Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Назарбаев кеткен күні…»

23.02.2020, 11:11 513

Сонымен, саясаттанушы Сәтпаев не дейді?

…Біз тәуелсіз мемлекет емеспіз бе? Ресей мұны біле ме өзі? Біз ғана емес, өзге де одақтастары егемендік алғанынан хабардар ма?

Ресейдің ауруы 2014 жылдан кейін асқына түсті. Біз мұны білдік. Бәрібір қосылдық осы одаққа…

Қазақстанның қателігі: жүзіп үйренбей жатып, суға секіріп кетті. Соның сорын тартып отырмыз. Рубль құлдыраса, айдаладағы АҚШ санкция енгізсе салдарын біз сеземіз.

Неге? Себебі, ойлаған жоқпыз бұлай болады деп. Өз-өзімізге қақпан құрдық. Бұдан шығу қиын.

Ешкім бізді жан алқымнан алған жоқ, маңдайымызға тапанша да тақамады…

Назарбаев кеткенде соңына қандай мұра қалдырады?

Ол Қазақстанды экономикалық тұрғыдан өлі, саяси тұрғыдан қауіпті ұйымға кіргізіп кетті.

Еуразиялық одақты Назарбаев идеясы, Назарбаевтың саяси мұрасы дейді. Путинге керегі де – осы. Отқа май тамызып отыр ол. Одақтың көлеңкелі тұстарын осы арқылы көлегейлемекші.

Назарбаевтың төңірегі одаққа қатысты шындықты президентке өлсе де айтпайды. Айта алмайды. Содан да шығар президентке одақтың зиянынан, пайдасы көп боп көрінетіні.

Егер ертең Қазақстан Еуразиялық одақ аясындағы бірқатар шарттарға өзгеріс енгізуді талап етсе, Ресей бұған қарсы шығады. Себебі, одақтың қазіргі құжаты түгелдей Ресейдің ұлттың мүддесін ескеріп жасалған.

Одақтан шыққымыз келсе тағы да бәлеге қаламыз. Ресей мұны жаугершілікке балайтын болады. Бір кездері Украинаны да сөйткен олар…

Ресей билігінің бүгінгі болмысы: «бізбен бірге болмасаң, дұшпансың» дегенге сайып тұр.

Одақтан шығатынымызды айттық екен, ертесіне-ақ ресейлік ақпарат құралдары дүр көтеріледі.

Алдымен саяси тұлғалары төбе көрсетеді. Сөйлейді. Сынайды.

«Қазақстан сатқындық жасады, екі елдің арасындағы сыпайы байланысқа сына қақты. Орыс әлемінен оқшауланбақ ойы бар. Билікте Кремльге қарсы күштер отыр. Мемлекетті басқа бағытта қарай бұрып тынбақ…» дейді олар.

Тоқ етерін айтсақ, Украинаға қарсы тәсілді қолданады. Мұның еш қиындығы жоқ. Ресей кез-келген уақытта Қазақстанға қарсы ақпараттық айқасқа шығуға әзір.


Қазақстанның бұл ұйымға кіруінің өзі Назарбаевтың сыртқы саясаттағы ұстанымын аңғартып отыр.

Алайда ертеңгі күні Назарбаевтың орнына келген президент ол салған жолмен жүре ме? Еуразиялық одаққа дәл Назарбаев қарағандай қарай ма?

Күндердің күні ойын ережесі өзгереді.

Назарбаевтың орнына кім келсе де, ол этникалық құрамы қазіргіден бөлек қоғаммен санасуға мәжбүр болады. Қазір халықтың 60 пайыздан астамы қазақтар.

Ұлт-патриоттарының идеялары күн өткен сайын үлкен қолдауға ие болмақ. Мұндай жағдайда Ресеймен арадағы байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып қайта қарауға тура келеді.

Еуразиялық одақтың нендей, қандай түйсікпен құрылған одақ екенін түсінгендердің саны көбейе түседі. Жалпақ жұрттың қысымы күшейеді. Сол кездегі жаңа билік қандай шешім қабылдамақ?…

Назарбаевтың мұрагері осындай мәселемен бетпе-бет келмек. Бұл – дағдарыс. Бұл – дау. Патриарх кеткесін бұл бәрібір шығады.

Досым Сәтбаевтың dalanews.kz сайтындағы

ой-пікірінен ықшамдалып алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: