Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аманат арқалаған «фашист» немесе «Қараторғай» әні

17.07.2021, 16:00 561

HALYQLINE.KZ

Жақында мен Сарыағаштағы «Арай Де Люкс» шипажайында демалдым. Сонда Мүтәлі Көбейұлы деген Шымкент қаласының тұрғыны, еңбек ардагерімен таныстым. Ол кісі көзі ашық, көкірегі ояу, елінің, жерінің тарихын жақсы білетін, сонымен қатар бүгінгі техникалық ақпарат құралдарын жақсы меңгерген, әңгімешіл, еліміздің өткені мен бүгінгісіне өзінің қөзқарасы бар кісі екен. Менің қаламмен жұмыс істейтінімді білді ме, «Мен саған «Ютуб» интернет каналында жарияланған азамат Қайрат Бекеновтың баяндауы бойынша тыңдаған әңгімені айтып берейін, бұған қалай қарайсың?» деп әңгімесін бастап кетті.

«Өткен ғасырдың 80-жылдары. Құмдақ ауылда сабан топырақты илеп соққан бір қабат сегіз жылдық орта мектепте оқимын. Мамыр айы туған соң мектепте қызу мереке басталады. Әуелі 1 мамыр – Бейбітшілік күнін атап өтеміз, одан кейін 9 мамыр Жеңіс күні жетеді желпініп. Ауылда соғысқа қатысқан бар-жоғы жеті-сегіз ақсақал бар еді, біз оқып жүргенде үшеуі тірі тұғын. Бір қызығы, осы үшеуінің бірі Жаңғали атамыз Жеңіс күні мерекесіне бірде қатысып, бірде қатыспай шеттеп қалып жүреді. Неге олай? Бертінде, яғни 90-жылдың ортасы, институт бітірген соң өзім оқыған мектепте төрт жыл қызмет атқардым. Әрі мектептің тәрбие саласына жауапты болдым. Баяғы 9 мамыр Жеңіс күнін желпінтіп атап өтуге бел байладық. Ауылда ардагер атаулыдан жалғыз тұяқ Жаңғали атамыз қалыпты. Әдеттегідей ақсақалды кездесуге шақырдық. Келді. Әлі есімде, ақшардан биік қасын кере көтеріп, тобылғы таяғын ұсына созып, еденнің жырығына тіреп отырды. Бозторғайдың балапанындай ұшып-қонып отырған оқушыларды бір шолып өтіп, мәдени шараны жүргізуші маған бір қарады да, тамағын кенеп алып сөз бастады.

– Менің соғысқа қатысқаным рас, – деп бір түйіп қойды. Тағы да тамағын кенеді. – Бірақ, тұтқында болдым.

Ақсақал осылай деді де үнсіз отырып қалды. Оқушыларға бәрібір, селт еткен ешкім жоқ. Жәкеңнің неге шеттей беретінін сонда барып түсіндім. Қысқасы, соғысқа қатысқан, бірақ немістердің қолында тұтқында болған жалғыз тұяқ ардагермен шырайлы сұхбатымыз осылай басталды. Үрпиіп отыра беретін емес, енді мен сұрақ қойдым.

– Тұтқында көп азап шектіңіз бе?

– Қайдағы  азап? Ол бір естен кетпейтін бақытты күндер ғой.

Не дейді мына кісі? Тұтқындағы адам бақытты бола ма? Соның ішінде овчаркасы арсылдаған фашисттердің концлагерьлері адамды тірідей өртеп жатпаушы ма еді? Ақсақалдың мына жауабы басыма боқ күрейтін ерні жырақ темір күрекпен періп келіп жібергендей әсер етті. Мүмкін қалжыңдап отырған шығар? Бірақ, қалжыңның адамы емес. Миым әңкі-тәңкі, оқушылар да біртүрлі бізге таңырқап қарайды. Түрмеде шаттық болмайтынын олар да білетін сияқты.

– Ақсақал, шын айтып отырсыз ба?

Түрмеде бақытты болдым дегенде дауысым біртүрлі дірілдеп, жер асты қылуетте зікірлетіп отырған сопының үніндей міңгірлеп шықты. Ардагер кеудесін бір көтеріп алды да:

– Рас айтамын, – деп, нық түйді. – Мен бәрін басынан баяндайын, сендер тыңдап алыңдар.

Ол көне домбыраның қиуы қашқан үніндей тарғылданып естілетін қоңыр дауысымен күңгірлей сөзін бастады.

– Соғыс басталмай тұрып әскерге шақырылдым, Арал станциясынан бізді отарбаға мінгізді. Бір апта жол жүрдік. Түн қараңғысында поездан түсірді, ну орманға алып барды. Ол жерде жаяу әскер қосыны бар екен, сонда орналастық. Бір жылдан соң соғыс басталды. Шайқасатын қару жоқ, екі адамның ортасында бір мылтық, кезектесіп атамыз. Төрт күннің ішінде немістер ойранымызды шығарды. Қызыл әскерлер бөлініп-бөлініп орман кезіп кеттік. Не болып жатқанын адам біліп болмайды. Кешікпей қолға түстік. Немістер барлық тұтқынды жаяу айдап үлкен қалаға алып келді, сол жерден іріктеп, дені сау, жілігінде майы бүтін жастарды эшелонға тиеп Германияға жөнелтті. Ішінде мен де кеттім. Тұтқындарды Германияның батыс жағында орын тепкен үлкен концлагерьге алып келді. Онда жер асты және жер үсті екі шахта бар екен. Қол-аяғымызға кісен салып, тас қопартып қойды. Жұмыс ауыр. Бір күні барлық тұтқын жұмысшыларды жиып сапқа тұрғызды. Шамасы он мыңдай адам бар екен. Күн салқын, оның үстіне арсылдаған ит жетектеген қарауылдар қаһарлы. Үлкен қаладан құдіретті бастық келіпті. Ол сонау шеттен бастап төрт қатарға орналасқан тұтқындарды жағалай сүзіп келеді. Саптың басында тұрған өзбек пе, қазақ па біреуді саптан шығарып соститып тұрғызып кетті. Немістер ататын адамын осылай саптан шығарып алушы еді. Құдай сақтасын! Үлкен бастықтың қасында үйірлі қасқырдай бір топ офицер құрақ ұшып жүр. Тура мен тұрған тұсқа келгенде, үлкен бастық шүйіліп тоқтай қалды. Еңгезердей адам екен. Жүзі тарғылданып, өңі қуқыл тартқан, бірақ жанары нұрлы сияқты сезілді. Нөкерлердің біріне мені нұсқап, міңк еткендей болды. Жұлқынып тұрған бір жендет желкемнен бір ұстап дедектетіп саптан алып шықты. Иманымды үйіріп жібердім. Бірақ үлкен бастықтың өзі маған қарап күліп тұр.

– Қазақсың ба? – деп ақырып қалды.

Қапелімде аузыма сөз түспей қалды, өңім бе, түсім бе, есеңгіреп тұрдым да қалдым. Үлкен бастық:

– Эй, қазақсың ба деймін саған! – деп тағы ақырды.

Мен:

– Қазақпын, – дедім.

Ол жымиып иық қақты. Бір офицердің жетегінде дедектеп кетіп барамын. Дедектеген күйі штабтың екінші қабатындағы кең бөлмеден бір-ақ шықтым. Алдымда тағы бір-екі қазақ отыр, менің ізімді басып тағы тоғыз қазақ келді, барлығы он екі адам болдық. Бәрімізді шырқырата айдап барып моншаға түсірді. Шыққан соң су жаңа киім кигізді. Құдалыққа келгендей ырғап-жырғап қалдық. Не үшін былай? Бәрі құпия. Ортамызда жасы қырықтар шамасында Қарақалпақстанның бір қазағы бар еді, өзі аңқаулау, сол кісі: «Мүмкін бізді тойдырып алып ататын шығар» – деп сақалын сипап мәз. Мұнда қандай құпия бар? Ана үлкен бастық қазақша қайдан біледі? Мүмкін қазақ емес пе өзі? Әй қайдам, көкшегір ақ тарғыл қазақ болу мүмкін бе? Арада бір апта өтті. Тамақ тоқ, киім көк. Немістер бізге бұрынғыдай оқты көзін атпайды, жып-жылы қарайды. Жетінші күн дегенде бәрімізді жеңіл қарауылмен жүк машинаға отырғызып алып жүрді, тағы бір үлкен қалаға келіп кірдік. Биік дуалмен қоршалған берік қорғанның ішіне әкеліп түсірді. Қонақүйге орналастырды, тамақтандырды. Түс ауған соң қаздай тізілтіп алып жүрді, кең сарайды өрлеп келеміз. Жағалай жасауыл, қырғын қарауыл. Түкпірдегі бөлменің есігі ашылды. Мәссаған, анау күнгі қазақша сөйлеген фашист көкеміз сонау төрде отыр. Таза қазақша: – Кәне, жігіттер, төрлетіңдер! – деп күліп қояды. Біз де құрақ ұшып жатырмыз. Бастық орнынан тұрып, белдігін түзеп алып, кең кабинетте ерсілі-қарсылы адымдады, кілт тоқтады. «Қараторғай» әнін білетіндерің бар ма?» дегені. «Білеміз», – деп  шу еттік. Бірінші болып мен Сырдың «Қараторғайын» жібердім.

Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл,

Албырап екі бетің жанар гүл-гүл,

Пейіштің гүлжамылған сарайында,

Сайраған тотықұстай сен бір бұлбұл.

Салайын мен әніме,

Қараторғай, қараторғай!

Бұрын аңғармаппын, «Қараторғайдың» түрі көп екен. Арқа жақтың бір жігіті Сырымбеттің «Қараторғайына» басты. Сонымен, кезек-кезек «қараторғайлатып» жатырмыз. Әрең тоқтадық. Фашист бастық үнсіз, терең күрсініп ойланып отыр. Біршама етіміз үйренген соң, «Сіз кімсіз?» деп сұрадық. Бастық орнынан тұрды, қасымызға келіп жайғасты. «Сібір жақта тек қазақтар қоныстанған «Қарасу» дейтін ауыл бар. Сол елдің ақсақалы Ақмырзаның өкіл ұлы боламын, қазақша атым Балдамир» деді. Содан әңгімесін бастады. Балдамир бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде орыстардың қолына тұтқынға түскен екен. Сібірде түрмеде болған. Содан 1917 жылы патша құлап, дүние бүлінгенде оны түрмеден босатқан, бірақ өкпеге тиген суықтың кесірінен өлімші халге жеткен. Түрменің  қырық тесік госпиталында ажалын күтіп жатады. Бір күні госпитальға қою қара мұртынан май тамған, қара түлкі ішіктерін құлпыртып киген қазақтар келеді. Түрме бастықтарымен тамыр болу керек, «мына өлгелі жатқан немістің баласын маған бер» деп сұрап алады. Ауруды жылы орап алып шанаға салады да ауылына тартады. Шанаға таңылған неміс есін жиса, мұртты қазақ делбесін қағып қойып, орманды жаңғыртып ән салып келеді. Сондағы әні осы «Қараторғай» екен. Балдамирдың есінде мәңгі жатталып қалған. Қазақтар ауру немісті үйіне әкеліп, қысырақтың қымызын беріп, тыңайтады, көк шыққанда адам қатарына қосылған Балдамир, немісше Валдемар, жыл жетпей қазақша үйреніп алады.

Ақмырза алыс жолдағы ел-жұртты шақырып, той жасап, Балдамирге жілік ұстатып бала қылады. Жылжып жылдар, ағып айлар өтеді. Балдамир қазақтардың ортасында ойнап-күліп жүре береді, бірақ заманның тарылып келе жатқанын аңдаған Ақмырза: «Балам, саған айтар екі ұсынысым бар. Қайсысын қабылдайсың, оны өзің шеш. Балдамир, бірінші айтарым үйлен де осында қал, аға-інілерің бар, сені жалғызсыратпайды. Екінші айтарым, заман тарылып келеді, алда қандай күн туары бір Аллаға аян, не болмаса еліңе қайт» дейді. Содан ойлана келе Балдамир еліне қайтуға шешім қабылдапты. Ақмырза әкесі жиған алтын бұйымдарын сатып, Петерборға адам аттандырып, төлқұжатын жасатып береді. Содан 1930 жылы туған қаласы Дрезденге оралады. «Мені Омбыға дейін шығарып салған Ақмырза әкем «Балдамир, қарағым, саған бір аманатым бар, қай жерде қазақтың баласын көрсең, қамқор бол» – деді. Мен көкеме ант бердім. Қазір Германияның солтүстік өңірі бойынша стратегиялық маңызды құрлығын басқарып отырып, көкемнің аманатын орындайын деп, тұтқындарды аралап, осы қазақ болар дегендердің бәрін құтқарып жүрмін.

Барлығымыз Балдамирдың әңгімесін көзімізге жас алып тыңдадық. Ол бізді текке жатқызып қойған жоқ, жұмыс істетті. Жергілікті адамдармен тең дәрежеде өмір сүрдік. Тіпті өзіне қарасты құрлықтың барлық шенді офицерлерін жинап алып, бізге концерт қойғызды. Сайрандаумен екі жарым жыл өтті. Бір күні бәрімізді Балдамир шақырып: «Осылай да осылай, соғыс тағдыры қиындады, немістер жеңілетін түріміз бар. Ертең сендер елге барғанда бәріңді тексереді, атып жіберуі де мүмкін. Сондықтан мен сендерді басқа жаққа ауыстырмақпын. Италияға барасыңдар, сонда американдықтардың бақылауымен өткен соғыс тұтқындары бар, соларға қосамын. Барлық құжаттарыңды сақадай сай жасаттым. Американдықтардың қолында болғандарды Совет елі жазалай қоймас. Екінші шартым, бір-біріңді ұмытыңдар және айтпаңдар» деді. Көреген қазақ Ақмырзаның аманатының арқасында дүниеден аман шығып, бір қайырымды фашист Балдамирдың көмегімен елге келген соң сотталмай, аман қалдық» деп әңгімесін аяқтады. Жаңғали қария бұл әңгімені бізге тұңғыш рет айтып беріп отырғанын жеткізді» деп Мүтәлі Көбейұлы «Ютуб» каналынан тыңдағанын бізбен бөлісті.

Автордан: Бірінші дүниежүзілік соғыста орыстарға тұтқынға түскен осыған орайлас тағдыр кешкен, бұрынғы Югославия Коммунистік Партиясының бірінші хатшысы Бороз Тито кезінде Сібірдегі түрмеден қашып, Сібір қазағының үйінде екі жыл паналап, қазақ тілін және әдет-ғұрпын жақсы меңгеріп еліне қайтқан. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін, 50-жылдардың басында мемлекет басшысы ретінде Бороз Тито КСРО-ға келіп, өзінің негізгі мақсаттарын орындағаннан кейін Ресейдің Сібір өлкесіндегі өзі паналаған қазақты сұрап білген. КСРО басшыларының рұқсатымен арнайы өзі паналаған қазақтың үйіне келіп, хал-жағдайын білген. Қиын жағдайда қамқорлық жасаған және еліне қайтуға көмектескеніне, жақсылығына риза болған Бороз Тито әкесіндей болған қазаққа «Волга» жеңіл автокөлігін сыйға тартқан. Кейіннен КСРО жағы жеңіл көлікке жеке адамның құқығы жоқ деп алып қойған. Бороз Тито өзінің өмірбаянында югослав, орыс, қазақ тілдерін білетіндігін жазған. Міне, осындай жағдай болған. Тағдырдың тартуымен Бороз Тито мен Балдамирдың өмірлері ұқсас болған.

Рысбай  Кәрімов,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: