Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КАРПОВ пен КОРЧНОЙ: шахмат тақтасындағы тартыс

21.11.2021, 10:00 370

HALYQLINE.KZ

1978 жылы СССР басшысы Л.И.Брежнев совет елінен шетелге қашып кеткен Корчнойды шахматтан әлем чемпионатында жеңіп, атағын қорғап қалған Анатолий Карповты еліміздің ең жоғары марапаты «Ленин» орденін тапсырып құшақтап сүйген болатын. Карпов 1981 жылы Корчнойды екінші рет жеңіп, әлем чемпионы атағын тағы да қорғап қалғаны үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапаттады. Анатолий Карпов әлем чемпионы атағын ғана қорғап қалмай, СССР-дың беделін қорғап, идеология жағынан үлкен жеңіске де жеткен болатын.

Сонымен, СССР-дың қас жауы Корчной кім еді, соған тоқталайын. Виктор Корчной 1931 жылы Ленинград қаласында дүниеге келді, сондағы блокаданы басынан өткерді. Шахмат ойнауды әкесінен үйренген ол пионерлер сарайындағы шахмат үйірмесіне қатысып үлкен жетістіктерге жетеді. 1945 жылы 1-разрядты қорғаған ол, 1947 жылы СССР-дегі жасөспірімдер арасында чемпион болды. 1951 жылы СССР чемпионатында 6-орынға ие болады. 1956 жылы ФИДЕ шешімімен гроссмейстер атағы берілді.

Корчной 25 жасында гроссмейстер атағын алғасын әлем чемпионы болғысы келді, оған жету үшін мүйізі қарағайдай совет гроссмейстерлерін жеңу керек еді. Бірақ жолы болмады. 1968 жылы Борис Спасскийден, 1971 жылы Тигран Перосяннан жеңіліп қалды.

1974 жылы әлем чемпионы Роберт Фишермен кездесу үшін отандасы Анатолий Карповты жеңу керек еді, одан да жеңіліп қалады. Келесі жылы Фишер Карповпен кездесуден бас тартып, Карпов әлем чемпионы болды.

Карповтан жеңіліп қалған соң, Югославияның «ТАНЮГ» агенттігінің журналисіне берген сұхбатында Корчной: «Мен қарсыласымнан ұтылғаным рас, бірақ мен талант жағынан Карповтан артықпын, оның шахматтық арсеналы жұтаң. Мен қарсыласымнан жарқын болашақ көріп тұрғаным жоқ» деген болатын. Осы сұхбатты «Советский спорт» газеті көшіріп жариялаған соң, «қызықтың көкесі» басталды. Миллиондаған газет оқырманы бар басылымға ашу-ызаға толы наразы хаттар келе бастады. Оқырмандардың пікірі әр нөмер сайын «Не, спортивно, гроссмейстер!» деген айдармен жарияланып тұрды.

Оқырмандардың пікіріне билік те құлақ асып, СССР спорт комитеті Корчнойды 1 жылға турнирге қатысуына тыйым салып, гроссмейстерлік 300 сом стипендиясын 200 сомға түсірді.

1977 жылы Амстердамда өтетін халықаралық шахмат турниріне қатысуға барған Виктор Корчной саяси баспана сұрап сол жақта қалып қойды. Бұл жақта да идеологиялық науқан басталды, советтік 30 гроссмейстер қол қойып айыптаған Ашық хат жарияланды. Корчнойдың әйелі мен ұлына шетелге шығуға рұқсат берілмеді. Баласы институттан шығарылды, армияға шақырылғанда наразылық ретінде бас тартқаны үшін 2,5 жылға сотталды. Корчной да жүрген жерінде журналистерге СССР-дегі адам құқы тапталып жатқанын айтудан жалықпады. Советтік барлау органдары шпиондық әрекетін анықтағасын СССР-ден қуылған шетел азаматшасы Петра Левеерок Корчнойды өзі іздеп барып, көңілдері жарасып, әсерлеп айтқанда «ығай мен сығай қосылып», антисоветтік жұмысты бірге жүргізді. Әлем чемпионы болу үшін кездескен үміткерлердің барлығын жеңген Корчной Карповпен 1978 жылы Москвада кездесті.

Кездесу бүкіл әлем назарында болды, 21 партияда тең түскен екі гроссмейстер 5:5 есебімен соңғы партияны ойнайтын болды. Сол кезде барлығымыз не болады екен деп, асыға күттік. Нәтижесінде Корчнойдан 20 жас кіші Анатолий Карпов жеңіп, есеп 5:6 болды, Брежнев сол күні Карповты «Ленин» орденімен марапаттағаны туралы Жарлыққа қол қойды. (Тапсыру сәті фотода).

Жеңілген жұдырыққа тоймайды дегендей, шахматтан әлем чемпионы атағын Карповтан қайтарып алу үшін, жолындағы қарсыластарын жеңіп, тағы да 1981 жылы Карповпен шахмат тақтасында кездесті.

Бұл жолы Карпов өзінің мықты шахматшы екендігін тағы да дәлелдеді, алғашқы 4 партияда Корчнойды 3:0 есебімен ұтып алға шықты, 10 партияны тең ойнап, 2:6 есебімен ұтты. Корчной ұтылғандығын КГБ-ге жауып, залға гипнозшыларды отырғызып қойды, қонақүйдегі бөлмеме белгісіз біреулер келіп көзіме баллонмен у шашты, т.б. айыптаулар айтқанмен ол негізсіз еді.

СССР-дегі жариялылық пен демократияға байланысты президент М.Горбачев кезінде СССР азаматығынан айырған 33 адамға рақымшылық жариялап, ел азаматтығын қайтарды. Тізім бойынша №1 Солженицин тұрса, №18 болып Корчной тұрды. Солженицин елге қайтып келгенмен, Корчной келмеймін деп мәлімдеме жасады.

Корчной соңғы рет шахмат ойнап, Швейцария чемпионы атағын қорғап қалды. 2016 жылы 6 шілдеде 65 жасында қайтыс болды. Әйелі мен баласына елден кетуге 1982 жылы рұқсат берді, екеуі Израйльге кеткенін білемін, одан кейінгі тағдыры белгісіз…

Бақытжан Абдул-Түменбай,

тарихшы, журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: