Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Есірткіге еліткендер көбейіп тұр

03.11.2021, 17:15 452

HALYQLINE.KZ

Қазіргі күні елімізде есірткі айналымы мәселесі өршіп тұр. Есірткіге елітіп, жаңсақ жолға тап болғандардың арасында жасөспірімдер де жеткілікті. Қызылордада аса ірі көлемді синтетикалық «меткатинон», «мефедрон» есірткі заттарын жасырын таратып жүргендер де анықталуда. Республика көлемінде есірткіні анықтау бойынша 8-орынға табан тіреп тұрмыз. Есірткіге құмарлықтың әсері неде? Үй ауласында есірткі өндіру кәсіпке айналған ба?

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Еркін Тұңғышбай мәлімдеді.

  • 2021 жылдың 10 айында барлығы 169 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың – 10, есірткі сатудың – 22, есірткі өсірудің – 41, есірткі жарнамалаудың – 2, есірткі тұтыну үшін притон ұйымдастырудың 1 дерегі және есірткімен байланысты қылмыстық теріс қылықтардың 90 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы 143 кг 38 гр есірткі заты тәркіленсе, оның 352 грамы – синтетикалық есірткі құралы, – дейді басқарма басшысы.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында атқарылған іс-шаралар нәтижесінде есірткіні насихаттау және жарнамалаудың 2 дерегі анықталыпты. Қызылорда қаласының 20 жастағы тұрғыны 110 жерге жазылған граффити суреттері үшін ұсталған. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткіні Қызылорда қаласында тарату деректерін анықтау мақсатында департаменттің әртүрлі қызмет салаларының қызметкерлері қала көлемінде рейдтік іс-шаралар жүргізіп, облыс орталығында синтетикалық есірткі жасырылған 75 нүкте нақтыланып, олар бойынша 3 қылмыстық теріс қылық анықталса, 72 дерегі бойынша сараптама тағайындалған.

  • 2021 жылдың 1 маусым – 30 қазан аралығында республика аумағында өткізілген кең ауқымды «Қарасора-2021» арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде есірткі өсірудің 41 дерегі анықталса, оның 16 дерегі далалық аймақтан, 25 дерегі үй ауласы, саяжайдан табылды. Есірткі өсіргені үшін барлығы 52 тұлға ұсталса, оның 30-ы қамауға  алынды. Оқиға орнынан барлығы 14 мың түптен асатын сора өсімдігі жойылды, – дейді Еркін Қаржаубайұлы.

Айта кетейік, жақында ғана қалалық полиция басқармасы басшысының есірткі саудасына қатысы бар деген ақпарат шығып, артынша облыстық полиция департаменті оны жалған ақпарат деп дабыл қаққан болатын. Дей тұрғанмен, полиция қызметкерлерінің есірткі саудасымен сыбайлас болып ұсталғанын көріп жүрміз. Алайда осы мәселе төңірегіндегі сауалға есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы «ол менің құзырыма қарамайды» деп басын аулақ салды. Ал бұл ақпарат туралы облыстық полиция департаменті:

  • Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы Н.Ағаділовке қатысты жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол кезекті еңбек демалысында, бүгінгі күнге оған қатысты қандай да бір процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылмаған. Бұл тұрғыда жалған ақпараттың таратылмау мақсатында журналистерге ресми нақты деректерге сүйену қажеттігі сұралады. Азаматтарды тек қана мемлекеттік органдардың ресми ақпараттарына сүйеніп, жалған ақпараттарды таратпауын сұраймыз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеміз, – деп мәлімдеме таратты.

Жан-жаққа жалтақтап жүргенде есірткі тұтынушылардың саны көбеюде. Телеграм желісі арқылы есірткі ұсыну жеңіл дейді сала мамандары. Ал сол желіден жыл басынан бері 3 топ қана анықталған. «Жылан жалағандай» ізін суытқанмен, түбінде құрыққа түсетіні белгілі. Елімізде кез келген тыйым салған заттармен әрекеттес болған адам құқық бұзушы деп танылып, қылмыстық кодекс аясында жазаланатынын ескертеміз. Алдағы уақытта мамандар қатаң бақылаулар жүргізеді деп сенеміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: