Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімдердің әнтек әрекеті

30.09.2021, 11:00 632

Қазалы ауданы Қызылқұм ауылының әкімі О.Мүсілім әлеуметтік желіде пікір білдіремін деп басы дауға  қалды. Ал Арал ауданы Райым ауылдық округінің әкімі  У.Карауымбетов көлік жүргізуге құқығы жоқ бола тұра, қызметтік көлікті басқарған. Әкімдердің әнтек әрекетіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері  агенттігінің Қызылорда облысындағы әдеп кеңесінде талдау жаса­лып, шешім  шығарылды. Сонымен олардың бұндай  әрекет­терінің  астарында  не  жатыр  екен?

2021 жылғы 28 шілдеде «Facebook» әлеуметтік желісінің пайдаланушысы Жанабек Жүсіп өзінің парақшасында Арал ауданы Райым ауылдық округі­нің әкімі У.Карауымбетовтің автокөлікті басқару­ға құқығы жоқ бола тұра, қызметтік авто­көлікті басқарғандығы туралы сыни пікірін жариялайды. Қоғамдық резонанс тудырған оқиғадан соң ауыл әкімінің  жүргізуші  куәлігінің  шын  мәнінде  бар  немесе жоқтығы туралы мәліметтер іздестіріледі. Зерттеу нәтижесінде куәлігі болмағандығы анықталып, 58340 теңге айыппұл салынады. Десе де, осы сәтте ол уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы анық­тама  алып,  Ақтөбе қаласынан жүргізуші куәлігін алады. Бірақ, медициналық анықтама бойынша ем-дом алма­ған.  Өз   түсініктемесінде  У.Карауымбетов:

– Автокөлікті жүргізгенім рас, көлік жүргізушісі ақысы сақталмайтын еңбек демалысында болған кезде жүргіздім. Себебі, ауданда төтенше жағдай жария­ланды, жұмыс орнымда сақталатын канал (арық) құжатт­арын  шұғыл  сұратып, осы  құжаттарды  жібе­ру үшін барған болатынмын. Осы құқықбұзушылық бойынша маған әкімшілік хаттама толтырылып, айыпп­ұл салынды. Айыппұлды төледім. Бұдан бөлек, денсаулығым сыр беріп, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын аштырып, Ақтөбе қаласына денсаулы­ғымды көрсету үшін барып, қолым босаған кезде АвтоЦонда емтихан  тапсырып, автокөлікті басқаруға құқық бере­тін  куәлік алдым, – дейді.

Әдеп жөніндегі кеңесте У.Карауымбетов кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді. Ал Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов оның мемлекеттік қызметші ретінде жақсы кадр, артық қылығының жоқ екендігін және онкологиялық аурумен ауыратындығын, денсаулығына байланысты ақаулардың шын мәнінде бар екендігін растады. Сондай-ақ, әкімге қатысты бұндай шаралар қастасып жүрген кейбір адамдардың қитұрқы әрекеттерінен туындап отырған оқиға екендігін тілге тиек етті. Кеңес ауыл әкіміне сөгіс береміз деп шешім шығарды.

26 тамызда «DALANEWS.KZ» ақ­параттық агенттігіне саясаттанушы Досым Сәтпаев «Мемлекетшілдік? Билікке кілең мансапқұмарлар барып жатыр» деген тақырыпта сұхбат берген.  Онда  ол:

– КСРО-ның қирауы мен қазіргі Қазақ­стан билігі жүргізіп отырған сая­саттың арасы ұқсас. Коммунистік партия қатарына өткен миллиондаған белсендінің бәрі шетінен мансапқор еді, олар партия қатарына қосылуды баспалдақпен жоғары өрлейтін мүмкіндік ретінде қарастырды, оның идеология­лық бағытына бас қатырған жоқ. Байқасаңыз, Қазақстанда да осыған ұқсас тренд қалыптасқан. Билікке мемлекетшілдер емес, атаққұмар, лақап­құмарлар барып жатыр. Өйткені біз сөз еткен мансапқұмарлардың бойында мәселені шешуге деген талпыныс, ынта-ықылас атымен жоқ. Олардың есіл-дерті – мансапқа ұмтылу, бір қыз­меттен бір қызметке қарғу, мақсаты да, мұраты да – осы. Билік мұндайларға қалай арқа сүйейтіні белгісіз, – депті. Аталған сұхбат «DALANEWS.KZ» ақпараттық агенттігінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланып, оған Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылдық округінің әкімі О.Мүсілім  былай  деп пікір (комментарий)  қалдырады:

– Дипломды  сырттай оқып алған соң, жұмысқа тамыр-таныс немесе пара арқылы тұрып алған соң жағымпазданып көтерілмегенде қайтеді? Тағы көп қазақтарда мінез жоқ, жалған  патриотизм.

Осыдан соң «Facebook» әлеуметтік желісінің қолданушысы Динара Дастенова өзінің парақшасында «О.Мүсілімнің оппозицияны қолдап, билікке өкпесі бар секілді» деп сыни пікірін білдірген. Өз кезегінде, Динара Дастенованың жазбасына О.Мүсілім жазба қалдырып, өзінің жеке ойы екендігін, мемлекетке деген көзқарасы  еместігін  білдірген.

– Досым Сәтпаевтың сұхбатына ауданымыздың әлеуметтік желіні белсенді қолданушылары түрлі пікірлер қалдырғанын қарап отырып, ішінде жұмыс барысында кездескен тұлғалар пікір қалдырыпты, сол пікірлерді оқып отырып, сол кісілерге бағыттап эмоцияға беріліп пікірімді қалдырдым. Өз кезегінде Динара Дастенова мен қалдырған пікірді скриншоттап өз парақшасында жариялап, қоғамның талқылауына салған. Билікті сынауға құқығым да, ойым  да  жоқ,  –  дейді  О.Мүсілім.

Әдеп кеңесі барысында Қазалы ауда­ны, Қызылқұм ауылдық округінің әкімі О.Мүсілім іс-әрекеті мемлекеттік қызметшіге жат екендігін айтып, кінәсін толық мойындайтынын және алдағы уақытта қайталанбайтын­дығына уәде берді. Кеңес ескерту жаза­сына  ұсынуды  жөн  көрді.

Содан соң әдеп кодексі бұзушы­лықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстары туралы Шиелі ауданының әкімі Н.Мақұл­бековтың есебі тыңдалды. 2021 жылы Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 1 мемлекеттік қызметшіге тәр­тіптік  жаза  қолданылған.

Қызылорда облысының білім саласын­да сапаны қамтамасыз ету депар­таментінің әдеп жөніндегі уәкілі А.Абай­қызы саладағы кейбір шикіліктерді  атап  өтті.

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 5-тармағының 12-тармақшасында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабыл­дауға, мемлекеттік көрсе­тілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде толы­ғымен халықтың сұранысына бағдар ұстануға тиіс деп көрсетілген.  Дегенмен, аталған талаптар сақталмай, 2020 жылдың нау­рыз айында Департ­аменттің бас мама­ны  Ғ.Әкімтаев тарапынан «Білім беру қыз­мет­імен айналысуына лицензия беру» мемлекеттік қызметтің көрсетілу мерзімін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 465-бабының 1-бөлігі­мен 2 рет әкімшілік жауапкершілікке  тартылған, – деді  ол.

Бұндайда әдеп жөніндегі кеңес тек әділ шешім шығаруға тырысады. Бірақ мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе әкімдердің қисынсыз әрекеттері тастағы таңбадай ел есінде қалып қояды және қайда жүрсе де абырой­сыздықтары алдынан шығып тұрады. Сондықтан мемқызметшілер әрбір іс-әрекетіне, сөйлейтін сөзіне абай әрі мұқият  болуы  шарт.

Әйгерім   НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: