Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Инвестициялық жобалардың мәселесі қаралды

04.03.2020, 18:11 574

Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік Кеңес отырысы өтті. Күн тәртібінде ҚР Премьер-министрі мен облыс әкімі арасындағы инвестиция көрсеткішіне қатысты меморандумның орындалу барысы қаралды.

2016 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Кеңестің негізгі мақсаты – инвестициялық жобалардың шешілмеген мәселелерін қарап, тиімді шешім қабылдау және инвестициялық ахуалды жақсарту.

Аймақ басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жетістіктерді атап өтті.

«Өткен жылы Кеңестің 4 отырысы өткізіліп, онда 6 инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы, «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру мәселесі қаралып, инвестиция тарту мен инвесторларды сүйемелдеуге жауапты ұйым анықталды. 2019 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға салынған инвестиция 400 млрд теңге құрап, 2018 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 17,4% артты. Нәтижесінде, біздің облыс республика бойынша алғашқы төрттікке енді. Бұл – біздің бірлесіп атқарған жұмысымыздың нәтижесі. Биылғы жылы да осы қарқынды төмендетпеуіміз қажет», – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.

2019 жылы игерілген 400 млрд теңгенің 88,6 млрд теңгесі (22,1%) республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Атап айтқанда «Ақсуат», «Сексеуіл» газ компрессорлық станциялары және «Сарыарқа» газ құбыры секілді бір реттік ірі жобаларға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмысын бастады. Қалған 311,4 млрд теңге облыстың өз күшімен тартқан қаражаты болып табылады.

Сонымен қатар, Кеңес отырысында Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің биылғы жылға инвестиция тарту бойынша жоспарлары мен меморандумға қол қойған жобалардың іске асыру бағытында атқарған жұмыстары тыңдалып, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев инвестиция тарту бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар туралы баяндады.

Жиын соңында Қуанышбек Досмайылұлы облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктеріне биылғы жылы игерілетін инвестиция көлеміне меже бекітіп, инвестиция тарту жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.

«ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев алдағы 5 жыл ішінде еліміздің жалпы ішкі өнімдегі инвестицияның үлесін 2024 жылдың соңында 30 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Осыған орай, бүкіл республика бойынша инвестиция көрсеткіші жоғары межемен бекітілді. Біздің облыс ҚР Премьер-министрімен қол қойылған меморандумға сәйкес биылғы жылы – 481 млрд теңге инвестиция тартуы қажет» – деді аймақ басшысы Қ.Ысқақов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: