Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел мен жерге төгілген маңдай тер текке кетпейді

23.12.2021, 9:00 437

Бибігүл  ТӨЛЕГЕНОВА:

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында қазақ ән өнерінің бұлбұлы, КСРО және Қазақстанның халық артисі Бибігүл Төлегеновамен егемен ел, ондағы өнер өкілдері, жалпы, өмір туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Бибігүл Ахметқызы, Тәуелсіздігімізді ең алғаш қалай қабылдағаныңыз есіңізде ме?

– Әрине, есімде. Үлкен қуанышпен қабылдадым. Әрі, жасыратыны жоқ, көңілге аздап алаң да кірген. Себебі, оған дейін ұзақ жылдар бөтенге тәуелді болған елдің енді келіп өзімен-өзі, аңтарылып қалуы заңдылық қой. Сондықтан бізге бәрін де ең басынан бастау керек болды. Бұл орайда мемлекет те, халық та, оның ішінде біз секілді өнер адамдары да қарап қалған жоқ, алға қадам баса бердік. Иә, алғашқы уақыттарда өте қиын болды. Шығармашылық адамдары да құлдырауды бастан өткерді.

Жұрт театрға баратын жолды мүлдем ұмытты. Концерттік бағдарламалар ұйымдастыру да күн тәртібінде болған жоқ. Санаға тұрмыс үстемдік ете бастаған кезең. Өмір сүргің келе ме, қолыңа күрек алып жер қазсаң да, ақша тауып, өзіңді-өзің бақ деген ұстаным болды.

Шамамен бес жылдан соң біз қала күнінде (ол кезде Ақмола еді) сахнаға шығып  өнер  көрсеттік. Сол кезде мен жиналған  халықтың  жанарынан  алғаш рет нұрды, қуанышты көрдім. Түрлі шоу,  ойын-сауық  іс-шаралары,  айтулы мерекелер де сол шақтарда жиі  көрініс бере бастады. Ал Тәуелсіздіктің  10 жылдығында біз аяғымызды нық басып тұрдық. Бізді осы күндерге бабалар қанымен дарыған адамгершілік, мейірім, төзім және сабыр сынды қасиеттер жеткізді деп білемін.

Міне, 30 жылдыққа да келіп жеттік. Біз таңдаған жол – ашық та даңғыл. Бізді бүкіл жаһан таниды. Біз үшін бұдан асқан мәртебе болуы мүмкін емес!

– Бүгінгі таңдағы шығармашыл интеллигенцияның міндеті қандай деп ойлайсыз?

– Олардың міндеті – өнерге адал қызмет ету. Қашанда да солай болған, солай болып қалуы тиіс. Өнер адамдарының жұмысын мен дәрігерлермен салыстырған болар едім. Ақ халатты абзал жандар адамның тәнін емдесе, өнердің өкілдері жанын емдейді. Осынау өмірде қандай жағдайлар болмасын, саптан шығып кетпей, өз миссиямызға әрдайым адал болсақ деймін.

Мемлекет басшысы тарапынан еліміздің мәдениетіне, руханиятына, өнеріне деген қолдауы әрдайым жоғары. Кейінгі жылдары егемен елімізде талай концерт залы бой көтерді. Сондай-ақ, бүгінде барлық мәдениет сарайы, мәдениет үйлері жаңғыртылды. Дарынды, өнерлі балаларға да үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік мол. Бақытты бүгінгі ұрпақ!

Ал менде балалық шақ болған жоқ. Қуыршағым да болмады. Әкемді «халық жауы» деп, жеті жасымда ұстап әкеткен-тін. Сосын бұғанам бекімей жатып қара жұмысқа араласып, анама көмектестім. Жалпы, біз ерте есейген ұрпақпыз. Нәубетті ашаршылықты да, ел басына қиын күн туған соғысты да көрдік. Біреудің кірін де, еденін де жудық, үйін әктедік. 12 жасымда ағаш өңдейтін зауытқа жұмысқа тұрдым. Одан шыққан қалдықтарды үйге отындыққа әкеліп, соның жылуына бір үйлі жан бірге жылынатынбыз. Арасында әскери госпитальге барып, жауынгерлерге хат жазуға көмектесіп, ән салып та беретінмін.

Өнерге бүлдіршін күнімнен ынтық болдым. Кішкентай орындыққа шығып алып бар даусыммен ән салатынмын. Бойымды ұзын етіп көрсетемін деп пимамның ішіне зат салып киіп, ән шырқалып жатқан ортаға кіріп кетіп, ән тыңдағанға құмар едім. Бірде залға кіресің, бірде сыймай қаласың. Кейде тіпті клубтан шығарып та жіберетін. Сонда да өнерге деген махаббатым шексіз болды. Шығармашылық жолымның басым бөлігінде ауыл-аймақты араладым. Шахтерлар, егіншілер, малшылар, қара жұмысшыларға концерт бердім. Халықтың ен ортасында жүргенімнің арқасында осы дәрежеге жеттім. Өзің адал болсаң, өзгелер де саған адал болады.

– Үлкен-кішіге не тілек айтар едіңіз?

– Егемен ел үшін еңбек етемін деген адамға бар жағдай жасалған қазір. Сондықтан көзіқарақты, он екі мүшесі сау кез келген адам тамақ үшін ғана емес, ел үшін, жер үшін еңбек етуі керек. Ал ел мен жерге төгілген маңдай тер текке кетпейді дегім келеді. Үлкен мен кіші бір-біріне қамқор, мейірбан болсын деймін. Жатсам да, тұрсам да, үнемі елдің тыныштығын тілеп отырамын. Еліміз аман болсын! Бұл – сергек ойлы, зерделі, дарынды, ақылды, білімді жастардың елі. Мәңгілік елді жасайтын да сол жас буын. Кейінгі ұрпаққа аманат еткен Тәуелсіздігіміз тұғырынан таймасын дегім келеді.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен  Нұржамал  ӘЛІШЕВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: