Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жанқожа батыр» жинағының тұсауы кесілді

07.10.2021, 15:10 444

Ұлттық руханиятқа деген сұраныстың төмендеп, ақпараттық технологияның тасасында қалып бара жатқан заманда жанкештілікпен өрелі өнерді мұрат тұтып, түпкі міндеттен басын алып қашпай, мұрамызды жинақтау жолында еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Солардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Кәрібозұлы. 2019-2022 жылдар аралығында үш кезеңнен тұратын «Сыр өңірі фольклоры антологиясы» атты үш томдық жинағын шығару жоспарланған болатын. Міне, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білім алушылары мен зерттеушілерге, мектеп оқушыларына, фольклорлық мұраны қастер тұтатын қалың оқырманға арналған «Сыр өңірі фольклорлық антологиясының» І томы «Жанқожа батыр» жинағының тұсаукесер рәсімі Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткізілді.

Елбасымыз «Алаштың Анасы» атаған Сыр өңірі – дана Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейлері Балқы Базар, Тұрмағамбет, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары және т.б. шайырлардың, ақындар Әбділда мен Нартайдың, көрнекті жазушылар Әбдіжәміл мен Қалтайдың және басқа да ардақты, дарынды перзенттердің туған топырағы. Бұл – бабалар мұрасын дәріптей алатын, азаттық туын, тәуелсіздік байрағын жоғары ұстаған өңір. Сыр елі қашаннан ақын-жыршылардан кенде болмаған. «Сыр сүлейлері» деген сөз тіркесінің қалыптасуына тікелей осы өнердің әсері бар. Аталмыш еңбектің біздің өңірде таныстырылуының да мәні осында болса керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың фольклорлық антологиясын» жасау мәселесін күн тәртібіне қойды. Назардан тыс қалған талай аңыз-әңгімелер, шежірелер, эпостар мен дастандар ел ішінде көп. 100 томдық фольклорлық антология шығару деген әлемнің бір елінде жоқ. Тек қана қазақта бар. Сондықтан қазақтың ауызша әдебиеті деген сөз, ол «фольклор» деген ұғымға сия бермеуі ғажап емес. Әлі де зерттейтін көп мәселелер бар. Қазақтың ауыз әдебиетінің өзіне тән ерекше спецификалық ерекшелігі бар екенін оқырман ескеруі қажет. Аңыз бен әңгімелерді екінші томға жинап жатырмыз. Қалай болғанда халықтың өзінің дүниесін өзіңе беру керек, – деді жоба жетекшісі Бағдат Кәрібозұлы.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған тың тартудың тұсаукесерінде Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев сөз сөйледі. «Жанқожа батыр» жинағының тұсау кесу құрметі Асқарбек Темірбекұлы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уайсқа берілді.

 «Сыр өңірі фольклоры антологиясының» І томында Жанқожа батырға арналған тарихи жырлардың таңдаулы нұсқалары топтастырылды. Атап айтар болсақ, Мұсабай жырау нұсқасы, Лұқпан Кенжеұлы нұсқасы, Қарман Сұлтанұлы нұсқасы, Жөкей Шаңғытбайұлы нұсқасы, Белгісіз нұсқа, Орнықбай Сұлтанов нұсқасы. Бұрын-соңды бұл нұсқалар баспа бетін көрмеген шығармалар.

Зерттеушілердің рухани мұрамыздың етек-жеңін жинақтап, ғылыми жүйеге түсіріп, келешек ұрпаққа тиянақ боларлық мол мағлұмат кешенін қалыптастыра алған еңбегіне басымызды иеміз. Атадан балаға, баладан ұрпаққа жетіп отырған мұраның құндылығы орасан зор. Жастарды, білім алушыларды  жақсылыққа, адамгершілікке, Отаншылдыққа баулитын қымбат қазына, рухани азық екенін, сонымен бірге біздер үшін тәрбиелік мән-мағынасының да зор екендігін ұғынғандаймыз. Мәңгілік мұраны қадірлей білетін азаматтар барда ұлтымыздың рухани байлығы таусылмақ емес.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: