Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Тұрғындар азық-түліктің қымбаттауына қарсы

23.12.2020, 9:30 724

HALYQLINE.KZ  Қызылордада бір аптада сұранысқа ие азық-түлік тауарлары 20-40 пайызға қымбаттады, – деп хабарлайды «Хабар24» телеарнасы. 

Қызылордалық Жадыра Сейтжанова әлеуметтік азық-түлік сөрелерін жағалауға мәжбүр. Себебі басқа жерде азық-түлік қымбат. Базарда қанттың келісі 280 теңге болса, әлеуметтік азық-түлік сөрелерінен 218 теңгеге сатып алады. Сол сияқты әлеуметтік маңызды 10-нан аса өнімнің бағасы 10-15 пайыздай арзан сатылып жатыр екен.

«Әсіресе, осы 1 аптаның көлемінде жұмыртқаның бағасы көтеріліп кетті. 29-30 теңге еді, 45 теңгеден алған жерлер болды. «Біз де солай қымбат алып жатырмыз, үстіне кішкене қойып сатып жатырмыз» дегендей болды. Ал былай нақты түсіндірмейді», – дейді ол.

Биыл еліміздің кей өңірлерінде және Ресейде өршіген құс тұмауы бірқатар құс фермаларын үлкен шығынға ұшыратқан. Мамандардың сөзінше, жұмыртқаның 20 пайызға дейін қымбаттауының бірден бір себебі – осы. Ал қарақұмық, қант және өсімдік майының құнына шикізат жетіспеушілігі әсер еткен.

«Күнбағыс майының қымбаттауы елімізде егіс алқаптарының қысқаруы және сырттан келетін күнбағыс шикізатының аз мөлшерде келуіне байланысты. Сондай-ақ күнбағыс майының қымбаттағаны басқа да елдерде, оның ішінде Ресейде де байқалады», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерхан Ағыбаев. 

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрі қымбаттап кетпеуі үшін өңірде бірқатар шара қолға алынған. Ол үшін бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. 

«Өнімдердің бағасын тұрақтандыру мақсатында, осы кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында биыл 4 желтоқсанда жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлінген еді. Оның ішінде, I сортты ұнға, қант, өсімдік майы, қарақұмық жармасы, тауық жұмыртқасы, сиыр етіне, осы өнімдерге негізделген тікелей өнім өндірушіден әкеліп, өзінің сауда нүктелерінде, сөрелерінде белгіленген бағада қояды», – дейді облыстық тұрақтандыру қорының басқарма басшысы Лаура Жанасбаева. 

Қазір облыстың тұрақтандыру қорындағы 2500 тоннадай тауар 29 әлеуметтік дүкен мен 5 әлеуметтік бұрыш арқылы арзан бағада сатылып жатыр. Ал сауда нысанының иесінің сөзінше, күніне бірнеше қорап қана жұмыртқаны арзан бағада сатуға мүмкіндігі бар. Оның өзінде әр адамға шектеулі мөлшерде үлестіріледі: 10 дана жұмыртқа, 1 литр өсімдік майы. Сол себепті келесі жылы облыс орталығы мен аудандардан тағы 36 әлеуметтік дүкен ашу жоспарланған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: