Реформа – қай кезеңде де жасалуы тиіс заңдылық. Ол болмаса, алға жылжу, өркендеу өріс алмайды. Президент Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында даму стратегиясының негізгі тетіктерін айқындап берген болатын. Осыған орай Қызылорда қаласының әкімі Ғ.Қазантаевтың қатысуымен Жолдауға негізделген идеологиялық актив отырысы өтті. Қаланың экономикалық ахуалы, денсаулық, мәдениет және кәсіпкерлік саласындағы мәселелер көтеріліп, кейбір күрмеулі шаруалардың шешу жолдары қарастырылды.
Алдымен қала басшысы сөз алып, Жолдаудан туындайтын негізгі міндеттер турасында баяндама жасады.
– Өздеріңізге белгілі, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – елді алға жетелейтін тарихи маңызы бар құжат. Мемлекет басшысы бұл Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамыту, денсаулық сақтау саласын жүйелеу және өзге де салаларды жетілдіру бойынша бастамаларды алға қойды. Соның ішінде 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 60000 теңгеге дейін көбейту, кәсіпкерлікті барынша ынталандыру, бизнес тетіктерін ашуға тапсырма берді. Жолдауда бұдан өзге де айтылған жұмыстардың біздің қаламызда да жүзеге асырылуына күш салатын боламыз, – деді Ғ.Қазантаев.
Мемлекет басшысы Өңірлерді дамыту жоспарын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңарту қажеттігін және бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны барынша азайтуды, бюджетті жоспарлау мен орындау кезінде цифрлық тәсілдерді қолдануды, бөлшектенген бюджет енгізуді тапсырған болатын.
– Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары аясында Қызылорда қаласы бойынша 12 жобаны жүзеге асыру көзделді. Бүгінгі күнге дейін құны 66 млн теңге тұратын 4 жоба іске қосылса, жыл аяғына дейін тағы 8 жоба жүзеге аспақ. Сонымен қатар Қызылорда қаласының 2021-2025 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасы аясында 14 жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр. Бұл өз кезегінде инвестициялар көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 587 млн теңге болатын 8 жоба іске қосылды, – деді қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймаханова шаһар экономикасы туралы жасаған баяндамасында.
Қазіргі күйіп тұрған вакциналау мәселесі, жалпы саладағы жаңалықтар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазылов сөз алды.
– Президент Жолдауында вакцина алудың маңыздылығы айтылды. Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған санаулы мемлекеттердің қатарында. Мемлекет басшысы айтқандай, отандық «QazVac» екпесіне сенім артуға болады. Жолдауда медицина саласына қомақты қаржы бөлінетіні, оның маман даярлауға, жалпы саланы одан әрі дамытуға жұмсалатындығы айтылды. Бүгінде Қызылорда облысының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалық жоспары әзірленуде. Аталған жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары сол жағалаудан 300 төсекке арналған көпбейінді аурухана құрылысы іске асырылатын болады. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен 2022-2025 жылдары «Наурыз» мөлтек ауданы, «Сабалақ» саяжайы, «Баймұрат батыр» ауылында медициналық бекеттердің құрылысын жүргізу қолға алынды, – деді С.Пазылов.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап мемлекет тарапынан ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайын көтеру, біліктілігін арттыру, жан-жақты жағдай жасау мақсатында түрлі шаралар қабылданып келеді.
– Қандай заман, қай кезең болмасын білім алу бірінші орында. Қазіргі қоғам – білімді жастардың қоғамы. Білім саласында қызмет етіп келе жатқандықтан саладағы жаңалықтардың барлығы жаныма жақын. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болды. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ мамандығын саналы түрде таңдай білуі тиіс. Біз, ұстаздар қауымы, Жолдауда айтылған білім саласына қатысты міндеттерді орындауға дайынбыз, – деді №1 мектеп-гимназиясының директоры Д.Әбдірайымов.
Қ.Тоқаев «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас Ұлт сапасын арттыру. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын қоғамның шынайы көрінісі, нақты болмысы» – деген болатын. Қаладағы мәдени шаралардың ау-жайын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Ниязов мәлімдеді.
– Біздің күшіміз – бірлікте. Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын, мәдениетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Сондықтан зиялы қауымды ел болашағы үшін маңызды әрбір мәселеде шет қалмауға шақырамын. Біз бірге болсақ қана дербес бірегейлігімізді сақтап қаламыз. Сондай-ақ, президент «қазақ тілін дамыту ел саясатының басым бағыты болып қала береді» деді. Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға жоғарылап отыратындығы да назардан тыс қалған жоқ. Сондықтан біз осы қолдауларды сезіне отырып жұмыс істеуіміз керек, – деді М.Мәуленұлы.
Қ.Тоқаев «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын 2022 жылға дейін ұзартты. Және бұл мақсатта бөлінетін қаржының 1 трлн теңге болатындығын да баса айтты. Осы орайда қалада кәсіпкерлік саласында өзін танытып жүрген жас кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы бизнестегі жауапкершілік пен табандылық туралы ойын білдірді.
– Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрмін. Алғашқы кәсіпкерлік жұмысым қызмет көрсетуден басталды. «Әділет» құқықтық көмек көрсету, «Димаш» мерекелік шараларды ұйымдастыру және қоғамдық көлік қызмет көрсету орталығы жұмыстарын жүргіздім. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап жоба құны 10 млн теңге тұратын сабын шығару ісін қолға алдым. Тәулігіне 1500-2000 дана сабын өндіріледі. 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтығанмын. Қазіргі таңда өнім Қызылорда, Түркістан, Алматы, Ақмола облыстарына тарайды. Енді алдағы уақытта сода ұнтағын шығаруды қолға алуды қарастырып жатырмын. Алдағы уақытта да мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалары арқылы мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмыс істейтін боламыз, – деді жас кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы.
Тәуелсіздік тұғырлы, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болуы үшін жұмыла жұмыс істеу маңызды. Мемлекет басшысы басты стратегиялық бағытты айқындап берді. Тек оны жаппай жүзеге асыру міндеті тұр. Жай ғана жұмыс емес, оны орындаудағы сапалылық алдыңғы орында тұруы тиіс.
Әйгерім НАЖМАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!