Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Курортқа киіп барған шалбар (Сатира)

05.03.2020, 11:21 1239

Б.Нушич (Югославия)

Биыл тағы курортқа жол түсіп тұр. Бірақ шалбарсыз барамын. Жо-о-оқ шалбар киемін, бірақ ерекше шалбар киіп бармаймын (мені дұрыс түсініңіздер). Бір рет ұрынғаным жетер…

Басынан бастап айтайын. Өткен жылы курортқа баратын болып тігіншіге келіп, костюм-шалбар тігуге тапсырыс бердім. Матасын тігіншіге апарып, одан пішуін өтіндім. Тігінші маған суық түспен қарады.

– Олай, пішіп жататын болсақ, әзір біте қоймайды. Бұл кімге керек?

Ішімнен бұл да дұрыс екен, сондықтан өлшемей-ақ тіге берсін деп ойладым. Бірақ тігін­шілер мен етікшілердің тапсырысты үш күн кешіктіріп орындайтыны есіме түсті де, келесі жұмаға дейін бітіріп беруін ескерттім.

– Өтінем, өйткені жұма күні кешкі пойызбен кетуім керек еді.

– Алаңдамаңыз.

– Өлшеп, киіп көруге келейін бе?

Тігінші маған тағы суық жүзбен қарады.

– Керегі жоқ, – деді ол кесіп.

Жұма күні сағат сегізде костюмге адам жібердім. Әлі дайын емес. Сағат тоғызда жібер­дім, тағы солай. Сағат тоғыз жарымда тағы жібердім, онда да сол. Әйтеуір, сағат оннан жиырм­а минут кеткенде костюм-шалбарымен жетті-ау. Сағат оннан қырық төрт минут өткенде пойызға отырдым.

Келесі сенбі күні курортта болып, аздап тынығып алғасын дәрігердің қабылдауында отырған едім. Сөйтіп, ем-домның ақшасын төлеп, күйеу­сіз келген екі-үш әйелмен танысып қойдым.­ Ертең жексенбі. Енді ертең осы курорт­қа  арнап тігілген костюм-шалбарды киіп шығуға  болады.

Менің алып шыққан жүгім мынау: әйелім, енем, аспаз әйел, үш матрац, төрт жастық, тордағы шымшық, ыдыс-аяқ. Газ плитасын енем­нің айтқанын тыңдамай үйге тастап кеттік.

Ертең жексенбі. Музыка ойнап тұр, демалушылар қыдырып жүр.

Көбі курортқа арнап тіктірген костюм-шалбарларын киіп алыпты. Әйелдер ақшыл, ерлер қоңыр түсті киген.

Осы жерде бір жайтты еске сала кетейін. Аса көңілім қаламаса да курортқа арнап тіктірген костюм-шалбарды киюім керек болды. Өйткені бұрынғы киіп жүрген шалбарымның ең бір ыңғайсыз жерінде тесік бар екен. Сонымен, ерекше бір сезіммен шабаданнан костюм-шалбарды алдым. Сосын алдымен шалбарды кидім. Сол кезде қалай жүрегім ұстап, құлап қалмағаныма таңым бар. Балақтары екі қарыс ұзын, жерді сыпырып жүрген шалбарды көз алдыңыз­ға елестетіңізші! Тігіншіні қарғап-сілеп, шашымды жұлып, енді ешқашан өлшеп-пішпей киім тіктірмеуге ант еттім. Тіпті, бұрынғы тіктіргендеріммен қоса, осы костюм-шалбардың да ақысын төлемеймін деп шештім.

Бірақ бұл ішкен ант-суым маған жеңілдік әкеле қойған жоқ.

Күн жексенбі. Музыка ойнап тұр. Адамдар қыдырып жүр. Ал мен не жаңа шалбарды, не ескі шалбарды кие алмай, пұшайман болып отырғаным мынау. Не істеу керек? Тырдай жалаңа­ш болмағанмен үстімдегі шала-шарпы киіммен әйеліме келдім.

– Жаным, мына шалбарды алып жөндеші. Әрбір балағын екі қарыстан кесіп тастайсың да, ішіне қайырып тігесің. Бар болғаны сол, – дедім жылы дауыспен.

– Кім айтты мен мұны істей алады деп, – деді әйелім. Өзі менің қыдыруға шыға алмай, үйде қалатыныма қуанып тұр.

– Қалай қолыңнан келмейді?

– Бұл тігіншінің жұмысы ғой!

– Білем, бірақ бұл жерде тігінші жоқ. Ол үшін шалбарды Вранаға қайтадан жіберу керек. Жіберген күннің өзінде бүгін жексенбі, ешкім жұмыс істемейді. Өзің істей салсаңшы.

– Қайдағыны айтпашы. Бүлдіріп алып, басым бәлеге қалып жүрер.

– Оның қиын несі бар. Ал да, қия сал.

– Жоқ, қолымнан келмейді.Сосын ұрысасың.

Енді мен бейшараға не қалды? Шалбарды алдым да, сүмірейіп енеме бардым. Жағдайды түсіндіріп, кесіп тастайтыны екі-ақ қарыс екенін айттым.

– Балам-ау, о не дегенің? Құдай мені мұндай күнәдан сақтай көрсін! Бүгін қасиетті жексенбі. Әлемдегі ең сауапты іс үшін де мен бүгін қолыма­ ине ұстамаймын.

Ендігі жалғыз үміт аспаз әйелде. Айдап отырып соған бардым. Ол менің айдақ-жайдақ түрімді, қолымдағы шалбарымды көріп, қабыр­ғаға қарап теріс айналды. Сосын алжапқышымен бетін бүркеді.

– Кати тыңдашы, маған мына… Оған бәрін бастан-аяқ баяндап бердім.

– Бұл менің қолымнан келмейді, өмірімде ешқашан ер адамның шалбарын жөндеп көр­меппін. Тек, бір-екі рет түйме қадап бергенім болмаса.

– Кати, қалай қолыңнан келмейді? Мен саған­ жақсы қылып тігіп бер дегенім жоқ қой. Тек қайшыны ал да, екі балағын екі қарыстан кесіп таста. Ішіне қайырып тіге сал, болды! Оп-оңай нәрсе.

– Жоқ, істей алмаймын. Тезірек кетіңіз, әйтпесе, мына жартылай жалаңаш түріңізді әйеліңіз көріп қалып, бәлеге қалармыз!

Енді, маған істейтін не қалды? Дүниедегі бар білген боқтық сөздерімді айтып, үйге кіріп кеттім. Шалбарды жерге тастай салдым. Пердені жауып, ұйықтап кетіппін.

Сол кезде мынадай оқиға болыпты. Әйелім мені аяған. Жұрттың бәрі қыдырып жүр, ал мен ұйықтап жатырмын. Осы жағдай оның көңілін босатқан болу керек. Аяғының ұшымен басып бөлмеге кіріп, екі балақты кесіп, қайтарып тігеді. Сосын кереуеттің басына іліп, аяғының ұшымен шығып кетеді.

Мен оянғаннан кейін шалбарды көріп таң­ғалады деп ойлаған. Егер мені әйелім ғана аяп қойса жақсы ғой. Енем де қалыспай аяған. Қатігез­ адам деп жүрген ол иконаның алдына барып шоқынып, аяғының ұшымен басып бөлмеме кірген. Шалбарды алған да, екі балақты­ кесіп, қайтарып тіккен. Сосын кереуеттің басын­а іліп шығып кетеді. Оянғаннан кейін шалбарды көріп таңғалады деп ойлаған. Бір жағына­н әйелімнің аяғаны жақсы. Ал, енемнің аяғаны тіпті жақсырақ. Бірақ менің сорыма қарай Кати де мені аяпты. Түсінесіз бе, Кати де мені  аяған…

Әйелім екі балақтың екеуін де екі қарыстан кеседі де, бір шаруамен кетеді. Міне, осыдан кейін Кати менің бөлмеме аяғының ұшымен басып­ кіреді де шалбарды әр балақтан екі қарыс кесіп тастап шығып кетеді. Мен тұрғаннан кейін шалбарды көріп, таңғалады деп ойлаған.

Мен шынымен таңғалдым! Қарасам шалбар дап-дайын. Қуанышымда шек жоқ, жұлып алдым­ да киіп кеп қалайын. Құдайым-ау, киген шалбарым… бұтымда купальник болып тұрды. Сол сәт есіме түссе, әлі күнге денем түршігеді. Шын мәнісінде бұл курортқа арнап тігілген шалбар еді. Мен бейбақ демалушылардың арасыме­н зуылдап отырып, осы купальникпен бассейнге қойып кеттім. Міне, енді биыл курорт­қа неге шалбарсыз баратынымды білген шығарсыз…

7 тамыз, 2019 жыл.

Аударған  Бақтияр  МЫРЗАШЕВ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: