Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қиындықтан ауызбіршілік алып шығады

08.06.2021, 14:25 1023

HALYQLINE.KZ

Жуырда Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімінің жанындағы «Баспасөз орталығында» аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков пен «Қазалы Су шар» өндірістік бөлімшесінің бастығы Бабахан Таймановтың қатысуымен өткен басқосудан үлкен әсер алдық. Брифинг барысында облыстық, аудандық БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға спикерлердің жан-жақты әрі толыққанды жауап қайтаруы олардың өз саласынан тәжірибелері мол екендігін аңғартты.

Журналистермен пікір бөліскен Күнтілес Айдарбекұлы мен Бабахан Тайманов атқарылған жұмыстарға қоса бүгінгі таңдағы ең өзекті жайттарды да бүгіп қалмады. Сырдария өзенінде су көлемінің тапшы болып тұрғаны ешкімге құпия емес. Бұл егінін баптап, бақшасын егіп, төрт түлігін өсірген ауылдағы ағайынға айтарлықтай әсер етуде. Десе де, қазалылық ағайындар да қол қусырып отырған жоқ. Ауданның жаңадан тағайындалған әкімі Мұхтар Оразбаевтан бастап салаға қатысы бар қатардағы мамандарға дейін күрделі түйіннің шешімін қарастыруды тұрақты назарда ұстайды.

Осы бағытта ауданда шаруа қожалықтары жетекшілері, кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліпті. Сондай-ақ қыс қамын қамдап, мал азығын дайындау мәселесі де талқыланған. Ауылдық округ әкімдеріне келген суды тиімді пайдалануды, су кезектілігін реттеуді ұйымдастыруға тапсырма беріліпті.

Ағымдағы жылы аудан бойынша 17685 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген екен. Алайда су тапшылығына байланысты 50 га күріш дақылы межеден кем орындалыпты. Яғни, 6587 га жерге (меже 6637 га 99,2%) күріш егілген. Егілген күріштің 6253 гектары (96,5 %) суға бастырылды. Суға бастыру жұмыстары алдағы 4-5 күнде аяқталады деп күтілуде.

«Ауданда ақ егіс пен картоп, көкөніс, бақша, тары және күнбағыс дақылдарын егу жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, 2648 га (100%) жаңа жоңышқа, 40 га (36,3%, меже 110 га) мақсары, 230 га (40,3%, меже 570 га) жаздық бидай, 300 га (100%) картоп, 900 га (100%) көкөніс, 1050 (100%) бақша, 15 га (100%) күнбағыс, 30 га (100%) тары егіліп, 4690 га ескі жоңышқа күтімге алынды.

Бірақ, жауын-шашын мөлшері шамадан тыс аз түсуіне байланысты егістік жерлерде құрғақшылық болып, ерте егілетін ақ егіс дақылдарын егуге қолайсыздық туындатты. Салдарынан 340 га жаздық бидай, 70 га мақсары және 135 га сүрлемдік жүгері дақылы егілмей қалды.

Дақылдарды вегетация кезінде тұрақты түрде суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық қажеттілікке 622,63 млн м³ суармалы су лимитіне (егіске 352,63 млн м³, экологиялық қажеттілікке 270,0 млн м³) келісім алынды. Қазіргі таңда Қазалы су торабына 54 м3/сек су келуде. Оң жаға арнасына секундына 20 м3 су, Сол жаға арнасына 28 м3су босатылуда. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 6,0 м3 су жіберілуде» дейді мамандар.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп текке айтылмаса керек. Яғни, қиындықтан қазалылықтардың ауызбіршілігі алып шығады.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: