Экономиканың күретамыры саналатын кәсіпкерлік саласының қанаты қомданып келеді. Оған мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиіп жатқаны жасырын емес. Осындай қолдауға ие болғандардың қатарында Гүлнар Әлібаева да бар. Ол «Бизнес-бастау» жобасы арқылы «Арал құс» агроөнеркәсіптік кооперативін құрып, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 16 миллион теңге несие алған. Қаз асырап, оны көбейтіп, елге игілігін көрсету мақсатында ауылдың шет жағынан 50 гектар жер телімін ресімдеп, 3000 бас қазға арналған ферма салған. Ауылдағы жұмыссыздарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерліктің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің жұмысы барша елден сүйіншілеп хабар сұраумен басталған. Алайда қазіргі кезде бұл кәсіптің есігіне «қара құлып» салынып тұр. Мәселенің мәнісін білмекке Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына сұрау салдық. Жауап төмендегідей болды.
– Гүлнар Әлібаева 2017 жылы Арал қаласында құс шаруашылығымен айналысу мақсатында «Арал құс» ауыл шаруашылығы кооперативін құрған. Бизнес бастамасын іске асыру үшін кәсіпкер 2017 жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 6 пайызбен 5 жыл мерзімге 19 млн теңге несие алған. Кәсіпкерге қаражат екі траншпен, яғни 2017 жылы 16 млн теңге, 2018 жылы 2 млн теңге табысталған. Несие қаражатына кәсіпкер құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізіп, 3000-ға жуық қаз балапандары мен жем-азықтарын сатып алған.
2019 жылдан бастап кәсіпкердің өніміне сұраныстың төмендеуі болып, оған биылғы пандемия жағдайы қосымша әсер еткен, тиісінше шаруашылық толығымен тоқтатылған. Бұл ретте, кәсіпкерге орталықпен жобаны жолға қоюы үшін бастапқыда несиені төлеуге 13 ай мерзімге каникул берілген. Кәсіпкер несие төлемдерін жарты жылда бір рет, кейіннен жылына бір рет төлеу мүмкіндігін алған. Қарастырылған жеңілдіктерге сәйкес кәсіпкер несие төлемдерін мерзімінде орындап келген. Қазіргі таңда кәсіпкердің төлем қабілеттілігінің төмендеуіне байланысты несие төлеу мерзімдеріне 2021 жылдың ақпан айына дейін қосымша жеңілдіктер қарастырылып отыр,– делінген басқарма басшысының орынбасары Т.Бекішевтің берген жауабында.
2018 жылы жобаны іске қосып, құс еттерін Арал, Қазалы аудандарымен қатар, Ақтөбе облысына өткізген. Сондай-ақ, облыстық деңгейде өткізілген бірнеше жәрмеңкелерде сатылымға шығарған кооперативтің не себепті жабылып қалғанын, ел аузында жүрген ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Арал ауданы Ақирек ауылдық округі әкімдігімен байланыс орнаттық.
– Гүлнар – Алматының тұрғыны. Келіп ашып еді, биыл өзі сырқаттанып, жұмысы тоқтап тұр. Бірақ, қазір кооператив жұмысының саласын өзгертіп, басқа адамдарға беріп кетті. Негізі мал шаруашылығы бағытына өзгерген, алайда бізге келіп, ешқандай толық есеп берген жоқ. Сондықтан сіздерге нақты бірнәрсе деп айтатындай толық білмеймін. Ол жағын өздері біледі, өтірік айта алмаймын. 50 гектар жер телімі бар еді, оған тағы қосымша жер сұрады, тағы 50 гектар жер беріп тұрмыз. Несие туралы ешнәрсе айта алмаймын, өйткені бұл – біреудің қаржылық мәселесі. Анығы, құс фермасында қазір бір түйір құс жоқ, – деді Ақирек ауылдық округінің әкімі Аралбай Ниязымбетов.
Бұл Қызылорда облысында ашылып-жабылған алғашқы нысан емес. 2013 жылы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 1 миллиард 8 миллион теңгеге Жалағаш ауданынан салынған глицирризин қышқылы, полисахарид және мия шайын өндіреді деген зауыт та межелеген міндетіне жете алмады. Жаңақорған ауданындағы қойылтылған қызанақ пастасын өндіретін зауыттың да бағы шикізаттың тапшылығынан жанбай келеді. Он жыл бұрын Шиелі ауданында қамыстан қатты тақтай (ДСП) өндіреді деген өндіріс цехының да есігі көп ұзамай жабылды. Бұлар тек есімізге түскені… Басталған істің аяқсыз қалуына кім жауапты?
Айтпақшы, аймақ экономикасын дамыту мақсатында 2023 жылға дейін 271 млрд теңгені құрайтын 265 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.
– Ағымдағы жылдың маусым айында кәсіпкерлік саласындағы тұралап қалған кәсіпорындардың жағдайымен танысып, талдау жүргізілді. Нәтижесінде 46 кәсіпорын анықталды. Оның ішінде өңдеу саласында – 19, ауыл шаруашылығында – 14, құрылыс материалдарын шығару – 9, өнеркәсіп саласында – 4 кәсіпорын. Бүгінде аталған 46 кәсіпорынның 12-сі қайта іске қосылды. Қалған кәсіпорындар бойынша сауықтыру шаралары шикізат әлеуетін пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар және басқа да қаржылық институттар арқылы қолдау көрсету шаралары жүргізілуде. Бұл шаралар халықты жұмыспен қамту арқылы тұрақты табыс көзіне айналып, тұрмыс тіршілігінің жақсаруына септігін тигізеді, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ринат Мәжитұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Биылғы ахуал қай сала үшін де оңайға тиген жоқ. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында зардап шеккендер өте көп. Кейбірі уақыт сұранысына сай салаға дереу икемделсе, кейбірінің есігіне құлып салынып, тұралап қалды. Қолдау бар, оны көрсете білу де өзіндік икемділікті қажет етеді. Шатқаяқтап қалған шаруашылықтың бәрін жаба берсек, өндірістік-өнеркәсіптік даму деңгейіміз де кері кетері анық.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!