Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордадағы жалған вакцина саудасы

05.08.2021, 11:30 457

Антиваксерлер айылын жимай отыр. Дәл қазір халықтың басым бөлігіне сарапшылар мен ғалымдардың сөзінен гөрі әлеуметтік желі бетіндегі алыпқашпа әңгімелер «ақиқат» болып көрінуде. Індет болса өршіп барады. Тамыздың ортасы коронавирустың таралу шыңы болуы мүмкін деген болжам бар. Ауру жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Ауырып жатқандардың көбісі – вакцина салмағандар. Иә, вирус жұқтырғандардың қатарында екпе қабылдағандар да бар. Десе де, оларды ауру алқымынан алып жатқан жоқ, вакцина есебінен жеңіл жеңіп шығуда. Бірақ, осы фактілерді көре тұра көпшілік әлі күнге дейін екпеден бас тартуда. Тіпті, кей пысықайлар жалған вакцина құжатын әзірлеп, «жасыл» түспен көшеде сайрандап жүр. Бүгінге дейін өңірімізде жалған құжат дайындаудың 4 дерегі анықталған. Оның үшеуі жалған вакцина құжатын жасаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Коронавирус індетін осы уақыт­қа дейін әлемде 200 миллионнан астам адам жұқтырды. Ал қаза тапқандар саны 5-8 миллионды құрайды. Бұл – тек ресми мәлімет. ДДСҰ-ның мәліметінше, қаза тап­қандар саны 2-3 есе көп болуы мүмкін. Себебі, кедей мемлекеттер ауру жұқтырғандарды бақылай алмай отыр. Ал екпе қабылдағандар саны 2 миллиардқа жуық. Иә, әлемде осыншама халық вакцина салдырып үлгерген. Миллардта­ған адамды камтыған екпенің кері әсері болса, осы уақытқа дейін жағдай ушығар еді. Керісінше, екпені халқының 70 пайызына салып үлгерген мемлекеттер бүгінде карантин талаптарын жеңілдетіп, маскалық режимді алып тастауда. Қазіргі таңда ДДСҰ кедей мемлекеттерге екпе жеткізу мәселесімен бас қатыруда. Ал біздің мемлекетте вакцина қоры жеткілікті. Десе де, жүрісі сұйықтар жалған вакцина құжатын сатып алуға шыққан екен. Бұл арқылы олар жақындарына ғана емес, тұрғындардың барлы­ғына кесірін тигізуі мүмкін. Оның ішінде сіз де, біз де бармыз. Себебі, індеттің симптомсыз түрі қатерлі болып  отыр.

– Коронавирустың үшінші тол­қыны келді. Ағымдағы жылдың наурыз айындағы мерекелік күндерінен кейін сәуір айында ауру саны күрт жоғарылап, 1540 жағдай тіркелді. Шілде айының 15-жұлдызынан бастап ауру күннен-күнге артып, шілде айында 3341 жағдай анық­талды. Сол кезден бастап тәулігіне 100-дің үстінде ауру тіркеле бастаса, 29 шілдеден бастап 200-ден аса жағдай анықталып, 29 шілдеде ең жоғарғы 220 дерек тіркелді. Бұндай жағдай былтырғы пандемияның кезінде де болған емес, былтырғы шілде айында ең жоғарғы ауру тіркелген саны 118 болатын. Эпиде­миологиялық ахуал өте күрделі. Инфек­циядан қорғану мен ауру­ханаға жатудан аман қалудың бірден-бір жолы – COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу. КВИ-ге қарсы екпе алуға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір азаматты екпе алуға шақырамыз, – деді облыс­тық санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия  Мүталіпқызы.

Міне, өңірдің қазіргі эпидемиологиялық ахуалы осындай. Каран­тин талаптарын орындамасақ, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Ал екпе екпесек, коронавирустың шыр­мауынан мүлдем шыға алмаймыз. Бұл дерт денсаулықты ғана емес экономиканы да құлдыратып жатыр. Жоғарыда айтқандай, облыс аумағында жалған вакцина құжаттарын жасаған 3 дерек тіркелген. Үшеуі де – Қызылорда қала­сынан. Тағы біреуі жалған ПТР тестін жасат­қан. Арасында кәдімгі емханалар да, жеке клиникалар да бар. Қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Егер де жалған вакцина құжаты сатыл­ғаны дәлелденсе, кінәлі 4 жылға дейін бас бостанд­ығынан  айырылуы  мүмкін. Оны сатып алған тұрғындарды да сол жаза күтеді. Алаяқтықпен айналысқандардың ешқайсысы  жазасыз   қалмайды.

– Полиция департаментімен жүргізілген жедел профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде Қызылорда қаласының тұрғынына емхана медбикесімен коронавирусқа қарсы вакцина алғандығы жөнінде жалған «Вакцинация паспортын» жасау дерегі анықталды. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жалпы, бүгінгі күнге облыс бо­йынша коронавирус инфекциясына байланысты жалған «Вакцинация паспортын» ақпараттық жүйеге енгізгені үшін және жалған ПТР тест дайын­дау, өткізу, пайдалану бойынша 4 дерек тіркелді. Қазіргі таңда бұл қылмыстық істер бойынша да тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені үшін ҚР ҚК-нің 206-бабымен және жалған құжатты дайындау, өткізу, пайдаланғаны үшін ҚР ҚК-нің 385-бабымен қылмыстық жауапкершіліктер көзделген, яғни ең ауыр жаза төрт жылға дейінгі немесе үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді облыстық ПД Анықтау басқармасының  бастығы, полиция  полковнигі Нұрсұлтан  Ерланұлы.

Жалған құжат әзірлеп беремін деген 3 деректің біреуі әлеуметтік желі арқылы құрықталған. Бүгінде полиция департаменті интернет һәм  әлеуметтік  желідегі жалған құжат саудасын құрықтауға арнайы мониторинг топ құрған екен. Одан бөлек, көлеңкелі кәсібін дөңгелеткісі келген ақхалаттыларға бақылау күшейтілген. Дәл қазір қаламызда қанша адам жалған құжатпен жүргені белгісіз. Алайда жауап­тылар барлығын табуға тырысатындарын айтты. Жұрт жыл басында екпе дегеннен елеңдеп, үрке қарады. Себебі, екпенің екпіні жайлы нақты ақпараттар аз болды. Одан бөлек, алғашқылардың бірі болып, «сынақтан» өткісі келмегендер де көп болды. Алайда бүгінгі күнге дейін вакцина қабылдаған адам­дардың саны күн санап артып келеді. Ол туралы жалған ақпараттар да жоққа шығып жатыр. Көптеген елдер екпеге таласып, қолы жете алмай жатқанын да ескеру қажет. Дегенмен, бұл фактілерді антивак­серлер мойындағысы келмейді. Тіпті, араларында ұлт «зия­лылары» да бар. Бұл ойланатын жағдай…

Жақын арада елімізге Pfizer вакцинасы келетін болды. Жауаптылардың айтуынша, бұл екпе 12-18 жас аралығындағы балаларға салынуы мүмкін. Егер бұл расталса, «қызықтың» көкесі сол кезде болады…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: