Мойнақ атамыз 18-ғасырда Кіші жүз ханы Әбілхайырмен, кейін Нұралы Сұлтанмен тұстас өмір сүрген. Қазақтың ішкі және сыртқы саясатында ізі қалған. Қалмақтармен соғыста мыңбасы болып, шайқасқа араласқан батыр әрі би бабамыз. Оның дәлелі, тарихи әдебиеттерде Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында, Аманбай Құлтілеуовтың «Ұрпаққа ұран Бақтыбай» атты романында, Өмірзақ Ахметовтың «Кіші жүз шежіресі» атты кітабында жазылған. «Бабамыз Әбілхайыр ханның биі әрі сенімді көмекшісі болған». Орыс патшайымы Елизавета ханымнан Тевкелев (қазақтар Теуіпкел деп атаған) солдаттарымен Әбілхайыр ханның ордасына елшілікке келеді. Ел арасындағы қайшылықтар орыс әскеріне қауіп төндіреді. Әбілхайыр хан елшіні қорғауды Мойнақ биге тапсырады. Бір жарым жыл бойы хан ордасына жақын Мойнақ бидің ауылында жатып жазған Тевкелевтің күнделігінде Мойнақ биді айрықша құрметпен атаған. Кейін ізіне әскерін ертіп, Ор қаласына дейін шығарып салғанда, Мойнақ би орыстың сеніміне кіріп, қазаққа Әбілхайыр хан болып кетпесін деген, оның іштарлық пен қызғанышын біліп, орыс елшісі мен әскерін өлтіріп, орыспен жауласу мақсатында жасалған жұмыстарының жолын кесіп, бейбітшілікке үндеген атамыз болатын. Ол кезде жоңғарды (қалмақ) жеңгенмен, біраз жерінен айырылып, елі-жері тоналған қазақтардың орыстарға арқа сүйеп, тіктелмеске амалы жоқ болатын. Ал, Әбілхайырдың орысқа жерін жоғалтпай, бас игісі келген тұсы осы болатын. Тең күйде, тең саясат ұстай отырып, ынтымақтасуды қалайды. Бұны басқа жүздің сұлтандары өзінше түсініп, қарсылық жасаған. Хандар мен сұлтандардың арасына жік салып, қырқыстыру орыс саясатының дегеніне әкеліп соқты.
1748 жылдың 5 қазанында Орта жүз және Кіші жүз билері мен батырларының Нұралы сұлтанды Орта және Кіші жүз қазақтарына хан етіп сайлау жайлы Елизавета ханымға жолдаған хатында 34 бидің мөрінің таңбасы басылған. Сол билердің ішінде Шекті руынан (Жаманақ) Бапы би, Бақтыбай би, Мөңке би, Айдарлы би, Есенбай би, Мойнақ би, Мәметек би, т.б. билердің мөр таңбасы бар екен. Жоңғарлармен ғасырға жуық шайқастан кейін, қазақтың жері тарылып, малға жайылымдық жер қалмапты. Біраз өңір орыстарда қалып, Ташкент, Самарханд елі өзбектердің қарауына өткен. Қазақтың билері ойласа келе, Кіші жүзді сонау Маңғыстау өңіріне көшіруді ойластырады. Алғашқы көш 12 ата Байұлы тайпасы түрікмендерді ығыстыра отырып, Маңғыстау, Атырау өңіріне қоныстанады.
Түрікмендер алғаш келіп, кепе қазып, қоныс тепкен қазақтарды мың қышылақ (қыстау) деп атап кетіпті. Кейін мың қыстау, Маңғыстау атауы осылай қалған деседі.
Екінші көш – Алты ата, Әлім тайпасы Сыр өзенінің төменгі ағысындағы қарақалпақтарды ығыстырып, қоныс теуіпті.
Үшінші көш – Жетіру қырды жайлап, орын теуіпті. Екінші лекпен көшкен Әлім тайпасына Құрманай Ашабайды хан сайлап, Мойнақ, Киікбай батырларды мыңбасы етіп, елді орналастырыпты («Алты Ата Әлім»). Сол кезде Сырдың төменгі ағысы Қожамберлі руына тиісті болыпты. Дарияның оң жағына Рай мен Тілекені, сол жағына Мойнақ, Құлеке, Бала Қожамбердінің ұрпақтарын орналастырыпты. Бабамыздың көрегенділігінің арқасында халық дариядан арық қазып, бидай, т.б. дақылдар егіп, балығын аулап, ашаршылықта үдере көшкен басқа ағайындарға да қамқор болған, кеңқолтық Асандар барлық қазақ өлкесіне таныс. Дариядан тартылған Мойнақ арығының ізі бүгінгі күнге дейін бар. Сонау ашаршылық (1932) жылдары Сырға қоныс аударған Қарамашақ (Төртқара) руының ұрпағы күні бүгінге дейін арамызда. Қыз алысып, қыз берісіп, құда-жекжат болып араласып жатырмыз.
Кішкене атамыздың алты баласынан (Жиеней, Жолшара, Асан, Үсен, Құрманай, Құттық) өсіп-нген ұрпақтар, бірнеше аталықтан тұратын руларды құрап, алты кішкене атанған. Осы аталықтар өздерімен туыстас аз аталықтарды біріктіріп, шектінің кіші аталығы делініп жүрген деректер де бар. Атамыздың ұрпақтарының арасында білекті де жүректі батырлар, дуалы сөздерімен дауды шешкен билері де аз болмаған. Олардың ішінде Жанқожа батыр, Бекарыстан би, тағы басқа халқымызға белгілі тұлғалары баршылық. Алайда, ғасырлар қойнауында қалып, тарих сахнасынан шығып қалғандары да аз емес. Көзі ашық, көкірегі ояу аталарымыз бен әкелеріміз сталиндік қуғын-сүргінге ұшырады. Енді бірі Отан соғысында опат болып, бабаларының ерліктері жайлы естігендерін өздерімен бірге бақилыққа ала кетті. Тірілері Асан атамыздың ұрпақтарының Кеңес үкіметіне қарсы көтерілісінен кейін көлеңкесінен қорқатын халге жетті. Осылайша, бабаларымыздың еліне сінген еңбегі мен жауды қайырған қаһарман ерліктері жайлы әңгімелер ұрпақ санасына жетпек түгілі, жеті атамызды білмей, жетесіз атана жаздағанымыз шындық. Шүкір, егеменді ел болғалы өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді дегендей, өткен тарихымызға қайта үңіліп, батыр бабаларымыз бен абыз билерімізді түгендей бастадық.
Заманында елі ерлігін бағалап, батыр атаған, дуалы сөзімен төрелік айтып, төрге озып, би болған, кейін ғасырлар қойнауында шаң басып, ұмытыла бастаған аталарымыздың бірі – Мойнақ батыр. Біз де, осы кісі жайлы естігенімізбен кейбір деректерді баяндап, пікір білдіргенді жөн көрдік.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Мойнақ атамыз – 18-ғасырда дүниеге келіп, сол ғасырдың 80-жылдарына дейін өмір сүрген адам.
Шохан Уәлиханов 18-ғасыр «ерлік ғасыры» деп тегін айтпаған. Бұл ғасыр шын мәнінде аталарымыздың елі мен жері үшін қан майданда жауларымен жұлқысып, кеуделерін бастырмаған ерлік ғасыры болатын. Мойнақ атамыз да осы қым-қуыт заманда туып, ерте есейіп, жастай қару ұстап, жауға қарсы шапқан кісі. Әбілхайыр ханмен үнемі ақылдасып отыратын, хан ісіне араласатын Есет, Бөгенбай батырлармен үзеңгілес екені жоғарыда айтылды.
Әбілхайыр ханның атағын асырған, Аңырақай, Бұланты, Жайық боиындағы шайқастарда Есет, Бөгенбай, Бақтыбай сынды батырлармен үзеңгілес болған. Мойнақ атамыздың бұл шайқастардан сырт қалуы мүмкін емес. Осы шайқастарда үзеңгілестермен бірге талай ойраттар мен перғауыт қалмақтардың басын шауып, ерлігімен көзге түсіп, батыр деген сөзді атына қосақтап, «Мойнақ батыр» атанғаны сөзсіз. Атамыз елі мен жерін жауларынан қорғау жолында ат үстінен түспеген қолбасшы, хан ісіне араласқан саясаткер. Елін ізіне ертіп, дуалы сөзімен дауды шешкен би болып, өмірден озған тарихи тұлға. Атамыз үш әйел алған адам. Үш шешемізден тараған ұрпақтар өздерін Қожамбердінің Мойнағымыз дейді.
Бәйбішесі Асылдан – Ерназар, жалғыз. Екінші ейелі Құттыбикеден (түрікмен қызы) – Өтеулі, Тілеулі, Байназ туған. Үшінші әйелі Кенжебикеден (қарақалпақ қызы) – Бадай, Таймас туған.
Осы ұрпақтарының ішінен Мойнақ атамыздай болмағанмен, оған жетеғабыл болып, ел ісінен араласқандары көп болған. Олардың арасынан халықтың есінде қалғандарын атасақ: Мойнақ бидің екінші әйелі Құттыбике анамыздан туған Тілеуліден – Құлет, Бекет, Боташ атты үш бала болған.
Құлет атамыз рудың бетке ұстары болып, ағайын арасында дау-шар болған жағдайда, жақтар оған жүгінетін болған. Бұған қоса, Бекет атамыз сері болып, шаруаға онша илікпегендіктен, туыстарының шаруашылық ауыртпалықтары да Құлет атамыздың мойнында болған. Боташ інісі ат жалын тартып мінгеннен бастап, ағасы Құлетке көмектесе бастағаннан кейін, Құлеттің сан түрлі шаруадан мойыны босай бастаған. Осыдан кейін халық арасында «Боташ өскесін, Құлеттің қолы ұзарады» деген сөз қалған. Бұны осы күнге дейін көнекөз қариялар айтып жүр.
Боташ атамыз ел ісіне ерте араласқан. Алғырлығымен, әділдігімен көзге түскен оны халық қолдап, бірнеше мерзімге болыстыққа сайлаған.
Боташтан кейін оның баласы Суханберді атамызды халықтың қалауымен болыс сайлаған. Ол болыс болып тұрған кезінде халықтың жағдайына көп көңіл бөлген. Дариядан ауылға дейін арық қаздырып су әкеліп, халықтың егіншілікпен тұрақты айналысуының негізін қалаған. Елдің ықыласына бөленген ол бірнеше рет болыстыққа сайланып, қызметін Совет өкіметі орнағанға дейін атқарған.
Суханберді атамыздың баласы Сейілхан ағамыз Совет өкіметінің байларды «кәмпескелеу» науқанында аты-жөнін өзгертіп (Аязбаев Шорахан), Ташкентке өтіп кеткен. Ол жақта басшылық қызметте болып, кейін Сталин қайтыс болғаннан кейін, Қызылорда облысының Шиелі ауданына көшіп келген. Алғырлығымен көзге түскен оны аудан басшылығы бірнеше шаруашылықты басқаруға жіберген. Соңғы уақытында Шиелі ауданының «Гигант» колхозының төрағасы қызметінен зейнетке шыққан. Зейнеттен кейін, Алматы қаласына қоныс аударған. Қазір ұрпақтары сонда тұрады.
Бекет атамыздың баласы Қияша (Қияс) да Қожамберді руының басшысы болды, ру ішіндегі мәселелерді шешіп отырды. «Бұра тартқан» інілерін ақ таяқпен «қайырмалап» отырды. Осы жерде бала кезімдегі бір оқиға есіме түседі. Қияша атамыз менің әкем Нағыманға үйімнің пешін салып бер деп тапсырған. Әкем қолым тимейді деп сылтауратып, пешті салмаған. Қияша атамыз әкемді шақырып алып, неге пешті салмадың деп, қолындағы ақ таяғымен әкемнің басынан салып қалыпты. Басы жарылған әкем үлкен шешеміз Жамалға келіп, киіз күйдіріп, жарасын таңғызып, қайтадан Қияша атамыздың үйінің пешін салып беріп, құтылыпты. Мен сол кездегі аға-інілік, кішіпейілдікке таң қаламын. Бұның өзі кейінгі ұрпаққа тәрбие болуы тиіс.
Бекет атамыздың Сайымының баласы Жәмет (Жамаладин) әкеміз – атақты шайыр Нұртуғанның жиені. Жастайынан Нұртуғанның тәрбиесін көрген, оның термелерін өз мақамымен жырлап, Арал, Қазалы өңіріне «Жәмет жырау» деген атпен болған. Қазіргі кезде Нұртуғанның кейбір термелері Жәмет жыраудың мақамымен орындалып жүр.
Мойнақ атамыздың ұрпақтарынан діни қайраткерлер де көптен саналады. Байназдың Жайлаубайынан туған Боранбай халықты имандылыққа үндеген, терең діни білімінің арқасында «ишандық» дәрежеге дейін жеткен. Оның баласы Сәли де молла болған.
Тілеулі Басықарадан туған Жолымбеттің баласы Әбдіхалық құранды жатқа оқитын «қари»дәрежесіне жеткен.
Тілеулі Жанділдадан туған Есқара баласы Дабыл молла, Ербоз баласы Тоққожа молла (кейіннен сопы болған), Құлет баласы Жақыптың балалары Қали, Асқар, Сқақ моллалар, Тілеулі Байболдың Шолағынан туған Нұрман баласы Есіркеп ұлы Нағыман молла, Пәшәй Өжібайдың Тұрсынбайынан туған Тілеуберген баласы Балтабай моллалар Совет өкіметінің «дін – апиын» деген кезеңінің өзінде де ислами парыздарынан бас тартпаған, халыққа діни насихат айтатын ыңғайлы сәттерді ұтымды пайдаланып отырған.
Енді Мойнақ бидің өз заманымыздағы ұрпақтарына келсек, олардың арасында да ел аузына іліккен азаматтар аз емес.
Олардың қатарында алдымен Таймастан Әбдіқұлов Жанұзақ ағамызды атауға болады. Ол сирек кездесетін мамандық суретшілікті таңдап, сол салада республикалық қайраткер дәрежесіне дейін жетті. Республиканың бас басылымы «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан») еңбек етіп, зейнетке шыққан.
Тілеулі Байболдың Шолағының баласы Нұрманнан туған Жақсыбай ұлы Айғабыл Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінде ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Өтеулі Төрежанның Оралбайының баласы Ұзақ ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты болып, облыс көлемінде ауыл шаруашылығының білікті маманы болды. Бірнеше жыл Қазалы ауданының шаруашылықтарында совхоз директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, әрі аудан әкімінің бірінші орынбасары, өмірінің соңына дейін облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
Тілеулі Құлетұлы Жақыптың баласы Сқақтан туған Жақыпов Мұхиядин Сқақұлы заң саласында ұзақ жыл қызмет етіп, абыройға бөленді. Ол облыстың прокуратура органында, Байқоңыр қаласының Әділет басқармасында басшы болды. Кейінгі он жылдықта Қазалы аудандық сотының судьясы қызметінен зейнетке шықты.
Жәмет Сайымұлының баласы Абай Жәметұлы – ауылдағы сыйлы, бір сөзді азаматтардың бірі. Ұрпақтары өскен-өнген, үлгілі отбасылардың бірі.
Осы ағалардың ізін қуып, естелікті зерттеп, қағазға түсірген мен, Базарбай Нағыманұлы, Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандары мен Байқоңыр қаласында сауда саласында басшы қызметтер атқардым.
Мойнақ би бабамыздың аруағы баршамызды желеп-жебеп жүрсін!
Базарбай Нағыманов,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
«Нағыман и К» ЖШС-нің директоры.
Байқоңыр қаласы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!