Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аллергия жас талғамайды

20.02.2020, 10:51 1855

Дәрігер-аллерголог  Светлана  КОГАЙ:

Аллергиялық  аурулардың  кең  етек жаюының  себебін  атмосфераға артып жүрміз. Соңғы жылдары тіпті «аллергияның азабын тартып келемін» дейтіндердің де қатары қалыңдап келеді. Әлемнің шамамен 10 пайызы аллергиялық аурулардың зардабын  тартып жүр. Ал біздің облыста айтарлықтай статистика жоқ. Бұл туралы Қызылорда облыстық диагностикалық кеңес беру орталығының аллерголог дәрігері Светлана Когай бізге  берген  сұхбаты  барысында  мәлімдеді.

– Бүгінде аллергиямен ауыратындардың саны артып келеді дегенді естиміз. Жалпы, бұл ауру қандай факторлар негізінде пайда болады?

–  Аллергиялық аурулар әлсіреген иммундық жүйенің  себебінен  пайда  болады. Оған сырт­қы  және ішкі қоздырғыштар, яғни аллергендер әсер етеді. Сондай-ақ  физикалық қоршаған орта факторлары, есірткі, тұрмыстық химия­, тамақ және басқалары аурудың туын­дауына себе­п болуы мүмкін. Аллергияның пайда­  болуын­а екі фактор әсер етеді. Біріншісі, егер ата-анасының бірі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырған болса, баланың сол аллергияға бейімділігі жоғары. Егер баланың әкесі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырса, баланың аллергиялық ауруға шалдығу ықтималдылығы – 80 пайыз, ал анасы ауырған болса, баланың ауруға бейімділігі – 50 пайыз. Екінші фактор – жүре пайда болатын аллергия. Әдетте өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергия­ның түрлері жиі кездеседі. Бұл – маусымдық  поллиноз, аллергиялық  коньюктивтің кең тараған  түрі.

– Бұл аурудың өзі түрге де бөліне ме?

– Аллергиялық реакцияны не қоздыраты­нына және аллергендердің денемізге қандай жолдармен енуіне байланысты, аллергияның әртүрлі түрлерін ажыратуға болады. Олардың қатарында тамақ, дәрілерге, жәндіктердің шағуы­на, жануарларға, шаң-тозаңға, суыққа аллерг­ия болуы мүмкін. Аллергиядан зардап шегетін адамға негізінен ара балы өнімдерін, кофе, сүрленген, қақталған, майлы тағамдарды, дүкендегі сүт тағамдарын, көкөністер мен цитрусты жемістерді, жаңғақтарды, балық  өнім­дерін тұтынуға болмайды. Сонымен қатар шокол­ад, какао, қант және теңіз өнімдерінен де сырқаты қозып кететін адамдар болатынын ескерг­ен жөн.  Ең дұрысы табиғи ұлттық тағамдармен тамақтанған өте пайдалы.

– Қазір Қызылорда облысында аллергиямен ауыратын қанша науқас тіркелген?

– Біздің өңір бойынша аллергиялық аурумен тіркеуде тұрғандар әзірге жоқ.

– Аллергиялық аурулар адамның жас ерекшелігіне қарай ма? Көбінесе қай жастағылар көп ауырады?

– Мұндай аллергиялық аурулардың жас категори­ялары жоқ. Ал балалық шақта ол көбі­несе тамақ аллергиясынан басталады. Аллергия жас талғамайды деп айттық. Қозатын аллер­гиялық реакцияның күші де әртүрлі болады. Оған аллергендердің көлемі және түрі байла­нысты емес. Ең жиі аллергиялық реакция тері мен кілегей қабықтарда кездеседі. Соңғы жылдары аллергияның іш құрылыста да болуы, яғни эндотоксиндік аллергия көп кездеседі. Дүкен сөрелерінде самсап тұрған көптеген тағамдар да аллергияны қоздыруы мүмкін. Аллергиялық серпіліс күнделікті тағамды пайдаланып бол­ғаннан кейін қан құрамында өзгерістер арқылы­ пайда  болады. Тағамдық аллергияның белгілері асқазан ішек қызметінің бұзылуына әкеліп соғад­ы. Дене қызуы көтерілуі мүмкін.

– «Аллергиядан айығу үшін науқасқа климат ауыстыру қажет» дегенді естіп жатамыз. Осы қанша­лықты  рас?

– Жоқ, бұл түсінік дұрыс емес. Өзге өңірге кетіп, климат ауыстыру науқастың жағдайын тек  қана уақытша жеңілдетеді. Одан да аурудан айығу үшін қажетті емдік шараларды қабылдау қажет. Ол адамның өзіне де жақсы.

– Аллергиялық ауру түрін қалай анықтауға болады?­

– Нақты диагностикалық деректер негізінде емделудің жеке стратегиясы әзірленеді, медика­ментоздық курс, элиминациялық терапия, аллерго­вакцинация қарастырылады, тамақ­тану, тұрмыс және т.б. бойынша ұсыныстар берілед­і. Негізінен аллергия түрліше көрініс береді­. Мәселен, бірде тері қышып, аздап бөртіп ғана білінсе, кейде дене тастай болып ісініп, дуылдап­ қышиды, болмаса, мұрыннан су ағып, көз жасаурап, қызарады. Немесе тыныс ауырлап, демікпе басталады. Қолқа демікпесі – аллергия­ның ең қауіпті түрі. Оны дер кезінде емдеме­се, ауыр асқынған түріне ауысып кетеді. Демікпеге жасөспірім кезінде көбінесе ұлдар, ал ересектер арасында әйел адамдар жиі ұшырайды. Демікпе бұрын тек 5 жастан кейін, ал маусымдық поллиноз 7 жастан кейін кездессе, соңғы жылдары ол бір жасқа дейінгі балаларда да ұшырасып жүр. Аллергияға көбінесе сезімтал адамдар душар болады. Егер адамның отбасын­да, тегінде аллергияға шалдыққандар болса, сонымен қатар өзі де аллергияға шалдықса, 70 пайыз жағдайда демікпеге ұласып кетуі мүмкін. Демікпе жұқпалы емес, бірақ тұ­қым қуалайды. Анадан балаға қан арқылы беріледі.

– Аллергиялық  аурулар жүкті әйелдерге қауіпті  ме?

– Жүктілік кезінде әйелдердің 45 пайызы аллергиялық аурулар бо­йын­ша шағымданады. Аяғы ауыр келіншектер мұндай уақытта ең алдымен аллергологпен ақылдасып, емделу препараттарын тек қана дәрігер­дің көрсетуімен пайдалануы тиіс. Өйткені кез келген дәрілік препарат жүкті әйелдерге қолданылмайды. Өкінішке қарай, жүктілік кезінде аллергия кезінде анасы ғана зардап шекпейді. Оның теріс әсері осы ауруға тұқым қуалайтын бейімділікке ие балаға да таралуы мүмкін. Жүктілік кезінде аллергия мұқият және қатаң бақылауды қажет етеді, өйткені ананың ден­саулығы мен өміріне, демек, нәрестеге тікелей қауіп төндіретін ауыр белгілердің пайда болуы ықтимал.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: