Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еуразиялық экономикалық одақ кімнің мүддесін қорғайды?

05.03.2020, 12:34 654

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

Шетелдік көліктер дауы күш алғалы Еуразиялық экономикалық одаққа сенімсіздік білдірушілер көбейді. Саясаттанушы Расул Жұмалы бұл туралы не айтады?

Жыл басында қоғамды дүрліктірген көлік дауы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 наурызға дейін уақытша тіркеу енгізуім­ен саябырсығандай. Бірақ, бұл – мәселенің түпкілікті шешімі емес, шешім табуды кейінг­е қал­дыру ғана.

Ал, мәселенің шешімі, тіпті, тереңде жатыр.

Келісіп пішкен тон келте болмас. Қоғаммен санаспай, жабық есік жағдайы­нда қабылданған шешімдер қарапайым халықтың пайдасына шешіл­мейтіні белгілі. Айтылғанның айқын көрінісі ретінде Қазақстанның Кедендік және Еуразиялық экономикалық одаққа енуін қарастыруға болад­ы. Отандық сарапшылардың сан мәрте ескертулеріне, нақты сараптамаларға негізделген дәйектері мен уәждеріне, тіпті, жанайқайына қарамастан Қазақстан бұл одақтарға мүше болды. Сол кезде ресми органдар уәде еткен «кереметтердің» (бәсекелестікке қабілеттілік күшейеді, оның есебінен тауарлардың сапасы артып, ал есесіне бағасы төмендейді, осылайша халықтың әл-ауқаты көтеріле­ді секілді) бәрі жолда қалды.

Келтірілген тұжырымға көз жет­кізу үшін отандық көлік нарығында орнаған жағдайға назар аударсақ жеткілікті.

2011 жылдан күшіне енген Кеденді­к одақта шетелдік көліктерге салынатын баж күрт өсті. Сандар тілімен сөйлер болсақ, бес жылдан асқан­  және  қозғалтқыш  көлемі  1800-3000 текше сантиметр көлік­терге кедендік баж әр сантиметр кубқа­ 4 евро құрайтын болды (бұған дейін аталмыш көрсеткіш орташа есеппен 0,5 евроны құрап, 8 есе төмен болатын). Нәтижесінде 2011 жылға дейін,  мәселен,  бес жылдық, қоз­ғалт­қышы  1800 текше сантиметр «Toyota  Camry» көлігіне  кедендік  баж 1035 доллар болса, бұдан былай дәл сондай қалыптағы көлік үшін 7476  доллар  төлеуге  тура  келеді.

Өкінішке қарай, бұл мәселенің басы ғана. «Мейлі, әлгі кедендік баждардан түскен миллиардтаған ақша Қазақстан экономикасына қызмет етеді ғой» дер едік. Бірақ, сол қаржының басым бөлігі Еуразиялық одақтағы ең ірі мүше мемлекет – Ресейдің қалтасына құйылып жатыр. Шетел­дің сапалы көліктері қолжетімсіз болғ­андықтан, үкімет өз азаматтарын ресейлік  көліктерді  алып, сол ар­қылы­ Ресей  өнеркәсібін сүйемелдеу­ге мәжбүр  етті. Дәлел үшін келтірейік, Қазақстанда 2019 жылы ең көп сатып алынған 4 автокөлік марка­сының үшеуі – Lada көліктері (Lada Granta, Lada Vesta, Lada 4×4).

ЕЭО  жақтаушыларының  енді  бірі  енгізілген көтерме баж салығы отандық көлік өндірушілерді қолдау үшін жасалған шара дегенді негізге алады. Алайда шындығына келгенде бұл бос сөз деп есептеймін. Себеп – шетелдік көліктерді өндіруші қазақстандық компанияларды толыққанды көлік өндірісі санатына жатқызуға еш келмейді. Ол үшін әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиісті кәсіпорында отандық қосалқы бөлшектер 50 пайыздан асу керек. Мәселен, Өзбекстандағы УзДэу­ компаниясы аталған талапқа толығымен жауап береді. Сондықтан автоиндустриясы бар держава ретінде Өзбекстан шетелдік көліктерге көтерме кеден салығын салса, оның жөні  бар.

Ал ресми деректер бойынша 30, бейресми деректер бойынша бірнеше ғана пайыздан аспайтын (өз басым Қазақстанда шығарылған көліктерде аккумулятордан басқа отандық өнімді көрмеппін) өндірісті қалайша толыққанды өндіріс санауға болатыны түсініксіз. Анығында бұлар Lego секілді дайын шетелдік бөлшектерді құрастырушы цех қана.

Ендігі  мәселе: Белгілі бір тауар Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ кеңістігінде тек бір мәрте ғана кедендік тазартудан өтеді – бұл ЕЭО кодексіндегі басты қағидаттың бірі. Олай болса, Арменияда кедендік баждары төленіп қойған автокөлікке ол Қазақстанға енгенде қосымша баж салығының салынуы сын көтермейді.

Жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектердің барлығы жалғыз ғана көліктерге қатысты айтылды. Осы нарықтың өзінен Қазақстан мемлекеті де, Қазақстан азаматтары да жыл сайын миллиардтаған шы­ғын­ға ұшырап отыр. Ол аздай, сапалы да қауіпсіз көліктер қолжетімді болмағандықтан, қалған-құтқан темір-терсек салдарынан орын алған жол апаттарында қаншама адам қаза табуда, қоршаған ортаға орасан залал келуде. Ал бұдан басқа дәл сондай былық­тар мыңдаған, тіпті он мыңдаған тауарларға (азық-түлік өнімдерінен бастап ұшақтарға дейін) тән екенін ұғынар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасынан зардабы дәл сонша мәрте көп екенін түсіну  керек.

Сөз соңында айтайық, таяуда көр­шілес Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёев өз елінің Еуразиялық экономикалық одаққа кірмей­тінін мәлімдеді. Парламенттің алдында сөйлеген сөзінде ол: «Мен тек бір нәрсені айтқым келеді. Ешкім өзінің Тәуелсіздігін өз қолымен еш­қашан бермейді. Тәуелсіздік халық сенім артқан президенттің қолында болып  табылады.  Олай  болса,  біз бұл одақтың мүшелігінен бас тартамыз», – деді.

Автордың  пікірі  редакцияның  ұстанымына  сай  келмеуі  мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: