Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Рухани жаңғыру» аясындағы жобалар жалғасын табады

21.02.2020, 15:38 506

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуық уақыт өтіп, еліміз рухани кемелдене бастаған тұста, яғни осыдан екі жыл бұрын «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы іске қосылды. Содан бері көнеміз қайта көгерді, мәдени-рухани құндылықтарымызды қайта ғасыр ағынына сай  жаңартуға күш салдық. Адами һәм рухани құндылықтарды насихаттауда Алаштың анасы атанған Қызылорда да барын салып келеді. Алдымен бас шаһарда «Рухани жаңғыру»  орталығы құрылды. Жаңғыру аясында осы орталықтың бітірген шаруасы, алда не жоспары бар екен деген сауалдармен Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың берген есебіне қатыстық.

Өткен жылы сырбойылықтардың есінде қалған шаралардың бірі – «Қорқыт және Ұлы дала сазы» түркітілдес елдердің халықаралық музыкалық фестивалі. Мұнымен қоса, өңірде осы тақылетті «Жыр мұра», «Ұлы дала елі», «Жырласа жастар жырласын» дәстүрлі әндерді орындаушылардың да фестивальдері халыққа жол тартқаны бар. Ел арасында қызу талқыға түсіп, зиялы қауым арасында әжептеуір дау тудырған латын графикасын насихаттауға байланысты түрлі семинарлар, конференциялар мен оқу-түсіндірме жұмыстары да  жүргізілді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларына сәйкес Қазақстан бойынша «Сәтті жобалар жинағы» іске асырылған болатын. Осының негізінде Қызылорда облысынан «Қорқыт атаның даналық сөздері» мен «Ізденіс» жасыл академиясының жастардың бау-бақша өнімдерін өсіру арқылы еңбекке баулу жобалары енгізілді. Сыр жұртшылығы әлемге мәдени- рухани құндылық бағытында Қорқытымен таныс екені белгілі. Енді абыз есімін кеңінен насихаттаудың бес жылдық кешенді жоспарына сәйкес, Қызылорда облыстық филармониясы жанынан «Қобызшылар» ансамблі құрылды.

–  «Жаңа есімдер» де назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. Республикалық «100 жаңа есім» жобасы аясында біздің облыстан 7 адам алға суырылып шықты. Мұның өзі өңір үшін үлкен жетістік деп санаймыз. Алдағы уақытта жаңа есім иелерімен облыстағы іс-шаралар барысында арнайы кездесулер ұйымдастырсақ деген жоспар бар. Осыған дейін журналист Назгүл Кенжетайдың облыс қаламгерлері арасында шеберлік сыныбы өткізілген болатын,- деді облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов.

Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын кешенді іске асырудың биылға арналған жоспары бойынша 3000-нан аса әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, 10000-нан аса мақалалар БАҚ бетінде жарық көрмек. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары демеушілерден де қосымша қаржы тартылатындығын тілге тиек етті.

Сонымен 2020 жылы да рухани жаңғыру негізіндегі облыста атқарылатын негізгі шараларға тоқталсақ. «Sacral тур», «Электронды көрме» жобалары қолға алынады. Бұдан бөлек, латын графикасы,  Абай мұраларын насихаттау, 100 жаңа есімдерді ұлықтау шаралары да қалыс қалмайды. «Тұлғаны дамыту» бағыты бойынша Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениатаралық коммуникация» кітабы негізінде «Болашақ» университеті мен Оксфорд колледжімен онлайн-сұхбат алаңы, NEET жастар арасында «Өмірлік дағдыларды қалыптастыру» тақырыбында барлық аудандарда ерікті психологтар курсын өткізу шаралары өткізіледі. Ұлттық тәрбиені ұлықтау мақсатында «Ұлы дала фест» дәстүрлер фестивалі,  Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарына жас жыраулардың шығармашылық іссапарларын ұйымдастыру жұмыстары көзделген.

Осы кезге дейін жаңа босанған әйелдерге атаулы мерекелер қарсаңында домбыра сыйланып, артынша ол «дәстүрдің» жалғастырусыз қалғанын, аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштерге пресс-тур ұйымдастыру туралы ұсыныс-пікірлері ортаға салынды. Облыс әкімінің орынбасары журналистер тарапынан қойылған сауалдардың жауабын шешілетіндігін, қолдайтындығын айтты. Сонымен қатар ол жоғарыда айтқан «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы өңірлік БАҚ өкілдеріне түгелдей таратылатындығын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: