Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әбу Насыр әл-Фараби қайта оралғандай…

01.02.2021, 18:30 1235

HALYQLINE.KZ Ағылшын халқы ерлерінің басым бөлігі театрға барған уақытта биік қалпақ (цилиндр) киіп барады. Олар таксиге отырғанда бас киімі төбеге тиіп қалмай, ыңғайлы отыруы керек. Сол үшін таксилердің төбесін биіктеткен. Міне, қызық. Былай қарасаң, машинаның төбесін аласартып, адамдарға бас киімін шеше салған немесе бас киімді қысқарта салған қандай тұрғыда болмасын тиімді емес пе? Жоқ, бірақ ағылшындар олай жасамаған. Себебі, театрға баратын өздерінің қалыптасқан мəдениеті бар. Сол үшін арнайы автомобильдер құрастырған. Яғни, театр өнері, театр мəдениеті бүкіл халықты, экономиканы, өндірісті, саясатты, дизайнды толықтай өзіне бағындырып отыр деген сөз емес пе бұл? Қазір биік қалпақты күнделікті киіп жүретін дəуір емес. Алайда қай кезде де мәдениет, өнер театрларының есігі сізге әрдайым ашық. Бір театр қойылымынан сіз бір кітапта бар мәліметті ала аласыз.

Болашағынан зор үміт күттірер кіл таланттылардан құралған Қызылорда қалалық жастар театрының сомдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Отырардың жасыны» атты тарихи драма сахналанды. Құрылғанына 5 жыл болған жастар театрының қоржынында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі сахналанған «Қалың елім, қазағым қайран жұртым», Сыр елінің сылқым қыздарының бейнесін ашатын «Қызылорданың қыздары-ай», т.б. сахналанған спектакльдері бар. Осы жолы сахналанған жазушы Жолтай Әлмашұлының қаламынан туған, шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай дайындалған қойылым өз дәрежесінде өтті.

Оқиға әбу Насыр әл-Фарабидің жастық шағымен Бұхара, Шаш қаласынан білім алып келген сәтімен, қару-жарақ, соғыс даласын емес, ілім жолын таңдағандығымен өрбиді. Әке жолын қумаған ұлдың білім үйретер ұстаздық жолын жалғағаны әлемнің болашақ екінші ұстазы деген атауға жарасар іс болатын. Басты рөлді Әл-Мұхаммед Алдажар атты жас сахна актері сомдап, әлемге әйгілі ойшылдың жастық шағын үлкен дәрежеде ойнап, алып шықты. Сахнадан актерді емес, ойшылдың өзін көріп қайтқандай әсер аласыз. Бұл – үлкен дәреже.

«Қойылымның жетістігі – көрерменінің көп болуы» деп әлемге әйгілі жапондық театр режиссері Тадаси Судзуки айтқандай расында, ол – баршамызға ортақ үлкен жетістік. Қуантарлығы да осы – көрермендердің көбеюі. Ойшыл әл-Фарабидің «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» дегені бар еді. Иә, өнер арқылы, келешек ұрпағымызға біз өзіміздің тарихымызды танытамыз.

Нұрай ӘБДУӘЛИ,

Қорқыт ата атындағы

ҚУ-дың 4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: