Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Qyzylorda» телеарнасының қуаты – мықты мамандардың көптігі

29.04.2021, 10:00 1465

Жағыппар ҚАРАБАЛА,

«Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда

облыстық филиалының директоры:

ТЕЛЕАРНА – ҰЖЫМДЫҚ  ЖҰМЫС  ЖҮРЕТІН  ЖЕР

– Жағыппар Аманжолұлы, тәуелсіздікпен бірге түлеген төл арнаның 30 жылдығы құтты болсын! Өткенге көз жүгіртсек, сіз нені көресіз, телеарна тарихына қатысты қандай жайт есіңізге түседі?

– Жалпы, 30 жыл деген аз уақыт емес. Ерекше көп уақыт деуге де келмейді. Бірақ, бір шығармашылық ұжымның жақсылап қалыптасуына жететін мерзім. Бұл сынақтан ұжым жақсы өтті. Әрине, қалыптасу да оңай болған жоқ. Телевидение – бұқаралық ақпарат құралдары ішіндегі ең өндірісі кең, қаражатты көп қажет ететін ұжымдық құрылым. Осы жерде жұмыс істеген ардагер журналист Несібелі Рахмет «Телевидение – шығармашылық ғана емес, синтезді өнер» деп айтып отыратын. Әріптестерге, шығармашылық адамдарына, техника саласының білгірлеріне алғысым шексіз. Мен КазГУ-дың журналистика факультетінде Телерадиожурналистика деген кафедрада оқыдым. Ұстазымыз Нұртілеу Иманғалиұлының алдында Айткүл Шалғынбаева, Қаршыға Есімсейітова бәріміз 4 жыл өндірістік практикадан өтетінбіз. Жұмсайды, зерттейді, тапсырма береді. Біз одан жаман болған жоқпыз.

Әлгінде айтқанымдай,  бұл – ұжымдық жұмыс істейтін жер. Сондықтан,  сол  кездегі   мықты   мамандардың  телевидение­нің  басы-қасында болғаны маған көп көмектесті. Мен Жезқаз­ғанның облыстық газетінен облыстық телерадиокомпания­ға бірден төр­ағаның орынбасары болып шақырылдым. Менің телерадиожурналис­тикада маманданғаным, Одақтың кезінде Орта­лық телевидениеде диплом алдындағы 40 күндік практикамды өткізгенім, жалпы айт­қанда осы саладағы тәжірибем әсер етті. Айтайын дегенім, сол кездегі басшыларымның, ұстаздарымның, журналистердің, инже­нер-техниктердің, тағы да басқа қызмет­керлердің  жұдырықтай жұмылып хабар шығарғаны осы  күнге  дейін есімде. Ол кезде 1 сағат эфирді 144 адам шығаратынбыз, қазір 80 адам күніне 15 сағат эфирді оңай еңсереді. Сонда техниканың нашарлығы, дамымағаны, процестердің қиын жүретіні ғой. Бүгінгі биіктен қарасаң, еңбек жасаған және соны ұйымдастыра білген Жақсылық Бекқожаев, Есенгелді Шілдебаев тағы да басқа ұстаздарымыздың еселі еңбегін көресің. Олардың интеллектуалдық потенциалы жоғары еді. Жақсы журналистер көп, бірақ бүкіл халықты маңайына жинай алатын адамдар аз. Телевидение алғаш хабар тарата бастағанда жұмыс істеген барша қызметкерлердің сол кездегі өлермендігі – үлкен ерлік. Мен солай  дер едім.

ПАНДЕМИЯ  ЭФИРІМІЗГЕ  ҚАТТЫ  ӘСЕР  ЕТТІ

– Төл арна төл мерекесін қалай тойлауды жоспарлап отыр?

– Біз 20, 25 жылдық мерекелерімізді үлкен форматта ұйымдас­тырдық. Қазіргі жағдай бұған мүмкіндік беріп тұрған жоқ. Өзіміздің 30 жылдағы тарихымыз, жетістіктеріміз туралы өңірлік коммуникациялар орталығында брифинг береміз. Оған ардагерлеріміз, түлектеріміз қатысады. Облыс әкімі ұжымның бір бөлігін қабылдайды. 30 сәуірде, яғни телеарнаның 30 жылдығы күні эфирде әрқайсысы 1 сағаттан 3 рет тікелей эфирде көрермендерімізбен қауышамыз. Шағын телемарафон форматында өтеді, бірақ мазмұндық жағынан жоғары деңгейде алып шығатын боламыз.

– Пандемияның алғашқы кезеңінде ел-жұрт ресми мәлімет­терге қатты сүйенді, күтті, оқыды, қарады. Жергілікті БАҚ ұжым­дары шынайы ақпараттарды ұсынуда аянып қалмады. Оның ішінде «Qyzylorda» телеарнасы да бар. Жалпы, шектеу шаралары телеарна жұмысына қаншалықты әсер етті, қандай қиындықтар болды?

– Шектеу шаралары біздің эфирімізге де қатты әсер етті. Себе­бі, бұрын ешқандай кедергі туындамай, кез келген жерден ақпарат алып, сол күні түске дейін біреуін, түстен кейін екіншісін беретін­біз. Ал, алғашында блок-бекеттерден өтудің өзі қиын болды, кейде мүмкін болмады. Әдепкіде блок-бекетті қойып жатқан жауаптылардың өзі механизмдерін білген жоқ. Пандемия, шектеу шаралары бұрын-соңды болмағаннан соң, медициналық тұрғыдан ұйым­дастыруда көп кедергілер болды. Мекеменің ішіне кіре алмай, сыртынан қайтып дегендей. Сол үшін де билікпен айтысып, осыны ұйымдастыратын саланың мамандарымен бірігіп жұмыс істеп, тікелей репортаж жасайтын­дай, жылжымалы телевизиялық станцияларымызды пайдалана­тындай деңгейге жеттік. Мұның бәрін жергілікті билікпен бірге өз талабымыз бойынша жүзеге асырдық. Телевидение­нің функциясы бөлек ғой, ауырып жатқан адамды көрсетпесе, каран­тиннің бар екенін халыққа анықтап айтпаса болмай­ды.

Кедергінің болғаны сондай, қоғамдық көліктің бәрі тоқтап қалды. Бұл шет жақта тұратын қыз-жігіттерге қиындық тудырды. Мұның бәрін еңсеру үшін телеарнаның жанынан қызметкерлеріміздің бір бөлігіне пәтер жалдап беруге мәжбүр болдық. Ел-жұртқа шынайы ақпарат таратамыз деп қауіптің бел ортасында жүрген журналист, операторлардың отбасын сақтау да біздің басты міндетіміз еді. Осындай қиын шақта қыз-жігіттеріміз телеарнаның жұмысын тоқтатпады, қайта абыроймен алып шықты.

Өңірлік коммуникациялар орталығы ұйымдастыратын бри­финг­тердің бір-екеуі біздің телеарнада болды. Үшіншісін мен бергізбей қойдым. Себе­бі, біздің қыз­меткер­лердің біріне індет жұқса, телевидение жұмысы тоқтайды. Ал, аймақта облыстық телеарна біреу ғана. Шешім қабылдау маған оңай болған жоқ. Жағдай тұрақтанғаннан кейін, психологиялық тосқауылдан өткеннен кейін брифингтерді ұйымдастыруға біз де атсалыстық. Көптеген ұжымдармен бірлесе отырып, пандемияның күшін сәл де болса тоқтатуға үлес қостық деп ойлаймын.

БІЗ  ЖАМАН  БОЛУҒА  ТИІС  ЕМЕСПІЗ

– Мұхтар Құл-Мұхаммед, Орынбасар Әлжік, Айтбай Сәулебек, Айткүл Шалғынбаева, Қаршыға Есімсейітова, Нұрғали Ораз, Бақытжан Абызов… Бұл қатарды әлі де жалғастыра беруге болатындай. Курстас достарыңыздың бәрі сен тұр, мен атайындар екен. Бұл сөзім арқылы сізден «БАҚ саласындағы бүгінгі буынның кәсіби шеберлігіне көңіліңіз тола ма?» деп сұрағым келіп отыр.

– Мұндай шоғыр шықпай жатыр, оған келісемін. Біз қазақ тілінде оқыдық. Орыс, ағылшын тілі бар. Қазір жастарда мұндай мүмкіндіктер көп. Онлайн оқи ма, өзге тілді үйренгісі келе ме, өзі біледі және оған жол ашық. Осы тұрғысынан жастардың артықшылығы байқалады. Десе де, жастардың, шығармашыл жастардың ішінде көркем әдебиетті айтпағанда, мерзімді газет-журналдарды оқымайтындары да бар. Оны жазғанынан, сөз саптауынан аңғару қиын емес.

Бір жағынан, «мұндай мықты шоғыр неге шықпайды?» деп айту­ға болмайды. Себебі, ол кезде журналистика факультеті тек Алматыда ғана болды. Екі шығармашылық конкурстан өтіп, содан кейін төрт емтихан тапсыртатын. Шығармашылық конкурстың бірінші туры жазбаша өтетін. Осыдан кейін ешкім журналистикаға шығармашылықсыз, дайындықсыз бармайтын. Журналистикаға келген адам жазудың қыр-сырын, жанрын, спецификасын, подходтарын, принциптерін үйренуге келеді. Ол жерде жазуды үйретпейді, қазір керісінше сияқты.

Тағы  да  айтамын, бізге  ұстаздарымыз журналистиканың  қыр-сырын  үйретті. Өйткені, онсыз да шығармашылық конкурстан өтіп тұрмыз ғой. Бірінші  туры  жаңағыдай,  екіншісі  сұхбат  түрінде.  4 түрлі материалды жазасың, содан сенің шамаң білінеді. Ол конкурс­тар 1 күнге емес, 5 күнге созылуы мүмкін. Келген адам санына және сапалы шәкірт жинау үшін солай өтетін. Жылына бүкіл Қазақста­ннан 50 адам ғана алады. Әрине, содан кейін сапа болады. Қазір  әр  облыс­та  журналистика факультетінде 50-100 студент оқитын  шығар.

Бізге сабақ берген ортақол деген ұстаздың өзі тұлға болатын. Профессордың келген-кеткені, жүріс-тұрысы, өзін ұстағаны қандай керемет еді! Біз сондай мықтылардан сабақ алдық. Сондықтан жаман болуға тиіс емеспіз.

– «Qyzylorda» телеарнасы өз түлектерімен мақтанады. Ал, түлектер облыстық телеарнаны не үшін мақтауы мүмкін?

– Себебі, олар телевидениенің шекпенінен шықты ғой. Осы жерден тәрбие алды. Республикада «Qyzylorda» телеарнасынан түле­ген 60-қа жуық қызметкеріміз бар. Олардың 80%-ы телевидениенің маманы емес ғой. Жалпы, журналистиканы оқып келгенімен, телевидениенің әліппесін осы жерге келіп үйренді, біз үйреттік. Қызмет бердік, айлық бердік. Сондықтан, неге бізді мақтамасқа?

ЖУРНАЛИСТ  ҚАҒАЗ  ҮШІН  ЖАЗБАУЫ  КЕРЕК

– «Айқын» газетіндегі ақын Қатира Жәленованың «Телеарна тамыр­шысы», «Ана тілі» газетіндегі журналист Нұрперзент Домбайдың «Жаны жайсаң азамат», «Сыр бойы» газетіндегі журналист Қайнар Олжайдың «Сыр саңлақтарын самғатқан» деген сіз жайлы жазыл­ған мақалаларды оқыдым. Портреттік мақалаларда сіздің кісілік келбетіңіз, талант танудағы көрегендігіңіз, шығармашылық болмысыңыз толық ашылған. Өзіңізден сұрайықшы, сіз қандай басшысыз?

– Мені ұжымдағы неше жылдан бері бірге келе жатқан әріптес­терім жақсы біледі. Бірақ, мен өзімді жаман басшымын деп ойла­маймын. Себебі, мен университет бітіргеннен кейін Жезқазған облысының Шет ауданына бардым, аудандық, облыстық газетте жұмыс істедім. Облыстық телевидениеде де қолтаңбам қалды. Менің  жолымда  жақсы  адамдар  өте  көп  кездесті.

Жезқазғанның облыстық партия комитетіне жолдамамен барып, тілшілікті ұтып алғанмын. Сағындық Қожамсейітов деген ағамыз идеология бөлімінің меңгерушісі екен. «Жағыппар, өзің Қызылордадан екенсің, Алматыда оқыпсың. Облыс­тық газетке тілші болып жұмысқа кіріскеннен гөрі, елге-ауданға  барып өмір көрсей» деді. «Ертең жауабын берейін» дедім. Солай шешім қабылдадым. Қазір ойласам, Сағындық ағамыз сол кезде бағыт-бағдар бермесе, ұсыныс айтпаса, дәл бұлай қалыптаспаған болар ма едім!?

Жақсылардың шарапатын көп көргеннен соң, мен де «неге сол сабақ­тастықты жалғастырмаймын?» деген принцип ұстанамын, жаман емес шығармын деп ойлаймын.

– Сыр бойының журналистері медиа саласында қандай қателіктерге жол беріп жүр деп ойлайсыз?

– Жалпы, журналистика­ға ешқашан бейжай қарауға болмайды. Себебі, біздің жұмысымыз халыққа арналған. Көркемдік дүние болсын, танымдық болсын, бәрі көрермен, оқырман үшін жазылады. Халық шығармашылықтан бірдеңе алуы керек. Бізге сол шығармашылықты ұйымдастырушылар­дың талап қоя алмайтындығы байқалады. Сондықтан, салмақсыз дүниелер көп. Журналист қағаз үшін жазбауы керек. Журналист «шығармашылығыма  халық  баға береді» деп ойлауы  қажет.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ  ЖАҒДАЙ   ЖАСАЛМАЙДЫ

– Жас журналистердің аға буынмен байланысы үзіліп қалғандай көрінеді…

– Үзілмесе де, үзілуге жақын. Мысалы, бізде мықты-мықты мамандар отыр. Айсұлу Қасымова, Бақыт Қалдыбаева, Айнұр Тұң­ғышбаева, Мөлдір Құлмыр­заева, т.б. Неге олардың біреуі директордың орынбасары, екіншісі бас редактор, үшіншісі шеф редактор болып отыр? Себебі, олар шығармашылығы арқылы ұжымда үстемдікке ие. Теорияны да, практиканы да біледі, сондықтан өзгелер­ден де соны талап ете алады. Біздің телеарнаның қуаты – мықты  мамандардың  көптігі.

– «Qyzylorda» телеарнасының әлеуметтік желілердегі (ютуб канал­ды айтпағанда) парақшалары тым белсенді емес. Ресми сайтта да тек телеарна эфирінен өткен сюжеттер, бағдарламалар, хабарлар ғана жарияланады. Бұл өз кезегінде телеарна жұмысын сәл де болса артқа тартып  тұр  деп  ойламайсыз  ба?

– Жоқ, олай ойламаймын. Менің ұстанымым – көрерменді әлеу­меттік желі емес, экранға үңілтіп отырғызу. Телеарна өнімі тегін және әр үйде бар. Біздегі жетекші мамандардың ұстанымы – негізгі дүниелерді көрермендерге эфирден қарату. Біз желілерге басымдық беріп, соның соңынан кетіп қалсақ, ол – өзіміздің эфирдегі әлсіз­дігімізді мойындағанымыз. Республикадағы аймақтық телеарналар бойынша біз үздік үштіктен түсіп көрген жоқпыз. Көрермені көп арнамыз. Бірақ, заманның талабынан қалмай, телеарнаға қатысты деген дүниелерді әлеуметтік желілерге салып отырамыз.

– «Журналистердің мәртебесін көтеру керек» деген пікір жиі-жиі айтылып тұрады. Осыған қатысты не айтасыз?

– Журналистердің мәртебесін міндетті түрде көтеру керек. Журна­лист – қоғамның мәселесін көтеріп, оның дамуына атса­лысатын маман. Мұны екінің бірі жасай алмайды. Журналист қоғамды тәрбиелейді. Журналистердің мәртебесін құқықтық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да көтеру керек, жақсарту керек. Журналистердің үй алды дегенін естисіз бе?

– Жоқ!

– Көрдіңіз бе, журналистерге жағдай жасалмайды. Осы уақытқа дейін Қызылордада жеңілдікпен үй алды деген журналисті естіген емеспін. Бір ғана қызметкеріміз 13 жыл кезекке тұрып, 2 бөлмелі пәтер алды. Онда да журналист есебінде емес. Біз мемлекеттік органдар­дың жанындағы кәсіпорынға жатамыз. Корпорацияға қарай­мыз, оның облыстағы филиалымыз. Бірақ, мемлекеттік неме­се бюджеттік мекемеге берілетін жеңілдіктердің ешқайсысын иелене алмаймыз. Мемлекеттік мекемелердің айлығы көтеріліп жатқанда біздікі сол күйінде қалады. Журналистің жағдайы барлық жағынан жүйеленіп, бірізге түсуі керек. Сенат, мәжіліс депутаты болып отырған әріптестеріміз бар. Парламенттің деңгейінде көте­ріп, ұсыныс жасап, ары қарай шешілуіне ықпал ету, қозғалу қажет.

БІЗДІҢ  ӨЗ  БИЛІГІМІЗ – ӨЗІМІЗДЕ  ЕМЕС,  ЭФИРДЕ

– Жұмыс уақытыңыз нешеде басталады?

– Жұмысқа 11-12 сағат уақыт бөлемін. Онда да кабинеттегі жұмы­сыма. Басшы болған соң, барлығын бақылауда ұстау керек. Телевидениеде 8 сағат «рамкаға» сыймайды. Әр жарты сағат сайын жаңа хабар шығады, сюжет дайындалады. Міндетті түрде жоспар құрамын. Күндік, апталық, айлық жоспарым бар. Олардың қаншалықты орындалғанын қарап отырамын, орындалуы үшін жұмыс істеймін. Менде, орынбасарымда, бас редакторда сенбі, жексенбі деген болмайды. Біздің өз билігіміз – өзімізде емес, эфирде. Бірақ, мен өз жұмысымнан ләззат аламын.

– 30 жылдығын тойлайтын телеарнаның 15 жылы сіздің басшы­лығыңызбен өтіпті. Жалпы, басшылық қызметте ұзақ отырғанның артық­шылығы, қиындығы туралы білгіміз келеді…

– Артықшылығынан бастайын. Осы саланы толық меңгеру үшін, жұмыстың алға жүруі үшін ұзақ жылдардағы тәжірибем көп көмектесті. Жоғарыда да айттым, біз соңғы 5 жылда республикалық телера­дио корпорация филиалдары арасында 3-орыннан төмен түсіп көрген жоқпыз. Мұның да менің көп жылғы тәжірибеме қаты­сы бар деп ойлаймын. Экономикалық тұрғыдан айлықты көте­ру, әлеуметтік пакетті жасау, жақсы мамандарды ұстау бәрі-бәрі басшыға байланысты. Сол сияқты бізде қызметкерлерімізге 25-ке жуық жасайтын жеңілдігіміз, жақсылығымыз бар.

Мойындаймын, қиындығы да бар. Себебі, мен басшылыққа келген уақыт пен қазіргі уақыттың аралығында кейбір жаңашыл басшылар төбе көрсетті. Оларға еру қиынға соғады. Ол үшін өзіңді-өзің үнемі қамшылап отыруың керек. Ізденісті ешқашан тоқтат­пауың керек.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: