Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізді таныстырған – өнер, табыстырған – өмір иірімі

27.03.2020, 10:00 1277

Суретшілік  өнер  кез  келген  адамның  бойына  қона бермейді.  Бұл  өзге де өнерге қатысты  болуы  мүмкін. Дегенмен, көзбен көргенін ғана емес, жүрегімен сезінген бұйымды таңбадай етіп қағазға түсіру тек суретші  қауымына  тән. ҚР өнер  қайраткері,  Көркемөнер академиясының  мүшесі  Қайырбай  Зәкіров  бір сұхбатында «Суреттің ерекшелігі – аударманы қажет етпейді» деген еді. Жалпы алғанда суретші мен әдебиетшінің миссиясы бір. Тіпті «Сурет – көзбен көретiн өлең, өлең – құлақпен еститiн сурет» деген де тәмсіл бар. Осы ретте арнайы айдарымызды бір үйдегі қос суретші Фариза Қалибекқызы мен Нұржан Махамбетовке арнағанды жөн көрдік.

– Алдымен өздеріңіз туралы айтып өтсеңіз…

Фариза:

– Біз осы Қызылорда қаласында дүниеге келгенбіз. Қазір де осында тұрақты жұмыс істеп, өсіп-өніп жатқан жайымыз бар. Жолдасым да, мен де  шығармашылық  адамы  болған соң бізге бір-бірімізді түсіну аса қиынға соқпайды. Арамызда үндестік пен сыйластықтың құламас қамалы бар. Аллаға шүкір. Қазіргі таңда жолдас­ым жеке бастамаларымен айна­лысуда, ал мен М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде жұмыс істей­мін.

– Сырдың топырағында дүниеге келген дарын иесі ретінде туған жер туралы ойыңызды айтыңызшы…

Нұржан:

– Жалпы, Сыр өңірін шайырлар мекені, өнер ордасы, алты Алаштың анасы, шежіре тұнған тарихи мекен, қазыналы өлке деп айтады. Осындай жерге  кіндік қанымыз тамып, қа­сиет­ті өлкенің кішкентай ғана қадір-қасиетін­ің бойымызға сіңгеніне шүкіршілік етеміз. Оның үстіне Сыр­дари­я өзенінің жағалауы да, табаныңа жылулық сыйлайтын құмы – түсіне білгенге шабыттың мекені. Өнеріңді ұштауға, идеяңды дамытуға, тың ойларды­ дүниеге әкелуге кейде осы туған топырақтың киесі көмектесетін секілді көрінеді маған.

– Бір үйдегі қос суретшінің өмірі мен өнері көпшілікті тәнті етеді. Қандай да бір шығарма жазарда екеуіңіздің ойларың­ыз ортақ иірім тапқан немесе табатын  кездер  бола  ма?

Фариза:

– Шығармашылық жұмыс істе­генде әрдайым бірге ақылдасамыз. Өзіңіз  айтқандай, кейде  ойымыз  бір жерде түйісіп, ойлау қабілетімізде ұқсастықтар кездеседі. Реті келсе, бірігіп жұмыс істеуге тырысамыз. Өйткені, өнерге ой қосқан сайын дами түсетіні белгілі. Ал мұндай жұмыстар көрерменді баурап алуға бейім.

Нұржан:

– Кейде бір-біріміздің кемшін тұстарымызды байқап қалсақ, кеңе­сіп, ортақ шешімге келуге ұмтыламыз. Бұл екеуміздің жабылып бір жұмысты тындыруымызға емес, шығармашылық жұмысымызға қолдау көрсетіп, демеу білдіру деп түсінеміз. Тағы айта кетерлігі, картина жазу деген­ қылқалам мен бояуды қолға алып, қағаз бетіне шимайлай беру емес, бәрінен бұрын оны түйсіну, жүрекпен  сезіну  маңыздырақ. Ағылшын  суретшісі  Джон Рескиннің айтқа­ны бар: «Суретшінің қолы, қиялы және жүрегі бірге жұмыс істесе ғана тамаша сурет шығады» деп. Міне, осыдан артық түсініктеме қажет емес деген ойдамын.

– Сіздерді өмір кездестірді, табыстырған қандай тылсым? Бәлкім, осы өнер сіздерге өмірлік бағыт пен бақыт сыйлады…

Фариза:

– Иә, бізді табыстырған ең әуелі Алла деген дұрыс. Ал таныстырған – өнер. Екеуміз осы бойға біткен өнерімізді  біліммен шыңдап, дамыту  үшін  оқуға түстік. Әрине, ол кезде бір-бірімізді  білмейміз. Бірақ, бір оқу орнын­да, бір топта қатар  білім  алдық. Танысуымыз  осылай  өрбі­генмен, табысу­ымызға септігін тигіз­ге­н  тек  ғана Жаратқанның бұй­ры­ғы  деп  білемін.  Өйткені біз оқу бітіріп кет­кен­ соң жылдар бойы жан-жақта жүрдік. Өмір иірімі айналы­п келіп, шаңырақ  көтеруі­мізге сеп болды. Бір-біріміздің  міне­зімізді көп жылдан бері білетін болған­дықтан бізге ауызбі­ршілікте өмір сүру қиындық туғызып жатқан жоқ. Болмасын  да!

– Отбасында қандай ата-анасыздар? Тәрбие беруде нендей мәселеге көңіл  бөлесіздер?

Нұржан:

– Бала тәрбиесі ата-ана үшін өте күрделі міндет деп білемін. Оны ананың немесе әкенің мойнына артып қою емес, бірігіп, ортақ түрде жүргізу керек. Өйткені бала ата-анаға қарап бой түзейді. Мәселен, біз жас отбасы болғандықтан, ақыл-кеңес беріп, бағы­т-бағдар сілтейтін үлкен кісі­леріміз бар болса да, баламыздың болаша­ғына алаңдаймыз. Ең бастысы, қарапайымдылық пен адалдық, мейірімділік сынды игі қасиеттер болса, сабырлы, салиқалы мінезі бала бойынан табылып, тәрбиемен ұштасса, жақсы азамат болып қалыптасса деген ниетіміз бар. Өзіміз өнерге жақы­н болғандықтан ба, қызымыз инабат та шығармашылыққа, өнерге бейімделіп келеді. Болашақта сол қадамын  қолдауға  әркез  дайынбыз.

– Қазіргі кезде жас отбасылардың көбі ата-енесінен бөлек тұрғанды қалайды. Келін мен ене арасында туынд­айтын мәселелер туралы не айтасыз­?

Фариза:

– Шүкір етіп қояйын, ата-ене мәселесіне келгенде бағым жанған жанмын десем артық айтпағаным. Екеуі де – иманжүзді, сабырлы кісі­лер. Жас келіндердің енелерін ұнатпауы туралы жиі естиміз, бірақ өз басымд­а  мұндай  жағдай  жоқ. Жалпы, жас  от­басы­лардың ата-енемен бір шаңырақ астында өмір сүруі үлкен өнеге деп есептеймін. Білгенін үйреніп, қолдау қажет кезде демеп жіберетін де – сол кісілер. Ал бізде бөлек тұру туралы әзірге әңгіме қозғалған жоқ. Қайта бір дастарқан басында отырып, сыйластығымыздың артқанын қалаймын.

– Соңғысы – біздің дәстүрлі сұрақ. Бала санына келгенде есепке әлде қазақы менталитетке жүгінесіздер ме?

– Бала санын шектеу әр ата-ананың, отбасының жағдайына байланысты. Қазіргі кезде көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан бір­шама әлеуметтік көмектер берілуде. Сондықтан Алла берсе бала санын шектеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген қазақ – баланы базарым деп білген халық.

– Өз берекесін сыйлап тұрған құнды уақытыңыздың бір бөлігін бөліп, сұх­баттасқаныңыз үшін алғыс білді­ремін!

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: