Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спорт пен мәдениет саласын қосуды қолдамаймын

14.05.2021, 11:00 923

Алмат  ҚОДАРОВ,

самбодан  екі  дүркін  Азия  чемпионатының  күміс  жүлдегері:

Сыр елінің топырағында ұлтына қызмет етіп, елінің атағын айға шығарып, дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінген азаматтар аз емес. Жемісті мансаптан кейін де еліне қызмет етуді жөн көріп, өз ауданының спортын дамытуға атсалысып жүрген жандар да бар. Біздің кезекті кейіпкеріміз – Қармақшының тумасы, самбодан екі дүркін Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР халықаралық спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші Алмат Қодаров. Азияның алпауытына айналған Алмат бүгінде Қармақшы ауданы №15 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған спорт мектебінің директоры қызметін атқарып жүр. Кәсіби мансабын аяқтаса да, спорттан алыстамаған жанның айтары мол. Сол үшін де қармақшылық  балуанмен  сұхбаттасуды  жөн  көрдік.

КАРАНТИННІҢ  АРҚАСЫНДА  СПОРТҚА  СҰРАНЫС  АРТТЫ

– Алмат аға, әңгімемізді спорттағы алғашқы қадамыңыздан бастасақ…

– Жастайымнан спорттың айналасында жүрмін. Жалпы, спортқа бесінші сыныбымда келдім. Содан бастап бүгінгі күнге дейін айналысып келемін. Әдепкіде ағаларым күреске қатысып жүргенде қызығатынмын. Көше баласы болғандықтан ойнап күресіп жүрдік. Сол бесінші сыныбымда мектепке Әділбек Үргенішбаев деген жаттықтырушы келіп, ауданда самбо секциясы ашылғанын хабарлады. Қармақшылық балаларға бұл спорт түрі қызық болды. Сол үшін барлығымыз барып қатыстық, самбо жайлы білгіміз келді. Спорт жайлы көп дүниені сол жаттықтару­шымыздан үйрендік. Өмір бойына бір ғана жаттықтырушым болған. Әділбек Үргенішбаевтың жаттығу үлгісі ерекше еді. Оған дайындалуға келген жігіттер соңына дейін қалатын. Балаларды баурап алатын қасие­ті болды. Бізбен бірге жүріп, екінші әкемізге айнала білді. Отбасымызбен де тығыз байланыста болды. Әлемдік додаларға да өзі дайындап алып барды. Маған үлкен сенім артатын еді. Бір жыл дайындап, аудандық жарысқа алып барды. Сонда бірінші орын алдым. Одан соң, облысаралық жарыста екінші орынға ие болдым. Ары қарай республикалық турнирлерде бой көрсетіп жүрдік. Ол кездегі спорт мүлдем бөлек еді.

– Сонда ол кез бен бұл кездің қандай айырмашылығы  бар?

– Қазіргі спорттың деңгейі жоғары. Себебі, осы жылдар ішінде көптеген жаңа әдіс-тәсілдер пайда болды. Одан бөлек, жаңа жаттығу технологиялары да келді. Техникалық тұрғыдан деңгей біршама жоғарылады. Заманмен қатар спорт да дамыды. Бірақ, ұялы телефон пайда болғанын ескерсек, екінші жағынан да қарауға болады. Біздің уақыт бен қазіргі кезді бөліп бағамдауға болады. Мәселен, біздің уақытта жаттығу залындағы дайындықтан бөлек үй, қора жұмыстары бар еді. Олар денеге қосымша жаттығу ретінде жүретін. Соның арқасында шымыр болып, әлемдік жарыстарда күшімізді қолданып жүрдік. Одан бөлек, тұтынатын тамағымыз да табиғи, үйден жасалушы еді. Ал қазір тағамның құрамының өзі күдік тудырады. «Үй жұмыстарының көмегімен дене шынықтыру» деген кенжелеп қалды. Әрине, қаланың балаларына қарағанда ауыл балалары әлі күнге дейін қора жұмыстарына араласады. Сосын да шымыр болып келеді. Дегенмен, ұялы телефонға телміріп, жаттығуға ерініп жататын жастар да кездеседі. Біздің уақытта үйірме ашылса, жастар өзі іздеп барушы еді. Қазір әлеуметтік желінің қызығынан шығып, жаттығуға барулары қиын. Өзімнің балаларым да спортта жүр. Екі ұлым самбо күресін таңдады. Облыстық сайыстардың жеңімпазы болып жүр. Бірақ, сонда да физикалық тұрғыдан бұрынғы кездің спортшылары мықтырақ деп ойлаймын. Бірақ, көпке топырақ шашпаймын. Жастардың арасында да мықты спортшылар  жетерлік.

– Жалпы, Қармақшы ауданы жас­тарының арасында спорт сұранысқа ие ме?

– Негізі сұранысқа ие. Жастар қызығады. Спортпен шұғылданғысы келетіндер бар. Оның үстіне ата-ана­лар да қазіргі таңда бала тәрбиесіне қатты мән береді. Өткен жылы бас­талған карантиннен аудан жастары қажыды десек те болады. Сол үшін де қазір спортқа деген сұраныс одан сайын артты. Үйде жыл бойы жатқан жастар бар күшін спортқа сарқығысы келеді. Бұл жақсы. Карантиннің пайдасы спортқа осылайша тиюде. Сол үшін де санитарлық талаптарды барынша сақтап, таза ауада жаттығу жұмыстарын жалғастырудамыз. Қармақшылық спортшылардың аяқ алысы жаман емес. Жетістіктерге де жетіп  жүр.

ҚАРМАҚШЫДА  ТӘУЕЛСІЗДІК  АЛҒАЛЫ  ЖАТТЫҒУ  ЗАЛЫ  МҮЛДЕМ  САЛЫНБАҒАН

– Бұл ауданнан әлемді аузына қара­тар спортшыларды шығаруға не кедергі?

– Қазіргі кезде жағдай жақсы ғой. Жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қаражат бөлініп отыр. Жаттығуға да жағдайлар жақсы жаса­лып отыр. Дегенмен, жастарды дайындайтын оқу-жаттығу залдарының жағдайы өте нашар. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл өтсе де, кентте әлі бірде-бір спорт залы салынбаған. Бұл спортшылар үшін қолайсыз. Кеңес үкіметінде салынған ескі залдарда дайындалып, жарыс ұйымдастырып жүрміз. Одан бөлек, ескі мекемелерді қайта жасақтап, жөндеп кіріп алдық. Спорт залы мәселесін жылда айтамыз. Бірақ, тек биылғы жылы ғана мәселе шешілді. Осы жылдан қалмай жаңа спорт залын саламыз деп уәде етіп отыр. Егемендік алған уақыттан бергі бірінші спорт залымыз.  Салыстыра  қарасақ, Қазалы ауданына 3 спорт зал салынған. Аралда – екеу, басқа да аудандарға салынып үлгерген. Енді биыл біздің ауданымыз жоспарға кірді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Төретамға салған, ал Қармақшының орталы­ғына енді салынады. Қармақшыда стадион да болмаған еді. «Алтын күз» спартакиадасы бізде өтпейтін тұғын. Негізі  әр жылда әр  ауданда өту керек  жарыс болатын. Бірнеше жылдар бойы тек біздің ауданымызда өтпей тұрды. Десе де, бірнеше жыл бұрын салынып, жарыстар қайта өткізіле  бастады.

– Жастар арасында бұқаралық спортқа қызығушылық болғанымен, жаттығатын  жағдай  жоқ деген сөз бе?

– Иә, солай деуге болады. Бірақ, соңғы жылдары бұл олқылықтың орны толып, ойын, жаттығу алаңдары салынып жатыр. Десе де, спорт зал мәселесі әлі де өзекті.

– Салынғалы жатқан спорт зал аудан жастарын толық қамтамасыз ете ала ма?

– Өкінішке қарай, жоқ. Аудан жастарын толық қамтамасыз ету үшін тағы да жаттығу залдарын салу керек. Оның үстіне бізде 15 спорт түрі бар. Ол спорт залда командалық спорт түрлерінен ғана ойнай алады. Бірақ, күрес ойындарын өткізе алмай­мыз. Жаңадан салынғалы жатқан спорт залы күреске арналмаған. Балуандар әзірге ескі ғимаратта дайындалу­ға мәжбүр. Жаңа ғимаратты жылда сұраймыз. Балуандарымыз да жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Алайда жаңа ғимарат қашан бұйыратыны әлі белгісіз.

– Өзіңіздің қазіргі қызметіңізге келсек. Спорт мектебіңізде қандай жағымды  жаңалықтар  бар?

– Қызылорда қаласында самбо­дан жасөспірімдер арасында Қазақ­стан чемпионаты өтті. Сол жерде біздің мектептің 4 спортшысы финалға шығып, екеуі алтын, екеуі күміске қол жеткізді. Жақында Ташкент қаласында Азия чемпионаты өтеді. Соған төртеуі де қатысатын болады. Алақандай ауданнан төрт бірдей қаракөзіміз Азияны бағындыруға тырысуға барады. Жарысқа Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері алып барады. Мен де баруға тырысамын. Оқушыларымның жанында әрдайым болуға тырысамын.

ЕЛІМІЗДЕ  САМБОҒА  ТИІСІНШЕ  КӨҢІЛ  БӨЛІНБЕЙДІ

– Спортта ақты ақ, қараны қара деп басып айтуға мүмкіндік бар ма?

– Әр адамға байланысты. Жеке өзіме келсем, мен мәселені ашып айтудан қаймықпаймын. Бірақ, айт­пай басын ала қашатындар да бар. Десе де, қарсы шықты деп әлі күнге дейін соңыма түсіп, аңдыған басшы болмапты.

– Еліміздегі спортқа басшылық етіп жүргендердің жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Жүйе жоқ секілді. Дәлірек айт­сақ, дұрыс қойылмаған. Қарап отырсақ, елімізде спорт министрлігі де жоқ ғой. Мәдениет және спорт министрлігі бар. Оған басшы етіп мәдениет саласының адамын қояды. Биыл аудандық спорт бөлімін де мәдениетке қосайын деп жатыр. Спорт деген мүлдем басқа сала екенін ұмытпау керек. Мәдениеттің адамы спортты түсінеді деп айта алмаймын. Шикіліктің барлығы содан кетіп жатыр деп ойлаймын. Менің ойымша бөлу керек. Сахнаның серкесі бозкілемнің тауы мен тасынан хабарсыз  болады.

– Спортшының саясатқа араласқанын  қолдайсыз ба?

– Иә, жоғарыда айтқандай спорт жағын спортшылар басқару қажет. Спорт айналасында, басқару қызметтерінде бұрынғы спортшылардың жүргені дұрыс. Бірақ, басқа салаға бас сұғудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Спортқа жаны ашитын азаматтар отыру керек, олар ненің қалай  болатынын  жақсы  біледі.

– Жалпы, әлемдік аренадағы қазақстандық самбоның әлеуеті қалай?

– Орташа деп айтуға болады. Жылда әлем чемпиондары шығып жатыр. Шүкір! Алайда біздің елімізде самбоға мүлдем мән берілмейді. Олимпиадалық спорт түріне жатпа­ған соң, көңіл бөлінбейді. Федерацияның басшылығы жылда ауысып жатады. Осы себепті тұрақсыздық пайда болды. Жарыстар да тұрақты жүрмейді. Федерация жұмыстары жүйеленіп, спортшыларға стипендиясы мен спорттық киімдері дер кезінде беріліп тұрса, жақсы болар еді. Алайда бұл жағы сәл кенжелеп тұр. Басқа спорт түрлерінде бұл мәселе емес. Дәл осы самбода ғана осындай қиыншылықтар көп. Самбоға қарағанда басқа спорттардың шоқтығын биік көтеріп жүр. Бірақ, спортшылардың  деңгейі  жоғары.

АЗИЯ  ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ  ФИНАЛЫНДА  ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ  ҰШЫРАДЫМ

– Спорт – саясат па? Сіздің мансабыңыздағы әділетсіздіктер жайлы сөйлессек…

– Жалпы, спортта әділетсіздіктер көп болады деп айту қиын. Тек екі бірдей мықты шығып қалған жағ­дайда ғана біреуіне төрешілердің бүйрегі бұрып кетуі мүмкін. Ондай­ды естіп те жүрміз. Бірақ, шын мықты болсаң, қарсыласыңа бозкілемде мүмкіндік берме. Сен толыққанды жеңіп тұрсаң, төрешілер не десе де қарсылық білдіре алмайды. Мен спорт манса­бымда көп әділетсіз­дікке ұшырадым деп айта алмаймын. Бірақ, қиындықтар болды. Жас кезімізде жарысқа баруға қаражат таппай қиналатынбыз. Ол кезде елде дағдарыс, спортқа қазіргідей көңіл бөлінбейді. Сол кезде бас бапкеріміз кәсіпкерлерді аралап, аудан тұр­ғын­дары көмектесіп, қажетті қаржыны тауып беріп  жіберетін. Қазір спорт­шылар­ға қаржыдан  қиындық  жоқ.

Тек екінші Азия чемпионатының финалында әділетсіздікке ұшыраған сияқтымын. Алғашқы Азия чемпио­натында Оралда болдым. Бірінші өзбек балуанымен күрестім. Сосын қыр­ғызбен, одан соң тәжікпен күресіп, финалға өттім. Финалда моңғолдық балуанмен шықтым. Жеңісіме сенімді болғанмын. Бірақ, жарыс алдында 7 кило салмақ тас­тап, сол түні көп тамақ жеп қойған болуым керек, финал күні сәл бабымда бола алмай қалдым. Финалда моңғолды 8:0 есебімен ұтып жатқанмын, бірақ бабымнан айырылғанымның әсерінен есеп 8:9 есебімен аяқталды. Екінші Азия чемпионаты Өзбекстанда болды. Финалға қиналмай жеттім. Тек ақтық сында төрешілердің бүйрегі өзбек балуанға бұрып, менің бір әдісімді есепке алмады. Бірақ, федерация менен алтын  күтіп  еді.

– Жалпы, спортшының бағы мен бабы қатар жүру керек ғой. Сол бапты қатарға қалай қосамыз?

– Спортшы бір жарысқа дайын­далу барысында көптеген тер төгеді. Спортта оңай жеңіс деген түсінік болмайды. Қорықпай күресу бөлек, бірақ бапқа келудің өзі маңызды. Мәселен, атты баптағанда «бабына келіп тұр, енді шаптыр» дейді ғой. Сол секілді баланы жарысқа дейін бабына келтіру керек. Ол – жаттықтырушының міндеті. Кейбіреулері бабына келмей қалса, кейбіреулер ары өтіп кетеді. Оны орысша «спад» дейді. Баланың организмі көтермей қалуы мүмкін. Күнделікті спортшының дене қызуын өлшеп, пульсті бақылауда ұстау қажет. Дәрігер мен бапкер екеуі отырып, спортшыны жарысқа алдын ала дайындайды. Жейтін тамағы мен дәрумендерін де бақылауда ұстау керек. Мұндай бақылау біздің елімізде кенжелеп  тұр  десе  де  болады.

– Жақында жазғы Олимпиада өтеді. Ұлттық құрамадан жанкүйер ретінде  не  күтесіз?

– Үміт көп. Кем дегенде 5 алтын иеленеді деп ойлаймын. Қазір спорттың бірнеше түрінен отандастарымыз алдыңғы орында. Әсіресе, бокс пен ауыр атлетика спорт түрлерінен қанжығамызды майлайды деп ойлай­мын. Күрес түрлері де жақсы дамып  тұр.

– Сұхбатыңызға  рақмет!

Әңгімелескен  Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: