Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Креативті индустрияны дамыту қорының кеңсесін аралап көрді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сай отандық креативті секторды қолдаудың негізгі институты ретінде құрылған. Бұл туралы Ақорда ақпарат таратты.
Президентке жаңа кеңістіктің шығармашыл жастар, инвесторлар мен туристер бас қосатын орынға айналатыны жөнінде баяндалды.
Шоурум форматында безендірілген кеңседе креативті өнім әзірлеудің толық циклі көрсетілген. Сол арқылы көпшілік қарапайым идеяны өндіріске айналдыруға дейінгі шығармашылық үрдістің қалай жүргізілетінін тамашалай алады.


Мемлекет басшысы зергерлік және ағаш шеберханаларын, музыка, кілем тоқу, бейнелеу өнері залдарын, fashion-аймақты аралады.
Yurt Capsule – мұндағы негізгі орынның бірі. Бұл кеңістікте киіз үйдің дәстүрлі формасы технологиялық тұрғыдан жаңа кейіпке енген. Жоба цифрлық өнерді, мультимедиялық контентті және мәдени сторителлингті бір арнаға тоғыстырады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің брендін қалыптастыру тұжырымдамасы жайында мәлімет берілді. Бастама мәдени мұраларымызды заманға сай жаңаша интерпретациялау, креативті индустрияны дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту арқылы еліміздің туристік әлеуетін арттыруды көздейді.
Креативті индустрияны дамыту қоры талантты жастарды іздеп тауып, оларға қолдау көрсету, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру секілді төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Отандық креативті өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға ықпал етеді. Сонымен қатар барлық облыс орталығында ашылған өңірлік хабтардың қызметін үйлестіреді.
Бүгінде Қазақстанның креативті экономика саласында шамамен 48 мың кәсіпкерлік нысан бар. Олар 160 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Индустрияға кино, анимация, геймдевелопмент, цифрлық өнер, сән, дизайн және халықтық қолөнер секілді салалар зор үлес қосуда.
Фото: Ақорда
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!