Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келіншек қай жерден қателік жіберді?

08.04.2021, 9:30 623

Баяғыда  бір  ақылды  көрінетін,  бірақ  ақымақ әйел болыпты. Ақылды сияқты дейтінім, ол ағайынның алдында, күйеуінің бауыр­ларының алдында өте ақылды, қамқоршы болып көрінеді екен. Ал ақылсыз дейтінім, жаңағы әйел ағайыннан сыртқа шыға бере, қайын жұртынан көзді ала бере күйеуіне мінез көрсетіп, оқ жылан­ға ұқсап ысылдап, әр нәрсеге көзін аларта  береді екен. Күйеуінің табысы жақсы, жұмысында беделді екен. Екі жаққа да бірдей болғысы келеді. Бірақ не дегенмен бауыр ғой, өз ағайынына көп көңіл бөліп, солардың қамын ойлайды. Бір күні сол жігіт жұмысынан шаршап келгенде әдеттегідей мінез көрсеткен әйеліне «қолы тиіп» кетеді. Көктікке салынған әйел өсіп қалған балаларының жылағанына қарама­стан үйден шығып кетеді. Көшеде ашуға булығып келе жатқан келіншекті демалып отыр­ған кейуана байқайды. әлгі кейуа­на келіншекті тоқтатып, қасына жайғасуға шақырады. Жан-жағына қараған келіншек ол ұсыныстың өзіне ғана айтылып тұрғанын байқап, қорықса да  жанына  жайғасады.

– Ал балам, ашулысың ғой, не болды? – дейді  әлгі келіншекке.

– Ештеңе, – деп ашумен жауап береді.

– Қызым, сен қатты ашуға беріліп тұр екенсің, ашуға жығылма, ақылмен шеш, – дейді.

– Ештеңе, – деп ашумен зірк етеді.

Сонда кемпір сұрақ қоя бастайды.

– Қызым, азаматың шайтан судан тата  ма? – деп сұрайды.

– Жоқ, – дейді.

– Балаларыңа зәбір көрсете ме?

– Жоқ.

– Жұмыссыз үйде жата ма?

– Жоқ.

– Әлде басқа біреуге қырындады ма? – деген­де келіншек үнсіз қалады.

– Түсінікті болды, қызым. «Ер айналып қазы­ғын табады» деген сөз бар ғой балам, – дей  бергенде  әлгі  келіншек:

– Ой, қойыңызшы! Сонда ол білгенін істеу керек пе? Менен не кінә табады, үйім жинаулы, тамағым жасаулы, айлық табамын, соның тап­қанын мен де табамын, – деп міндетсінгендей кейіппен қабағын түйіп сілкінеді…

– Айналайын, қызым, «ер адам­ға әрине одан басқа не керек?» деп те ойлайтын шығарсың, ер адамға үйде жылулық болмаса, сенің мына көкіп отыр­ғаныңның бәрі бекер, – дейді  кемпір.

«Далаға неге қарайды?» деп ренжисің. Менің өзім сенің мына сілкінген мінезіңді, түйілген қабағыңа қарап-ақ отыңның басында материалдық жағдайдың бәрі болғанымен жылулық жоқ екенін көріп тұрмын. Еріңді түсіністікпен қарап, өткен шақтағы күнәсі болса бетіне баса бермей, оны мың рет алдына келтіріп, екі сөздің бірінде айта бер­мей, үйге келгенде жылы лебізбен, ашық қабақ­пен, әдемі әңгімеңмен жан-жақтың аманшылығын, ата-анасымен сөйлескеніңді немесе бауырлардың жақсы жаңалығын айт. Ешкімді ғайбат­тамай, әйбат қылып, жүрекке бір жылулық, құрмет, сыйластық беретіндей қылып әңгім­е-дүкен құрып, балаларыңа әкелерінің әлем­дегі жақсы адам екенін айт. Үйдің ішіне жылулық себетін шашып отыр. Сонда ғана отбасыңда ең бақытты шақтар, ұл мен қызға өнегелі тәрбие болар еді, қызым, – деп кейуана келіншекке ойлануын түсіндіріп батасын  беріп, кетіп  қалады.

Ойланып отырған келіншек, өзінің күйеуіне қалай сөйлегенін, қайын жұрттың сыртынан қандай әңгіме айтқанын, оларға қандай ауыр сөзді ойланбай айтып қалғанын, балаларының өтпелі кезеңде екенін, олардың қандай күйде  жүргенін  ойлап, өз ойы­нан  шошыды. «Мен өзімді нағыз ана, сүйік­ті әйелмін, ақылды жеңгеймін деп ойлап жүрсем» деп ойланып отыр­ған келіншек дереу есін жинайды. Үйіне қайта оралып, шайын қойып, күйеуіне дастарқанға келуін өтініп, балаларына аналық жылы сөзін айтып, күйеуінен кешірім сұрап, үйдің берекесі кіреді. Үйден жылулық тапқан күйеуі көңілденіп, әйеліне де құрметі асып, жұмыс­тан  қайтарда  үйге  асығатын  болады.

Терезеге  қарап тұрып әлгі келіншек сырт­та кездескен кейуананың ақылын мықтап есінде сақтап, барлық мінезін қо­йып, тату-тәтті өмір сүреді. Әйелдер-ай, еркек­ке сенің ақша тапқаның, тәтті тамақ істеп бергенің маңызды емес, оған үйге кіргеннен жылулық керек. «Қымбаттым» деп немесе «балаларымның әкесі» деп құрметтеп, беделін асқақтатсаң, Алланың  нұры  жауары  хақ.

Жазира  КЕҢЕСБАЕВА,

Әйтеке би кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: