Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамп қатысқан Ақ үй журналистері қауымдастығының кешкі асы кезінде атыс болды. Оқиға салдарынан шара шұғыл тоқтатылып, қауіпсіздік қызметі президентті, бірінші ханым Мелания Трампты және жоғары лауазымды тұлғаларды қауіпсіз жерге шығарған. Ақ үй өкіліне сүйенген CNN мәліметінше, Дональд Трамп зардап шекпеген.
Оқиға Вашингтондағы қонақүйлердің бірінде өткен салтанатты кеш кезінде болған. BBC дерегінше, шара қызған шақта оқ атылып, артынша Құпия қызмет өкілдері қарумен залға кірген. Сол сәтте кешке қатысқандардың бір бөлігі үстел астына жасырынуға мәжбүр болған. Шарада АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, қорғаныс министрі Пит Хегсет және өзге де ресми тұлғалар болған. Олар да эвакуацияланған.

Алдын ала ақпарат бойынша, күдікті Құпия қызмет агентіне оқ атқан. Алайда қызметкерді бронежилеті қорғап қалған. Күдікті сол жерде ұсталған. CNN оның Калифорния штатында тұратын 30 жастағы ер адам екенін жазды. Әзірге оның бұл әрекетке не себепті барғаны белгісіз.
Колумбия округы полициясының бастығы Джеффри Кэрол күдіктіден мылтық, тапанша және бірнеше пышақ табылғанын мәлімдеді. Полицияның айтуынша, шабуылдаушы жарақат алмаған. Ұсталғаннан кейін ол жергілікті ауруханаға тексеруге жеткізілген.
Кейін Ақ үйдегі кабинетінде брифинг өткізген Дональд Трамп күдіктінің жалғыз әрекет еткенін айтты. АҚШ президенті оны «өте сырқат адам» деп атап, мұндай жағдайларға қатаң шара қажет екенін жеткізген. Сонымен қатар Трамп журналистер қауымдастығының кешкі асы кемінде бір айға кейінге шегерілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл оқиға өткен орын АҚШ тарихындағы тағы бір ірі шабуылмен байланысты. 1981 жылы дәл осы Washington Hilton қонақүйі маңында сол кездегі президент Рональд Рейганға қастандық жасалған. Ал 2024 жылы Пенсильваниядағы митинг кезінде Дональд Трампқа оқ атылып, оқ оның құлағын жарақаттаған еді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!