Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қоғамдағы дауды өзіміз туындатып отырмыз»

27.05.2021, 12:30 821

Нұрлан  КӨБЕГЕНҰЛЫ,

Қызылорда  облыстық қоғамдық  кеңестің  мүшесі:

– Өзіңізді қоғамдық мәселелердің белорта­сында жүретін, елге, халыққа болсын деген азамат ретінде жақсы білеміз. Түрлі қоғамдық ұйымдарға мүше болып, түрлі мәселе көтеріп жүрсіз. Қателеспесем, жақында ғана облыстық қоғамдық кеңес құрамында облыстың бірқатар ауданына барып келдіңіз. Не көрдіңіз, көңілге не түйдіңіз?

– Елімізде «Халық үніне құлақ асатын үкімет» деген тұжырымдама бар. Осы тұжырымдамамен астасатын қоғамдық кеңестің негізгі жұмысы да осы – ашықтық, ашық отырыс жасау, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету. Осы бағытты ұстанған облыс­тық  қоғамдық кеңес өзінің жылдық жоспарына сәйкес әртүрлі отырыстар өткізіп келе­ді. Соның бір дәлелі, жақында Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарына іссапарға шығып, аудандық қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйым басшыларымен, олардың мүше­лерімен, жастармен, ауданның белсенді азаматтарымен кездестік. Әрине, елде мәселе жоқ емес, бар. Сонда байқағанымыз, олар бұрын-соңды біз естімеген жағдайларды да ортаға салды. Біз ашықтықты қамтамасыз ететін болғандықтан, еркін форматта олардың өз пікірлерін, ойларын, елдегі ділгір, шешу керек мәселелерді айтуға мүмкіндік бердік. «Қоғамдық кеңес туралы» заңға түсіндіру жұмыстарын  жүргіздік.

Жеке-жеке тоқталар болсам, Сырдария ауданындағы ең өзекті мәселе – жер дауы бас­қосуда бірінші көтерілді. Мәселен, Шаған, Қоғалыкөл, Тоқмағанбетов ауылдарындағы мәселелер әлі түпкілікті шешіле қойған жоқ. Ірі шаруашылықтар мен жер үлескерлерінің арасындағы дау тек аудандық деңгейде емес, облыстық,  тіпті республикалық деңгейге дейін шығып кеткен жағдайы бар. Осы мәселе сол отырыста айтылды, ондағы белгілі ірі шаруашылық қожайындарының әрекеттері де ортаға салынды. Айналып келгенде, олар бір-бірімен түсінбестік туындағаннан кейін сотқа жүгінген. Қазір соттың шешімін күтіп отыр екен. Әдетте, кешіріммен қарап, ымыра­ға келе­тін жағдайлар болады, алайда мына жағдайда түсініспей, соңы дауға ұласқан. Оның себебін сұраған кезде қазір ауыл тұрғындары жұмыссыз, өзіне тиесілі әу бастағы жер үлесін алып, сол жерге күріш, бақша дақылдарын егіп, содан күнкөрісін жасауға болатындығын білген. Бірақ, кезінде сол құжаттың дұрыс болмағандығына байланысты жер үлес­керлерге берілмей, жеке басқарушылар ие болып, түсінбеушілікпен болып жатқан жағдай екеніне  көзіміз  жетті.

Жалағаш ауданындағы мәселе­ге келсек, аудан тұрғындары аудан мен облыс орталығындағы жолдың көлікті де, жолаушыны да шаршатқанын алға тартты. Жалағаштан Қармақшыға дейінгі жол жақсы да, Қызылорда қаласына дейінгі жолдың деңгейі өте төмен. Бұл мәселе төрт-бес жылдың айналасында айтылғанымен, шешілмей келе жатқандығын жиналғандар жасырмай айтты. «Жалағаш – Қызылорда» тасжолының жөндеу қар­жысы шешіліп тұрғанын, биыл басталатынын естіген едік. Бірақ, осы күнге дейін бітпей тұрғаны жалағаш­тықтарды қатты алаңдатып отырғанын  білдік.

Аудандағы кәріз жүйесі, тұрмыс­тық қатты қалдықтар төгетін поли­гон құрылысы, мектептерде 15 жыл­ға дейін спорттық инвентарьдың алынбауы секілді мәселелер де әлі күн тәртібінде екенін тұрғындар жа­сыр­май  айтты.

Жалағаштағы тағы бір мәселе – жайылымдық жердің аздығы. Мал шаруашылығымен айналысатындардың төрт түлігін жаятын жерінің тапшылығы жергілікті жерде шешілмей тұрғаны бізді де ойлан­дырды. Дегенмен жергілікті әкімшілік игерілмеген 6500 га жерді қайтаруға жұмыс жасап жатқаны тура­лы  айтты.

Қармақшы ауданындағы мәселе денсаулық саласына қатысты. Дәрігерлердің, әсіресе, лор, нейро­хирург мамандарының жоқтығы салдарынан бірі Қазалыға, бірі Қызылордаға баратындағы, осы күнге дейін маман тапшылығының болуы, оған мән берілмей келе жатқаны да бұл өңірде мәселенің барын байқатады. Сол ауданнан сайланған үш бірдей облыстық мәслихат депутаты бар болғанымен олардың осы мәселеге келгенде, халықпен байланысы жоқтығын, тұрғындармен сөйлеспейтіндігін білдік. Бұл жерде де халық сеніміне ие болу, депутаттарға деген тұрғындардың сенімінің жоқтығы  байқалды.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің ауданға барғандағы жұмыс сапарының мақсаты да сол, елмен етене болып, ашық ойларын білдіруіне мүмкіндік беру, ел ішіндегі мәселелерді өз ортасына салып, оны жергілікті билікке жеткізіп, шешу жолына назар аударту. Осы мәселе егер аудан көлемінде түпкілікті шешілмесе, онда аудандық қоғамдық кеңес жұмысының әлсіздігін танытады, жергілікті биліктің де халықпен қарым-қатынасын таразылайды, сондай-ақ халық қалаулысы атанған депутаттардың да өздерін сайлаған сайлау­шыларымен арадағы байланыстың жоқтығын  байқатады.

– Мұндай мәселелер тек аудан орта­лығы мен шалғай елді мекендерде ғана кездеспейді. Қызылорда қала­сында да шетін мәселелер барын жасы­ра  алмаймыз.  Оған  не айтасыз?

– Дұрыс айтасыз. Қаланың мәселесі өз алдына. Бір коммуналдық саланың өзі қалалықтарды шаршатып тұр ғой. Ауызсу, аяқсу, энергия, газ, көгалдандыру – бүгінгі күні күйіп тұрған мәселелер. Әрине, бұл биыл пайда болған жоқ, алдыңғы әкімдерден қалған мәселелер деп айтар едім. Өйткені біз бұған дейін пандус мәселесін көтердік. Журна­лист ретінде зерттедік, қаладағы бұрынғы ғимараттарды былай қойғанда, қазіргі жаңадан салынып жатқан нысандардың, мысалы қайта жаңғыртылған «Сыр Ана» монументіне арбаға таңылған жандардың мініп-түсуіне, еркін жүруіне ешқандай мүмкіндік жасалмағанын жергілікті биліктің назарына салдық. Соны біле тұра биліктің көзжұмбайлыққа салынып тұрғанын түсінбейсің. Ол ол дейікші, енді салынып жатқан сол жағалауда арбада­ғы мүмкіндігі шектеулі жандар тротуармен жүре алмайды. Сұмдық ғой бұл! Жарымжан жандардың өзі – жарты адам, олардың жағ­дайын жасау­дың орнына кемсіткендей әрекет жаса­ғаны, әрине, дұрыс емес деп ойлаймын.

Мүгедектер тарапынан ұсыныс­тар да айтылды. Тиісті мекеме қыз­меткерлерінің кей жарымжан жандарға құлақ аспай, жүре сөйле­сетінін, тіпті кейде дауыс көтере­тінін қандай адамгершілікке сыйғызуға болады?! Олар «2, 3-топтағы мүгедектерге қоғамдық көлікте жүруге 50 пайыздық жеңілдік берілсе» деген ұсыныс айтты. Және қалада 3-топтағы мүгедектер жетерлік, олардың бәрі жұмыссыз, жұмыс беру­шілер ол топтағыларды жұмыс­қа алмайды, мүмкіндігі шектеулі деп есептейді. Демек, жұмыссыздық мәселесі бар екенін де жасыра алмайсыз. Сондай-ақ, олар жылына бір рет жолдамамен сауықтыру орындарына барады екен, бұл жерде де мәселе бар. Осы тұста мүгедектер қалалық жұмыспен қамту бөлімімен арадағы байланыстың жөнді емес­тігін де жеткізді. Парламент депутаттарының шығарған заңдарының шикілігін кәдімгідей бетімізге бас­ты. Айтар болсақ, бір аяғынан айы­рылған адамдарға мүгедектік беру үшін екі-үш жыл күту керек екен. «Екі-үш жыл күткенде, аяғымыздың қайтадан шығып кетпейтіні белгілі ғой» деп күйінеді. Сондықтан бұл заңдарға өзгерістер енгізілгенін, сол мезетте мүгедектік  берілгендігін қалай­ды.

Бұл айтылғандар мүгедектерге байланысты тақырыптың ауқымдылығын көрсетеді. Әйтпесе, қала­да басқа мәселелер де жетіп артылады. Жолаушылар тасымалында да көп проблема бар, автобустардың уақытылы жүрмеуі, қаланың санитарлық тазалығы, айта берсе, облыс орталығында өзекті мәселелер шаш етектен. Әрине, қаланың қазіргі әкімі орны-орнымен әрбір сала бойын­ша жұмыс істеп жатыр, біз соған  қуанып  отырмыз. Егер жүйе-жүйемен жұмыс істелетін болса, бәрі 100 пайыз болмаса да, ретке келеді.

– Жалпы, қоғамда неге көңіліңіз толмайды, нені жақсы қабылдадыңыз?

– Бізде жақсы заңдар қабылдан­ған. Бірақ сол заңдар өз деңгейінде орындалмайды. Менің көңілім толмайтыны – осы. Егер қабылданған дұрыс заң өз деңгейінде орындалса, жоқ жерден мәселе туындамас еді. Сонымен қатар, әрбір сала өз жұмыстарын өз деңгейінде жауапкершілікпен, ұятымен орындамайды. Соның салдарынан қоғамдағы даудың туындауына, келіспеушіліктің болуына көп кесірін тигізеді. Ең бастысы, біздегі үлкен мәселе – сыбайлас жемқорлық. «Жұмысқа тұру үшін пәлен беру керек», «ана мәселені шешу үшін түген теңге беру керек» деген сияқты әңгіменің ел ішінде көп айтылуы. Оны қолмен ұстап алмағаннан кейін білмейміз, бірақ әңгіме желдей есіп жүреді. Біреулер «маманның біліктілігі жоғары болса, парасыз жұмысқа тұрады» дейді, мен танитын жоғары деңгейлі бір азаматтың жұмыс іздеп, қаншама мекемеге барса да, олардың «жұмыс жоқ» деп шығарып салғанын, бірақ «осынша ақша берілсе, жұмысқа алатынын» естігенін маған өкініп отырып айтып бергенде, біз өмір сүріп отырған қоғамда жемқорлық көріністердің бар екеніне амал жоқтықтан келісесің. Осының бәрі қоғамның дамуына өз кедергісін тигізе­ді.

Ал, енді әңгіменің жақсы жағын айтар болсам, бізде мықты азаматтар сол проблемалармен арпалыса жүріп, жақсы дүниелер жасап жатқанына, жөнін білетін жастардың өсіп келе жатқанына қуанасың. Жоғарыда айтқандай, қалаға жаңа әкім келгенде әр сала бойынша көңіл аударып, мәселені шешу жолдарын тауып жүргенін өз басым жылы қабылдадым. Автобусқа мінгенінен бастап, жастармен кездесуі, ауызсу, аяқсу мәселесін шешудегі жұмыстары, жалпы коммуналдық түйткілдердің түйінін тарқатудағы қадамдарын құптадым. Бұл – жақсы дүние.

Қоғамдық кеңесте жүргеніме екінші жыл. Осы уақыт аралығында облыстық қоғамдық кеңесте көп­теген мәселені көтердім. Сол мәселелердің жүзеге асқанына қуанамын, бұл бір жағынан, жергілікті биліктің дұрыс көзқарас қалып­тастырғанымен байланысты. Қызылорда қаласының әкімі жақында ғана келсе де, қоғамдық кеңеспен екі рет кездесіп, қандай мәселелер барын сұрағанына ішім жылыды. Керісінше, келгеніне бір жылдан асқан облыс әкімінің облыстық қоғамдық кеңеспен кездеспегені, әрине, қарныңды аштыртады.

Алдағы жылы «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заңның қабыл­данатыны, қоғамдағы мәселелердің бүкпесіз айтылу керектігі, бұқарамен бірге жұмыс істейтін, қоғамдық пікірмен санасатын ашық үкіметтің болуы және де мемлекеттің қаржысын талан-таражға салмау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу деген сияқты мәселелерге қоғамдық бақылау орнап жатса, онда біздің қоғамда барлығы да өз орнына келеді, бәрінің де көңілі толады деп есептеймін.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: