Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Биопрепараттар өндірісі өте баяу дамып келеді»

29.07.2021, 11:00 753

Аманкелді  САДАНОВ,

Биология ғылымдарының докторы, профессор:

Елімізде соңғы онжылдықта биология ғылымының дамуына мән беріліп, микробиология ғылымы қарқынды даму үдерісіне ілесіп келеді. Шынын айту керек, бұл саланы басқарған мамандардың еңбегі ерен, әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы бар. Дегенмен, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің бас директоры Аманкелді Садановтың бұл саладағы ғылымның дамуы  жолында  төккен  терін  айтпай  кетуге  болмайды.     Осы  ретте  Аманкелді  Құрбанұлының  өзімен  байланысқа  шығып, бірқатар  сұрақтарға  жауап  алғанды  жөн  көрдік.

ИМПОРТТЫҚ  ӨНІМДЕРГЕ ТОЛЫҒЫМЕН   ТӘУЕЛДІ  БОЛЫП ОТЫРМЫЗ

 – Сөзіміздің басын Қазақстандағы биология ғылымының дамуы тұрғысынан  бастасақ…

 – Қазақстанда негізгі биология ғылымының салалары – ботаника, зоология, микробиология, вирусология, физиологияның қарқынды дамып жатқандығын,  сондай-ақ  жаңа  заманауи  бағыт­тары – молекулярлық биология, генетика, биотехнология сияқты салалардың өз дәрежесінде орын ала  бастағанын атап өту қажет. Сонымен  қатар, Қазақ­станда өткен ғасырдың 70-90-жылдары арасында биотехнология саласы қарқынды дами бас­тады. Ал, 90-жылдардың басында Қазақстан Рес­пуб­ликасының биология ғылымы айтарлықтай жетістіктерге ие болды. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу институттары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар заманауи өндіріс­тік базалармен жабдықтала бастады. Оған қоса ғылыми инфрақұрылымдары дамыған және жоғары білікті мамандармен толықтай қамтамасыз етілген ғылым саласы болып қалыптасқаны барша жұртқа аян. Қазіргі уақытта Қазақстанда Білім және ғылым министрлігінің құрамында 13, ауыл шаруа­шылығы министрлігінің құрамында 22 ғылыми ұйым  биологиялық  бағытта  жұмыс  істейді.

Жалпы, биология  саласындағы  ғылыми зерттеулер, әсіресе, биотехнология  саласы – қазіргі заман­ғы ғылыми-техникалық революцияның негі­зі. Бүгінгі таңда биопрепараттардың негізгі өндіру­шілері, әрине, жоғары дамыған елдер болып табыла­ды: АҚШ, Канада, Жапония және Еуропа. Бірақ, соңғы он жылдың ішінде  олардың қатарына ауқымды ғылыми өндірістік бағдарламалармен айна­лысып   жатқан   дамушы елдер де қосылды, олар – Қытай, Үндістан, Бразилия. Ал өз еліміз­дегі отандық биопрепараттар өндірісіне келер болсақ (ауыл шаруашылығы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, экология және медицина), бұл сала өте баяу дамып келеді. Тіптен жоқтың қасы деуге болады, яғни біз әлі де болса импорттық өнімдерге толы­ғымен  тәуелді  болып  отырмыз.

– Микробиология ғылымында жас­тардың іздену­шілігі  туралы  не  айтасыз?

– Болашағынан үміт күттіретін жас мамандар магистратурада және PhD докторантурасында білімдерін жалғастыруда. Олардың тәжірибелі тәлімгерлерінің жетекшілігімен зерттеу жұмыс­тарын атқаруларына барлық жағдай жасалған. Биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша тағылымдамадан  өту мақсатында арнайы  500 грант бөлінеді. Сонымен  қатар  әр 3 жылға жалпы қоры      9 млрд теңге болатын жастарға арналған жыл сайын­ғы конкурс өткізу жоспарланып отыр. Ол қазірдің өзінде үшінші рет өткізілуде. Ал, Микробиоло­гия және вирусология ғылыми-өндірістік орталығында жыл сайын талантты жас ғалымдарға бюджеттен тыс қаражат есебінен атаулы стипен­диялар  тағайын­далады.

СУАРМАЛЫ  ЖЕРЛЕР  ТҰЗДАНУДА

– Шыны керек, қазір экологиялық ахуал күрделеніп барады. Әсіресе, елдегі су тапшылығы, топырақтың құнарсыздығы, ауаның ластығы, өсімдіктер ауруы, адамдардың аурушаңдығы деген секілді мәселелер көп. Бұған түбегейлігі тоқтам салмаса да, алдын алудың қандай жолдары  бар?

– Кез келген мемлекеттегі қоршаған табиғи орта­ның экологиялық жағдайы табиғатты үнемді әрі дұрыс пайдаланудағы кеткен олқылықтар мен шаруашылықтардың жүйесіз қызметіне тікелей байланысты. Қоршаған ортаның ластану мөлше­рінің жағдайына байланысты біздің республикамызды объективті қолайсыз аймақтар қатарына жатқызуға әбден болады. Қазіргі уақытта осындай күрделі мәселелердің бірі – Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы жерлердің екінші рет тұздануы мен қарашірік мөлшерінің едәуір азаюы болып отыр, осының нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақыл­дарының  өнімділігі күрт төмендеп кетті. Әрине, тұзды топырақтың ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге тиімсіз болатыны белгілі. Сондықтан агроэкожүйелерде органикалық тыңайтқыштарды қол­дану, фитомелиорация әдісін жүргізу және атмосфералық ауадағы биологиялық азоттың жинақталуын реттеу арқылы құнары төмендеген тұзды топырақты биологиялық мелиорациялаудың жаңа әдістері жасалы­нып  жатыр. Айталық, топырақты құнарландыру технологияларының ішіндегі қолжетімді әрі экологиялық жағынан қауіпсіз әдістердің бірі – фитомелиоранттарды қолдану. Тұзға төзімді фитомелиоранттардың ішінде бұршақ тұқымдасқа жататын түйежоңышқаның болашағы зор. Бұл өсімдік топырақ құрамындағы тұздарды тамыры арқылы бойына сіңіріп, топырақтағы тұздың мөлшерін едәуір азайтады. Нәтижесінде топырақта тіршілік ететін пайдалы микроорганизмдердің көбеюіне мүмкіндік жасай отырып, оның биологиялық белсенділігін арттырады. Онымен қоса, түйежоңышқаның тамырында түзілетін түйнек бактериялары ауадағы бос азотты өз бойына сіңіру арқылы топырақта биология­лық таза азотты жинақ­тайды. Түйежоңышқа сабағының бойы биік, тамыры нық, көлемі үлкен және топыраққа терең бойлайды. Оның көк балаусасын орып алған соң топырақта гектарына 25-30 тоннаға дейін өсімдік тамырынан жиналған органикалық заттар қалады. Бұл микроорганизмдердің көмегімен ыдырап, топырақта қарашіріктің түзілуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан түйежоңышқаның тұзды топырақтың құнарын арттыруда мүмкіндігі өте жоғары. Осыған орай, жоғарыда аталған суармалы аймақтарда жоңышқа өсімдігінің орнына түйежоңышқа өсімдігін  ауыспалы  егістікке  енгізген  абзал.

Тағы да аса назар аударатын мәселе – халықты экологиялық таза өніммен, атап айтсақ ауылшаруа­шылық (егін және мал шаруашылығы) өнімдермен қамтамасыз ету. Адамдардың денсаулығы тікелей аталған өнімдердің сапасына байланысты. Сондық­тан ауыл шарушылығын барынша биологиялық тәсілдермен  қамтамасыз  ету  қажет.

– Микроорганизмдердің биология­лық қуатты­лығы  жөнінде  білгім  келеді…

– Көзге көрінбейтін микроорганизмдердің биотехнология саласында алатын орны ерекше, олардың негізінде әртүрлі салаларға арналған экология­лық таза биопрепараттар шығарылады. Осыған орай, орталық жанынан ең жоғары заманауи техно­логиялық жабдықтармен жабдықталған биология­лық және медициналық препараттар шығаратын «Өнеркәсіптік микробиология» микробиологиялық зауыты ашылды. Республикамызда алғаш рет ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, медицина және ветеринария салаларына арналған 8 жаңа отандық биопрепараттардың технологиялары әзірленіп, олардың өндірісі ұйымдастырылды. Жыл сайын аталған зауыттан 40-50 тонна әртүрлі биопрепараттар шығарылып, сатылымға жіберіліп  отыр.

Ауылшаруашылық дақылдарының негізгі қоректік элементтерінің бірі азот болып табылады. Азоттың жетіспеушілігі өсімдіктердің өсіп-жетілуіне айтарлықтай кедергі тудырады. Осыған байланыс­ты ұжымның ғылымдағы ең ірі жетістігі – түйнекті бактериялар негізінде «Ризовит-АКС» биотыңайт­қышын әзірлеп, оны өндіріске кеңінен енгізуі болды. Ол бұршақтұқымдас өсімдіктерді таза биологиялық азотпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар осы биотыңайтқышты қолданудың нәтижесінде топырақта таза биологиялық азот жинақталып, бұршақтұқымдас дақылдардан, атап айтсақ, соядан орта есеппен 5-7 центнер үстеме өнім алынып және топырақта  биологиялық азоттың мөлшері едәуір артып, келесі егілетін ауылшаруашылық дақыл­дарына да оң әсерін тигізеді.

Әдетте дақылдардың өнімділігін арттыру үшін жыл сайын топыраққа орта есеппен 100-120 кг/га фосфор минералды тыңайтқыштары енгізіледі. Олардың тек 8-10%-ы ғана өсімдіктерге сіңіріліп, қалған бөлігі топырақта жылдан-жылға «қажетсіз» қор болып жиналып, қолжетімсіз формасына айналады. Яғни, минералды тыңайтқыштар түрінде топыраққа енгізілген фосфаттар өсімдіктерге тиімділігі аз дәрежеде сіңіріледі.

Орталық ғалымдары «Фосфобацирин-АС» биопрепаратын әзірлеп шығарды. Бұл биопрепарат топырақта жылдар бойы жинақталған минерал­ды фосфор тыңайтқыштарын фосфатсіңіруші микроорганизмдердің көмегімен өсімдіктерге сіңім­ділігін едәуір арттырады. Демек, топыраққа қосымша минералды-фосфор тыңайтқыштарын қолданудың қажеті болмайды. Сондай-ақ, аталған биопрепарат топырақта «қажетсіз» жатқан фосфор тыңайтқыштарының шамамен 20-30 пайызын бір вегетациялық кезеңнің өзінде-ақ сіңімді түріне айналдырады. Нәтижесінде дақылдардың өнімділігі орташа есеппен 20-30%-ға артады. Сондықтан, «Ризо­вит-АКС» және «Фосфобацирин-АС» биопрепараттарын пайда­лану экономикалық жағынан тиімді (25 есе арзан) және минералды тыңайтқыштарды қолдану қажеттілігін  толығымен алмастырады.

Өндірістік жағдайларда назар аударатын мәселе­нің бірі – түйежоңышқа мен жоңышқа дақыл­дарының тұқымдық дәндерінің қабығының қатты болуы­на байланысты шығымдылығының өте төмен болуында. Ал бұл жағдай өнімге тікелей әсер етеді. Нәтижесінде шаруа қожалықтары бүгінгі күні бұл дақылдардан өте төмен өнім алып отыр. Бұл мәселені шешу үшін орталық ғалымдары «Фитобацирин» биопрепаратын дайындап шығарды. Әдетте тұқымдық дәнді осы биопрепаратпен өңдемей сепкен кезде гектарына 18-20 кг егілген дәннің ¼ бөлігі, яғни себілген тұқымның 4-5 кг ғана өніп шығады, қалғаны шіріп кетеді. «Фитобацирин» биопрепаратымен себудің алдында тұқымды өңдеген жағдайда олардың шығымдылығы 80-90%-ға дейін артады да, тұқымдық дәннің мөлшерін 10 кг/га-ға дейін төмендетеді. Яғни бір гектарға себетін тұқымдық дәннің өзінен ғана 12-14 мың теңге үнемдеуге болады.

Мал шаруашылығының жем-шөп базасын нығайту үшін малдың ауылшаруашылық малдарына, әсіресе  қыс мезгілі 6-7 айға созылатын өңірлерде (Солтүстік  және Орталық Қазақстан) құнары мен қуаты жағынан жоғары болатын сапалы пішендеме мен сүрлем сияқты мал азығын дайындау аса қажет. Осы мәселені шешу үшін сапалы мал азығын дайындау мақсатында бактериялардың негізінде жасалған «Казбиосил» жаңа биопрепараты дайындалып, өндіріске  енгізілді.

– Мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін қандай жаңалық бар?

– Толыққанды жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мәселесінен басқа тағы бір мәселе – ол мал шаруа­шылығы қожалықтарына үлкен зиянын тигізетін жас төлдердің аурулары мен өлімі. Жаңа туылған төлдер бастапқы екі аптада аралас ішек инфек­циялардың әсерінен 30-40%-ға дейін шығынға ұшырайды (100 бастың 35-40-ы). Осыған орай, мал төлдерінің ауруының алдын алуға және емдеуге арналған «Полилактовит» пробиотигі сүт­қышқылды және пропионқышқылды бактериялар негізінде әзірленіп өндіріске енгізілді. Пробиотиктің емдік әсері, оның құрамындағы сүтқышқылды бактериялары асқазан мен ішектегі патогенді және шартты патогенді микроорганизмдердің көбеюіне жол бермейді. Сонымен қатар, төлдердің асқазан-ішек жолдарының ферментативті белсенділігін арттыра отырып, организмнің иммундық жүйесінің қалыптасуына ықпал етіп, нәтижесінде мал төлінің басы 100%-ға дейін сақталуын қамтамасыз етеді.

Мал шаруашылығында қолданылатын тағы бір биологиялық өнім құрамы – пропионқышқылы және целлюлозолитикалық бактериялардан тұратын «Бентобак» пробиотикалық азықтық қоспасы. Бұл қоспаны қолдану кезінде ірі сабақты қиын қоры­тылатын азықтардың сіңімділігі артады да, ауыл шаруашылығы малдары мен құстардың зат алма­су процесі жоғарылайды. Нәтижесінде олардың тәуліктік салмақ қосуы артады. Азықтық қос­паны қолданудың нәтижесінде мал тұқымы мен оның рационына байланысты орта есеппен тәулігіне 800-1200 грамға дейін салмақ қосылады және мал азығының шығынын орта есеппен 5%-ға дейін азайтады.

Сонымен қатар, орталық ғалымдары мұнаймен ластанған топырақты, өндіріс қалдықтарын және су қоймаларын микробиологиялық тәсілмен тазартуға арналған тиімділігі жоғары «Бакойл-KZ» препара­тын әзірлеп  шығарды. «Бакойл-KZ» биопре­паратын  қолданудың  нәтижесінде  жыл  сайын    Батыс Қазақс­танда мұнаймен ластанған топырақ­тың 100-150 гектары тазартылып отырады. Препарат  шетел­дік  препарат­тарға  қарағанда  бағасы  анағұрлым  арзан  әрі  сапасы  өте  жоғары.

СӘТТІ  ЖАСАЛҒАН  ВАКЦИНА – ОЛ  ҮЛКЕН  БИЗНЕС

– Әлемді жайлаған індет туралы бірер сұрақ қойсам деп едім. Бұған дейін медицина тари­хында болған SARS, MERS деген вирустарына қарсы вакцина болмаған. Ал «COVID-19»-ға әлем елдері жарыса вакцина өндіріп жатыр. Осы вакцинаның аурудың таралмауына шынымен  септігі  бар  ма?

– «SARS-Cov1» және MERS-ке қарсы эксперименттік вакциналар аз уақыттың ішінде жасалып, жануарларға сыналды. Бірақ инфекцияның аз таралуы­на және індеттің тез оқшаулануына байла­нысты карантиндік шаралармен ғана шектелді. Сондықтан, вакциналарды жаппай өндіру қажет болмады. Ал, «COVID-19»-ға келетін болсақ, вирус тез және қарқынды таралып кетті, карантиндік шаралардың көмегімен инфекцияны тоқтатуға да мүмкіндік болмады. Осы уақытқа дейінгі кездескен жаппай  вирустық инфекциялардың көпшілігін (шешек, полиомиелит, қызылша, В гепатиті және т.б.) вакциналау арқылы тоқтатуға болатын, бірақ кейбір жағдайларда вакцина да тиімсіз болды. Мыса­лы, АИТВ және С гепатитіне қарсы тиімді вакциналар әлі әзірленбеген. Сондықтан, «COVID-19»-ға қарсы жаппай вакциналау пандемияны тоқ­татады деп күтуге негіз бар. Алайда нәтижені бір жылдың көлемінен ерте көре алмаймыз. Фармкомпания­лардың  жарыстарын  түсінуге болады, өйткені  сәтті  жасалған  вакцина – ол  үлкен  бизнес.

– Вирустың штамм өзгергіштігі өте жоғары. Бұл биологиялық тұрғыда аурудың жылдам таралуына  қатысы  бар  ма?

– Иә, «COVID-19» тудыратын вирус тез өзгереді. Қазіргі уақытта бұл вирустың бірнеше мың штамы белгілі, бірақ қазір 5-6 штамм ғана эпидемиялық маңызды. Вирустың тез таралуы оның жоғары жұқ­палы болуымен байланысты, ол адамның тыныс алу жолдарының жасушаларына қосылуға жауап беретін вирустың беткі ақуызындағы белгілі бір мутация­ға байланысты. Бұл мутация пайда болғанға дейін вирус адамдар арасында аз таралды, яғни жұқпалылығы төмен болды. Өкінішке қарай, вирус­тың мутацияға тез ұшырауына байланысты организмде вирусқа қарсы иммунитет қалыптасып үлгере алмайды. Сондықтан тұмау вакциналары сияқты вакциналарды үнемі жаңартып отыруды қажет етеді.

– Микробиология және вирусология институтының вируспен күресуде қандай қауқары бар?

– Микробиология және вирусология ҒӨО-да вакциналардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ, жаңа вирусқа қарсы препараттарды әзірлеу бойын­ша  зерттеулер  бұрыннан жүргізіліп келеді. Вак­цина­лардың белсенділігін күшейтетін адъюванттар мен вирусқа қарсы препараттар бойынша бірқатар перс­пективалық әзірлемелер бар. Қазіргі таңда кең таралған «COVID-19» және тұмау вирустық инфекцияларына қарсы жаңа дәрі-дәрмектерді жасаудың үлкен бағдарламасын ұсындық. Бұл бағдарлама Үкімет тарапынан қолдау тауып, қаржыландырылады  деп  үміттенеміз.

ОТАНДЫҚ  ВАКЦИНАНЫҢ  КЛИНИКАЛЫҚ СЫНАҚТАРЫ  ӘЛІ  АЯҚТАЛҒАН  ЖОҚ

– Отандық вакцина туралы не айтасыз? Ал, ресейлік «Спутник V», арабтың «Hayat-Vax» вакциналарының пайдасы һәм зияны қаншалықты?

– Әзірлеушілердің айтуынша, «Спутник V» ресейлік вакцинасының тиімділігі 92-98%, «Sinopharm-Hayat-Vax» Араб өндірісіндегі Қытай вакцинасының тиімділігі шамамен 80% құрайды. «QazVac» отандық вакцинасының клиникалық сынақтары әлі аяқталған жоқ, клиникалық сынақтардың 3-кезеңінің аяқталуы шілде айының соңында күтіледі. 2-кезеңнің нәтижелері бойынша вакцинаның тиімділігі 96% құрайды. Барлық үш вакцина да зиянсыз жағынан жақсы нәтиже көрсетті. Вакциналардың тиімділігі қазіргі жағдайда ағзада антиденелердің түзілуін ынталандыру қабілетімен бағаланады. Вакциналардың вирустан қорғаудағы тиімділігіне келетін болсақ, қорытынды жасауға әлі ерте. Жоғарыда айтылғандай, нәтижелерді статистика пайда болған кезде кем дегенде бір жылдан кейін бағалауға болады, яғни вакциналанған адамдың қаншасына вирус жұқты, ал қаншасына жұққан жоқ.

– Бұл індеттің қашан аяқталатынын шамалап болсын айтуға бола ма?

– Бұл туралы ғалымдардың пікірі екіге бөлінді. Кейбіреулер коронавирус пандемиясы әлем халқының 60%-дан астамы вакциналанған кезде аяқталады деп санайды, ал басқалары жоғары өзгергіштікке байланысты вирус вакциналарға бейімделеді және тұмау сияқты бізбен мәңгі қалады деп санайды. Тіпті КОВИД-19-ға қарсы вакцинаны міндетті жылдық егу күнтізбесіне енгізу туралы мәселе де қарастырылуда. Болжам жасауға әлі ерте, қосымша зерттеулер қажет және вакциналау нәтижелеріне қарау керек. Қалай болғанда да, тиімді вакциналарды жасау ғана емес, сонымен қатар ауру адамдарды емдеу үшін тиімді вирусқа қарсы препараттарды жасау қажет. Себебі, инфекция болған жағдайда, ең алдымен инфекцияның ауырлығын төмендету үшін.

ЖАҢА  ИНФЕКЦИЯНЫҢ  ПАЙДА  БОЛУ МҮМКІНДІГІ  ӘРҚАШАН  БАР

– ХХІ ғасырда адамзат баласы қатерлі ісік, диабет, АИТВ сияқты ауруларды жеңгенімен, бұрын белгісіз болып келген жаңа қауіпті инфек­цияларға кез келеді. Мұндай болжам­дарға  сенуге  бола  ма?

– Жаңа инфекциялар үнемі пайда болып отырады. Негізінен жаңа инфекциялардың көзі – жануар­лар мен құстар. Адамдардың табиғатқа белсенді түрде араласа бастағаны инфекцияны жануарлардан жұқтыру қаупіне тікелей байланысты болып отыр. Ал адамдардың қарқынды көшіп-қонуы жаңа инфек­цияның бүкіл әлемде тез таралуына ықпал етеді. Сонымен қатар, көптеген белгілі вирустар тез өзгеріп, жаңа пандемияның көзі бола алады, яғни жаңа инфекцияның пайда болу мүмкіндігі әрқашан бар. Сондықтан жұқпалы ауруларды бақылауға, вирусо­логия саласындағы зерттеулерге, жаңа вакциналық және дәрілік вирусқа қарсы препараттарды  жасауға ерекше назар аудару өте маңызды.

– Соңғы уақытта зеңдерге қарсы препарат шығаруға қандай үлес қостыңыздар және алдағы  жоспар  қандай?

– Еліміздің фармакологиясына өзіндік үлес қосу мақсатында Микробиология және вирусология инстит­утының ғалымдары емдік қасиеті жоғары, ауқымы өте кең, зең ауруларына қарсы отандық жаңа  препарат «Розеофунгин-АС», 2% жақпа­майын жасап шығарды. Бұл препараттың негізі – Қазақ­станның топырақтарынан бөлініп алынған микро­организмдердің штамдарынан жасалған антибио­тик. Оның химиялық құрылымы – полиен­дер қатарына жататын жаңа табиғи қосылыстар. «Розеофун­гиннің»  патогенді саңырауқұлақтардың 39 түріне қатыс­ты, тері мен денеге терең енген микоздардың ең қауіпті деген қоздырғыштарына қарсы қолданылатын белсенділігі жоғары антибиотик екендігі дәлелденді. Сонымен қатар, оның көптеген тұмау, парамиксовирустар, осповакцина мен Раус саркомасы  вирустарының  көбеюін дер  кезінде тежей  алатын қабілетке ие екендігі, яғни вирустарға да емдік қасиеттерінің жоғары екендігі анықталды. Бұл жаңа отандық препараттың шетелден келетін дәрілерден басты артықшылықтары – оның зең инфекцияларының қоздырғыштарына антибиотиктік-төзімдік қасиеті, қысқа мерзім ішінде емделіп шығуы және оның тиімділігінің жоғары болуында. 2017 жылы «Розеофунгин-АС» препараты Қазақ­стан Республикасының Дәрілік заттардың мемле­кеттік тізіліміне кірді. Ал, 2018 жылы 2019-2023 жылдарға арналған ҚР ДСМ Дерматофитияларды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасының дәрілік заттар тізбесіне, 2019 жылы Қазақстандық Ұлттық Дәрілік Формулярына (ҰДФ) енгізілді. Қазіргі уақытта рес­публикамыздың дәріхана желілері арқылы белсенді түрде сатылымға түсуде. 2018-2020 жылдар аралығында «Розеофунгин-АС» препаратының 126 мың қаптамасы, 2021 жылдың басында осы препараттың тағы 200 мың қаптамасы шығарылды және сатылды, 2021 жылдың соңына дейін «Розеофунгин-АС»препаратының  қосымша 200 мың қаптамасы шығарылуы және саты­луы  жоспарлануда.

– Уақыт бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: