жігіттердің майдаланып, тіпті жоқ болып бара жатқаны ұрпақ келешегіне де зиянын тигізбей қоймайтыны  мазалайды.

Осыдан жеті мың жыл бұрын Азияда арнайы ерлерге сырға жасайтын ұсталар болған көрінеді. Рим елінде сырғаны құлдарға тағатын болса, гректерде жезөкшелікпен айналысатын ерлер таққан екен. Сығандарда алдыңғы сәбиі өлген соң, дүниеге келген келесі баласына сырға тағу салты болған. Ал, пираттардың құлағындағы сырғалар тоналған кемелердің санын білдіреді. Біздің жігіттерге не жорық? Кәріс сериалдарындағы жігіттерге еліктеп тақты ғой деп ақтап алайын десең, жүрген түрі, сиқы анау. Сырғаның әйелде жоқ түр-түрін көйлегімен сәйкес қып тағып алады. Әйелге айналуына өзі емес, құдды айналасы кінәлідей. Айтары сол: «зорландым, қорландым». Түбі сол соққы  сырғаландырыпты.

Балам – болашағым деген қазақпыз. Тәр­биені берерде балам жаман болсын демейтініміз де рас. Бірақ осындай жігіттер қайдан шығады? «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» дейді батыр Бәукең. Қазір бізде үшеуі де бар. Айтып-айтпай не керек, қазақтың ұрпағы қазақ болу үшін әжелер институты мен аталар мектебі жұмыс істеуі керек. Әйтпегенде, бүгінгі талай дерттің арты «жұқпалы» болып бара жатқаны қынжылтады.

Кешегі көшпенді елдің асқақ арманын орындаған ерлердің ісі егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ер-тоқымын жастанбай біткен еді ғой. Сонда ел басына күн туса етігімен су кешкен кешегі баһадүрлердің ұрпағы  ел қорғауға сырға тағып, сыланып шыға  ма?

Айнұр  ӘЛИ,

журналист,

Қармақшы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: