Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аппараттық мәжіліс өтті

10.12.2020, 16:00 637

HALYQLINE.KZ Қала әкімі мәжілісте күн тәртібіндегі мәселелерден бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталды. 2020 жылдың 9 желтоқсанында өткен Талсуат ауылдық округі әкімі сайлауының қорытындысымен ауыл әкімі қызметіне тағайындалған Жылқыбай Айбек Жамалұлын таныстырды. Жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, ауылдың одан әрі өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек ететіндігіне сенім білдіретінін жеткізді.

Одан әрі мәжілісте Тасбөгет және Белкөл кенттерінде жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері қаралды. Тасбөгеттегі толымды тірліктерді баяндаған Семсер Сыздықов кентте жылдың 11 ай көлемінде кәсіпкерлік субъектілер саны жаңадан 119 жеке кәсіпкермен толығып, кәсіпкерлер саны 10 пайызға артып, 1200-ге жуықтағанын айтты. Саладағы тиянақты жұмыстарды талдаған Семсер Зұлпыхарұлы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына сай кентте атқарылған жұмыстарды, жетістіктері мен көрсеткіштерін жіктеді.

Ал, Белкөлде жол мәселесі толығымен шешілген деп мәлімдеген Ардақ Ибраимов кентте жарық бағаналарын орнату жұмыстары да жүйелі жүргізілгендігін айтты. Жыл басындағы есептік кездесудегі ел тілегінің бірі Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елдімекеніне кіреберіс жолының орташа жол жөндеу мәселесі болса, қазір бұл мәселе де қала әкімінің қолдауымен өз шешімін тапқанын баяндады. Қос кенттің көрсеткіштері мен тындырымды тірліктерін талдап, жыл көлеміндегі жетістіктерін тыңдаған шаһар басшысы қала іргесінде қанат жайып, тірлігі түлеген Тасбөгетте мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған азаматтардың қатары әлі де аз екенін айтып, мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары бойынша тапсырысты түгендеп, ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстарын жыл аяғына дейін аяқтауды тапсырды. «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы Белкөлде бизнес бастаған азаматтар санының төмендігін сынға алған шаһар басшысы кентте қылмыстың ашылуы мен айыппұлды өндіруге, санитарлық тазалыққа байланысты да кемшіліктердің барын атап өтті.

Қос басшыға да бірқатар сын-ескертпелер айтқан қала әкімі жұмыстарын ширатуды тапсырып, жыл аяғына дейін тапсырылған міндеттерді межелі орындап, көрсеткіштерді көтеруді жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: