Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Москва Олимпиадасының көлеңкелі тұстары

29.09.2021, 14:45 510

HALYQLINE.KZ

ХХІІ жазғы Олимпиада ойындары Москвада 1980 жылдың 19 шілдесінде ашылып, СССР баспасөзі «өз дәрежесінде өтті» деп насихаттаса да, кезінде айтылмаған көлеңкелі тұстары жетерлік.

Ең басты қиыншылық спорт кешендерін салудан-ақ басталды. Сол кездегі СССР басшысы Л.Брежневке байланысты көптеген анекдоттар да осы Олимпиада-80-ге байланысты: Олимпиада басталар сәтте сөз сөйлеп ашпақшы болып: «О», сосын «О», тағы да «О» дей бергенде, көмекшісі: «Леонид Ильич, ол олимпиаданың 5 шығыршығы ғой, сөзіңіз сәл төменде» деп құлағына сыбырлайды. Бұл күлкілі болғанмен сол кездегі архив материалдарына қарағанда, Брежнев күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытуға тура келген.

КПСС Орталық Комитетінің хатшысы К.У.Черненко 1975 жылдың желтоқсанында Брежневке: «Олимпиаданы өткізуден осы кезден бастап бас тартқан дұрыс сияқты. Көп шығын кеткенмен қатар түрлі саяси жанжалдар шығуы мүмкін, идеологиялық жауларымыз ондай әрекетке баруға тырысып бағады», – дейді.

Олимпиададан бас тартып, бүкіл әлем алдында ұятқа қалғысы келмеген Брежнев ондай тәуекелге бармады. Олимпиада өткізу ел қазынасына өте қымбатқа түсті.

Біріншіден, сол кездегі КПСС-тің Саяси Бюросы шешімімен олимпиадаға қатысы жоқ құрылыстың барлығы тоқтатылды, бар қаржы «ғасыр құрылысы» атанған «Олимпиадалық деревняға» жұмылдырылды. Оған 100-ге жуық құрылыс нысаны кірді. Ең ірісі «Олимпиский» спорт кешені, Крылатскідегі суда жүзу кешені мен велотрек, «Измайлов» және «Космос» қонақүйлері, әуе лайнерлерін қабылдау үшін «Шереметьев-2» халықаралық терминал, баспасөз орталығы, «Останкино» телеорталығының жаңа ғимараты, Лужинкидағы стадион қайтадан жабдықталды, т.б.

Бастапқыда құрылыс жай жүрді. 1977 жылы 97 құрылыс нысанының тек 40-ғы ғана өз жұмысын бастады. Оған бөлінген қаржы да ашыған қамыр сияқты тез көтерілді. Есептелінген 356,5 млн сом орнына 1979 жылы спорт нысандарының сметалық құны 4 есеге көбейіп, 1 миллиард 457,9 млн сомға жетті. Құрылысшылар жетіспеді, армия қатарынан демобилизацияға шыққандар шақырылды. Балтық бойынан бастап Қиыр Шығысқа дейінгі аралық арасынан қомақты ақша тапқысы келетіндер Москваға ағылып келе бастады.

Кей нысандар салынып болғанмен, оған қажетті құрал-жабдықтар уақытылы жеткізілмеді.

Мысалы, стадиондағы төрелік ететін төрешілердің кабинасына қажетті аппаратура мен көрсеткіш табло қаржыға байланысты кеш жеткізілді. «Олимпиада-80» нысандарын салу құрылыс басқармасының бастығы В.Родиченко: «25 нысанға қажетті жабдықтар 1415 күнге кеш жеткізіліп, әйтуір үлгердік-ау» дейді.

Сол кезде капитализм мен социализм елдері арасында идеологиялық текетірес күшейіп тұрған кезі еді. Сол кездегі КГБ-нің шефі Ю.В.Андропов КПСС Орталық Комитетіне «Батыс барлау орындары мен шетелдік антисоветтік ұйымдардың «Олимпиада-80»-ге қарсы іс-әрекеттері» деген хатын жолдайды. Онда: «Біздің елге спорт делегация құрамында аудармашы, дәрігер, кеңесші т.б. мамандықтармен барлау орындарының тіміскі элементтері келуі мүмкін. Сондай-ақ стадиондарда халық алдыңда Қырым татарларының құқығын қорғау мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырылуы мүмкін» деп жазды.

Олимпиада күндерінде түрлі жарылыстар жасауға жол бермеу үшін КГБ мен МВД жанынан арнаулы олимпиадалық топтары құрылды.

Олимпиада басталар алдында Огарев №6 ғимаратына орналасқан СССР МВД-сінің ғимаратына 20-ға жуық «заңдастырылған ұрылар» шақырылып, олармен МВД министрі Н.Щелоков пен бірінші орынбасары Ю.Чурбанов (Галина Брежневаның күйеуі) сөйлесіп, оларға олимпиада кезінде өздерінің ықпалындағы аймақтарға бақылау жасау тапсырылды.

Олимпиада басталар алдында, Москвадағы жоғары оқу орнына абитуренттерді қабылдау уақыты кейінге шегерілді, соғыс басталған 1941 жылдың өзінде ЖОО-ның қабылдау уақыты өзгермеген болатын.

Мектеп оқушылары пионер лагеріне, студенттер «ССО-80» құрылыс отрядтарына жіберілді.

Сондай-ақ БОМЖ-дар, қайыршылар, жезөкшелер Москвадан 101 шақырымға күштеп жіберілді.

Олимпиада қызып тұрған 25 шілдеде белгілі актер, әнші әрі ақын, әрі сазгер Владимир Высоцкий ұйқыдан тұрмай қайтыс болып кетті. Билік ресми мойындамағандықтан соңғы сапарға шығарып салуға ешкім келмеді, тіпті қайтыс болғанын да хабарламады. «Америка дауысы» мен «Азаттық» радиосынан естіген шамамен 400 мыңдай адам ұлы ақынын соңғы сапарға шығарып салды, бейнетаспаға шетел операторлары түсірді. (Кейін сол бейнетаспаны өте қымбат бағамен сатып алуға тура келді).

Алайда, көптен күткен олимпиада жартылай бос қалған Москвада өз дәрежесінде өткен жоқ. Басты себеп 1979 жылы СССР өз әскерлерін Ауғанстанға енгізген болатын.

АКШ, Канада, Англия, Жапония, ФРГ, Түркия, т.б. капиталистік елдер Москва Олимпиадасына байкот жариялап келмей қалды.

Бұл науқанға атақты спортшылар қатысты, атақты боксшы Мұхаммед Әли АҚШ президентінің тапсырмасымен Африка материгіндегі 50 мемлекетті аралап, Москва Олимпиадасына қатыспауға үгіт-насихат жүргізді.

СССР-дің басты басылымы «Правда» газеті Мұхаммед Әлидің бұл сатқындығын айыптап сынға алды. Себебі, 1979 жылы Мұхаммед Әли Москваға келіп Л.И.Брежневпен кездесіп, оның қолынан «Кіші жер» кітабын алып тұрып М.Әли: «Менің өмірімдегі ең үлкен сыйлық – сіздің кітабыңыз» деген болатын. М.Әлиді совет идеологиясы Африкадағы қара түсті халықтардың бостандыққа ұмтылған басты қаһарманы ретінде насихаттады. Сөйткен Мұхаммед Әли бір сәтте-ақ СССР-дағы өзіне көрсетілген зор құрметті ұмытып кетті.

Шетелден келеді деп күтілген 150 мың адамның орнына 40 мыңы ғана келді. Капиталистік елдерден командалар келмегендіктен СССР командасы 80 алтын, 69 күміс, 46 қоланы жеңіп алды.

Олимпиада-80-де СССР құрамасында қазақстандық спортшылар да болды. 2020 жылы дүниеден өткен жаны жайсаң ағамыз Жақсылық Үшкемпіров тұңғыш рет күрестен олимпиада чемпионы атанған қазақ болып тарихта қалды. Боксшы Серік Қонақбаев күміс жүлдегер атанды. Штангашы Виктор Мазин да, екінші балуанымыз Шәміл Серіков та алтынды жеңіп алды, тек өкініштісі Шәмілдің 1989 жылдың қараша айында өзіне-өзі қол салуы болды, бұндайда ақындар: «Қызғаныш деген – қызыл ит. Қыр соңымнан бір қалмадың» деп жырлар еді, не де болса сырын білдірмей, іштей тынып кетті. Өздерің ойлап қараңдаршы, олимпиада чемпионы отбасын кездейсоқ табыстармен асырауға мәжбүр болды.

1984 жылы Лос-Анжелесте өткен ХХІІІ олимпиадасына енді СССР бастаған елдер Варшава қаласында өзара келісіп, Венгрия, Чехословакия, ГДР, Польша, Болгария елдері АҚШ-қа қарсы байкот жариялап бармай қалды да өзара келісіп социалистік елдер арасында «Еркін елдер ойының» өткізді.

Міне, осының бәрі көз алдымда өткен тарихтың көлеңкелі тұстарын сіздермен бөліскенді жөн көрдім, құрметті оқырмандарым.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: