Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мейірімді қазақ еліне алғысын айтты

28.12.2020, 10:40 453

HALYQLINE.KZ  Облыс Прокуроры аптаның әр сейсенбісінде тұрғындарды жеке қабылдап кездесу өткізеді. Осындай қабылдаулардың бірінде Ресей Федерациясының Ставрополь облысынан келген, 1941 жылы туған жалғыз басты қарт ана Писецкая Татьяна Никитична болды.

Бұл кісі 70-жылдардың басынан 1994 жылға дейін Қызылорда қаласында тұрған және осындағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істеген.

Кейін жалғыз қызының артынан іздеп өзі де Ресейге көшкен. Бірақ осы уақытқа дейін қызын таппаған. Із-түссіз жоғалғандар қатарында. Қызын іздеймін деп жүріп «тауып береміз» дегендерге талай мәрте алданған, тапқан қаражатынан айырылған. Қанша іздесе де еш нәтиже жоқ. Әбден күдері үзіліп, күші қайтқан кейуана қартайған шағында өзінің жастық шағы өткен Қызылорда қаласына қайтып келуді ұйғарыпты. Мұнда көзтаныстарынан тек Әсия апайды ғана тауып, сол кісінің көмегімен емдеу мекемелерінде тіркеуге тұруға және зейнетақысын осы жақтан алуға тиісті құжаттарын рәсімдеу үшін біраз есікті жағалаған. Бірақ нәтиже болмаған.

Кейін Әсия апайдың нұсқауымен облыс Прокурорының жеке қабылдауына жазылып, кездесіп (онлайн), жағдайын айтып, арызын қалдырады.

Осыдан кейін облыс Прокурорының тапсырмасымен үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде Т.Писецкая «Сенім» емханасына тіркеуге алынып, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 83-бабына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқығына ие болды.

Зейнетақы мәселесі бойынша Ресейден зейнетақы ісі сұратылып, тиісті құжаттар алынғаннан кейін Қазақстан аумағында зейнетақы тағайындалатын болып шешілді. Сонымен қоса Т.Писецкаяға Ресей Федерациясында 2020 жылдың қаңтар мен қараша айларына зейнетақысы аударылып және оны алудың тәртібі де кейуанаға түсіндірілді.

«Жалғыз қызымнан айырылып, қартайған шағымда қамығып, бәрінен күдерім үзілгенде Қазақстанға келіп жақсылыққа деген үмітім қайта оянғандай болды. Осындай қиын уақытта маған көмектесіп қолдау көрсеткен прокуратура қызметкерлеріне және Асяға (өзі солай атайды) алғысым шексіз және қазақ халқына зор ризашылығымды айтамын» дейді Таня әжей. Осы алғысын білдіру үшін Әсия апай екеуі прокуратураға тағы бір мәрте соғып, өзінің риясыз ықыласын білдіре кетті.

Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: