Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауруханалар қысқа дайын

06.09.2021, 16:30 429

HALYQLINE.KZ

«Қыста мінер шанаңды жазда сайла». Облыстың солтүстік беткейінде орналасқан Қазалы ауданында қыс мезгіліне дайындық шаралары қызу жүргізілуде. Бұл маңызды мәселе күн тәртібіне тұрақты түрде қойылған.

Осы тұрғыда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кент орталығындағы қос бірдей ауруханаға арнайы барып, қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.

Алдымен Қазалы ауданаралық ауруханасында болған Мұхтар Әуесұлына аурухананың бас дәрігері Бақытгүл Әлішева атқарылған шараларды толыққанды мәлімдеді. Бас дәрігердің айтуынша, Қазалы ауданаралық ауруханасы қысқы жылу беру маусымына тас-түйін дайын.

Аурухананың жылу қазандығы өткен жылы «көгілдір отынға» ауыстырылған. Қазіргі таңда 3 табиғи отынмен жылытылатын бу қазандығы бар. Сондай-ақ, қосымша 1 сұйық отынмен жылытылатын бу қазандығы дайын тұр. Оған қажетті 10 тонна сұйық отын қоры да қарастырылған. Аудан басшысымен тілдесу барысында Бақытгүл Әлмәмбетқызы Қазалы ауданаралық ауруханасына қарасты емдеу мекемелерінің қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары назарда тұрғанын жеткізді.

Мұнан соң Қазалы ауданы әкімі М.Оразбаев теміржол ауруханасына келді.

«Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС директоры Құбыл Ршымбетов аудан басшысына жақында ауруханада МРТ орталығы мен ПТР зертханасы іске қосылатынын, қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, мамандар қосымша курстан өткені туралы ақпаратпен бөлісті.

Аудан әкімі болса ауданнан ПТР зертханасының ашылуы жағымды жаңалық екенін атап өтті. Айта кетерлігі, бұған дейін аудандағы ПТР тест сынамалары Қызылорда қаласы мен Арал ауданына жөнелтіліп келген болса, енді оның қорытындысын өзіміздің ауданнан да анықтауға болады.

Келесі кезекте «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС директоры Құбыл Ршымбетов қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын айтып, бұл бағытта ешқандай мәселе жоқ екендігіне тоқталды.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: