Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жетімді жылатқан қыз

12.03.2020, 10:13 847

Жұмыстан шыққан соң досының кафесіне кіріп, сыра ішу Азамат­тың күнделікті әдетіне айнал­ған. Сайтан суды аузына алмайтын жігіт күн өткен сайын өзгеріп барады. Міне, бүгін тағы да аяғын шешпестен ас бөлмеге кірді де, тоңазытқышты ашты. Кешегіден қалған ішімдіктің жартысы тұр екен. Көзіне одан басқа ештеңе көрін­беді. Стаканға құйды да көзін тарс жұмып, тартып жіберді. Сүй­ген қызымен арадағы жағдайдан кейін Азамат өзін тым тереңге тастап жіберген болатын…

Азамат – жетім өскен бала. Бала­лар үйінде тәрбиеленіп жүр­генде интернет арқылы Жанармен танысты.­ Жігіт одан жетім екенін жасырмады. Қыз үшін де ол маңызды емес еді. Ең бастысы, оның жаман­ адам еместігін білді. Жанар оңаша қалғанда жігіт туралы анасына айтып көруді жөн санады.

– Қызым-ау, енді жетімге тимек­пісің? Ағайын-туыс не дейді ертең? Бізге де құда-құдағи болар адам  керек, – деді анасы.

– Анашым, мен оны сүйемін. Маған кімнің не айтатыны қызық емес.

Анасы тағы бірдеңе десе, қызымен сөзге келіп қалатынын білді. Бұл тақырып уақытша жабылды. Қызының бұл жаңалығы анасына ұнамағаны рас. Әкесі естісе не бола­рын елестетудің өзі қиын. Құдайым-ау, осынша жыл бетін қақпай өсірген қыздары жалаңаяқ жігітке жар болмақ па?! Жо-жоқ, анасы тірі тұрғанда олай болмайды. Жалғыз қызын іздеуі жоқ біреуге беріп, ел-жұрттың табасына қал­ғысы  келмейді! Не де болса күйеуі­не айтуы тиіс. Бұл жаңалық әкесін де ашуландырды. Үстелді тарс еткі­зіп, жұдырықпен бір ұрды да:

 – Ол қыз есінен адасқан шығар! Соның болашағы деп мен мұнда күні-түні тыным таппай жүрмін, ал ол қайдағы бір жетімге жар болмақшы  ма?

Бұл айғайды Жанар да естіді. Әкесінің бірбеткей мінезін біледі. Ешқашан екі сөйлеген емес. Қазір келіспесе, ертең бұл райынан қайт­пайтыны анық. Бұл уақытта Азамат пен Жанардың сезімдері күннен-күнге оянып, бір-біріне бауыр басып­ та қалған еді. Азамат пәтер мәселесін шешкен бойда екеуі үйленетін болып ниеттеніп жүрген. Ол қыздың әке-шешесінің қарсылығынан мүлде бейхабар еді. Қыз да жасырып жүре берді. Мүмкін көріп, тілдессе, ұнатып кетер деген үмітпен жігітті үйіне шақыруды ойлады. Ол ойын кешкі ас үстінде айтуға  бекінді.  Айтты  да.

– Немене? Енді сол жетімекті үйге әкелмекшісің бе? Болды, жетер­! Енді кездессең, айтпады деме! Ол антұрғанның аяғын аспан­нан  келтіремін.

Әкесін оның жетімдігінен бұрын жалғыз қызына арнайы сатып­ алып қойған пәтер мен екі жер телімінің сол жетімге бұйырып кететіні қатты алаңдатты. Екеуінің арасындағы шынайы сезім оның ойына кіріп-шықпады. Жанарды әке-шешесінің қарсылығы шындап тығырыққа тіреді. Қайткенде де  айтуы тиіс. Бұдан әрі бұл жара­ны­  жүрегінде  сақтай  алмады.

 – Азамат, саған бір мәселе туралы­ айтуым керек. Менің әке-шешем­ екеуміздің кездесуімізге қарсы. Енді білсе, әкем оңдыр­майды. Үйлену туралы тіпті ауыз аштырмады, – деп  жанарынан  жас, жүрегінен мұң төгіле отырып, үйіндегі жағдайды, әкесінің «же­тім­ге  қыз  бермейміз» дегенін де  жасырмады.

Азаматқа мұны есту оңай тиген жоқ. Отырған жерінде үнсіз қалды. Бұл жолғы кездесу екі ғашық үшін көңілсіз аяқталды. Әр кездесуден кейін үйіне сондай бір қуанышпен оралатын Азамат сол күні қайтқысы келген жоқ.

Арада бір апта өткенде Жанардың ұзату тойы туралы сыбыс шықты­. Жалғыз қыздарының өмірінде бір-ақ рет болатын қуанышын ең қымбат мейрамханада өткізбекші. Әкесі қызын өзінің бизнестегі серікте­сінің ұлына жар етуді шешіпті. Екі жақ алдын ала келісіп те қой­ған. Бұл хабар қыздың төбесінен жай түскендей әсер етті. Бірақ, қатал әкенің қаhарынан қаймыққан ол қарсы келе алмады. Амалсыз көнді. Азаматқ­а соңғы рет хабар­лама жіберді де, телефон нөмірін өз­гертті. Сүйіктісінен келген ха­барла­ма жігіттің жүрегіне оқтай қадалды. Оқып отырып тұла бойы бір ысып, бір мұздап сала берді. «Біздің бір бола алмайтынымызға көзім жетті. Қарсылық көп. Қандай кедергі болса да  жеңуге дайын едім, бірақ ата-анамның  қарсы­лығының алдында әлсізбін. Олардың ризашылығын алмай, біз бәрібір бақытты бола алмас едік. Екі күннен кейін мені ұзатқалы жатыр­. Кешір мені, шын сүйсең, кешір…». Таңертең ұйқыдан оян­ған жігіт қызға қоңырау шалды. «Абонент байланыс аясынан тыс жерде». Күніне  жүз рет тереді, бірақ  еститіні – осы  жауап. Жанар­ды өзгеге қия алар емес. «Неге? Неге ғана солай болды? Неге күреспедің? Сені сөзсіз бақытт­ы  етер  едім, сөзсіз…».

Осы бір ащы өкініш алты айдан­ бері Азаматтың жанын жегідей­ жейді. Бар ашуын өзінен алады. Досы да, сырласы да – жұт­қыншақты жырып өтер осы ащы  су…

Мөлдір  ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ,

ҚМУ-дың  4-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: