Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Берлинге жеткен барлаушы

19.03.2020, 10:15 674

Жылда Жеңіс мерекесі жақын­даған сайын сол қиын-қыстау кезеңде­ аталарымыз бен әкелері­міз­дің жан аямас ерліктері мен туған елге, Отанына деген патриоттық ынта-ықыласы көз алдымызға қайта оралады. Себебі сол соғыстың жаң­ғырығын халық әлі ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да. Биылғы жыл ерекше жыл, өйткені  Жеңіске 75 жыл толып отыр. Қан майданда, от пен оқтың, өмір мен өлімнің орта­сын­да  арпалысып,  бар  ауыртпалықты басына­н өткізген ата, ағалары­мыздың  ерлігін  ұрпақтары  ешқашан ұмытпақ емес, керісінше олардың ерен еңбектері жайлы естеліктер жылдан-жылға  қайталанып жал­ғасып  жатыр. Жеңіс мерекесіне  санау­лы күндер қалғанда біз де сұрапыл­ соғыста­  қан  төккен аға, әкелері­міздің басына барып, аруа­ғына  Құран оқып, дұға бағыштап еске  алып  отырамыз.­

Сондай тұлғаның бірі, өмір жолы жаста­рға өнеге боларлық Сералы аға­мыз еді. Сералы Бержанов 1922 жылы 15 тамызда Ақмешіт (қазіргі Қызыл­орда) қаласында дүниеге келген. Жастай­ әке-шешесінен айырылған ол 7 жасында қаладағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Кәмелеттік жасқа толып­, өмірге қадам басқанда жас Сералы­ қырғыз елінің Қызылқия қаласының маңындағы кен орнында шахтер болып жұмыс істейді. Екінші әлем соғысы басталған кезде әскерге шақырылып, байланыс-радист ма­манды­ғын игеріп қызмет етеді. Сералы­ Бержановқа және оның жолдастар­ына аса қауіпті де, жауапты тапсырмалар жүктеледі. Жау шебіне­н нақты деректер жинау, «тіл» әкелу жұмыстары міндеттелген. Осындай жауапты жұмыстарды бұл­жытпай орындағаны үшін ордендер мен медальдар және бірнеше алғыс­ алған. Көп ұзамай осындай ерліг­імен көзге түскен Сералының қызметі жоғары­лап, барлаушы-радист­ бөлі­мінің командирлігіне көтеріледі. Міне, осы қызметте ол Сталинград шайқасы, Курск доғасындағы қан­төгіс, Варшаваны азат ету ұрыстарына қатысып, жеңісті Берлинде қарсы алған. Сералы Бержановтың қызмет еткен радиостан­сасы бірінші болып Совет одағына Потсдам конферен­циясы жайлы хабард­ы таратыпты. Көптеген жауын­герлер соғыс біт­кеннен кейін еліне оралып бейбіт өмірге аралас­қан болса, Сералы жауын­герлік қызметін жалғастыруға мәжбүр болыпты. Соғы­стан кейін Батыс Украинаға жіберіліп, бан­дералықтармен со­ғысқан. Осылай соғыст­ан кейін тағы 5 жыл  әскерде  болып,  тек 1950 жылы желтоқсан айында­ қызметінен бо­сатылып,  елге  қайтады.

Соғыс кезінде көрсеткен ерен ерлікте­рі үшін алған медальдары мен марапаттарының тізімі жеткілікті: «Варшава қаласын азат еткені үшін», «Берлин қаласын алу кезіндегі ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысы кезінде (1941-1945) Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 25 және 30 жылдығы», Совет­ Армиясы мен Флотының 30, 50 және 60 жылдық медальдары. Соғыс біткен соң Батыс Украинадағы бандера­лықтармен шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін КСРО Қауіпсіздік министрл­ігінің грамотасымен және тағы да басқа көптеген медаль, мадақтаулармен марапатталған.

Сералы 1953 жылы Москваның жеңіл өнеркәсіп институтына түсіп, оны 1958 жылы бітіреді. Дипломын алған соң әйелімен екеуі Қырғызстанның Ош қаласына жіберіледі. Сонда қалалық тұрмыс ком­бина­ты­ның директоры болып ұзақ жыл жұмыс істейді. Елге 1964 жылы оралып,­ Қызылорда қаласындағы өнеркәсіп комбинатының бас инженері­ болып қызмет етеді. Соғыс жылда­рындағы, оған дейінгі бастан кешкен қиын-қыстау азапты бейнетті жылдар әсер етіп, денсаулығы сыр бере бастайды. Ұзақ науқастан кейін 1979 жылдың наурызында 57 жасында қайтыс  болды.

Сералы ағай жеңгеміз Сусарымен екеуі отау құрып, бес қыз өсіріп, білім беріп, өмірге қосты. Қыздары Роза, Гүлсара және Айсұлу жоғары білімді ұстаздар болды. Олардың шәкірттері өңіріміздің көптеген саласында еңбек етіп жүр. Қалған екі қызы Гүлнәр мен Сайра да мамандық иелері, барлығы үйлі-жайлы, балалы-шағалы. Сералы ағаның бүгінгі таңда төрт немересі, жеті шөбересі майдангердің өмірін жалғастырып келеді, ұрпақтары көбейе  бермек.

Сералы ағайдың тегінен де сөз қозғасам, Сәкең жаппастың Сарыаяқ руынан, менің әкем Орынбасардан біраз жас кішілігі бар. Айтайын дегені­м, әкемнің Сералы ағаймен қарым-қатынасы, сыйластығы өте зор болатын, мен – соның куәгерімін. Сералы аға науқастанып жатқанда әкемнің айтуымен екеуміз көңілін сұрауға үйіне бардық. Ағайдың үйі қазіргі «Киім» дүкенінің маңында, Амангелді көшесінің аяғында төр­тінші қабатта екен. Екі ақсақал бірден қызу ұзақ әңгімеге кірісіп кетті. Көптеген есте қалған ортақ әңгімелерді айтып, жақсы көңілді отырыс болды. Сонда байқағаным, бұл кісілер бір-бірімен өте тығыз байланыста, талай қызықты оқиғаларды бірге бастан кешкен, өмірдің ащы-тұщысын татқандар болып шықты. Сералы ағайдың жұмсақ мінезді сырбаз,­ аспай-саспай сөйлейтін мәдениеттілігі мен сауаттылығы қандай­ істі болмасын қолға аларда оны асықпай ойланып шешетін ақылды адам екенін аңғардым. Ел ішінде сый-құрметке, абыройға ие екендігі Сәкеңді соңғы сапарға шығарып­ салған кезде көрінді.

«Орнында бар оңалар» дегендей, ағайдың отбасымен, қыздарымен қарым-қатынасымыз үзілген емес. Үлкен қызы Роза менің ұлдарымды оқытып тәрбиеледі. Мұның өзі біздің туысқандық арамызды бұрынғыдан да жақындата түсті.

Сөз соңында айтарым, біз Сералы ағайдың іні-қарындастары, қыздары мен немерелері, шөберелері Сәкең­нің өткен өмір жолын өнеге тұтамыз. Бұл кісінің еліне аянбай еткен қызметі, ағайын-туған, жекжат, дос-жаран­дар арасындағы сый-құрметке бөленген тұлға екендігін мақтанышпен айтып еске алып отырамыз.

Амангелді  Дәрменбаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: