Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саудада неге серпін жоқ?

26.11.2020, 12:30 477

Соңғы бес жылда Қазақстаннан Еура­зиялық одаққа мүше мемлекеттердің нарығына жөнелтілетін бірқатар тауарлардың көлемі артқан. Атап айтқанда, көкөністер экспорты – 9, жеміс экспорты – 4,5, сүт өнімдері экспорты 2 есеге дейін ұлғайған. Әлемдік пандемияға байланысты ЕАЭО елдер­і арасындағы экономикалық құлдырауға қарамастан Қазақстанда агроөнім өндірісі 9 айда 5 пайыздық өсімді көрсетті. Дегенмен…

Сауда саласындағы ортақ қағидаттар, міндеттер, шарттар, ұсынымдар мен сұраныстар да Дүниежүзілік сауда ұйымының ортақ негізделген құжатына тікелей бағынысты екені белгілі. Әрине, ДСҰ-ға мүше мемлекеттер үшін. Осы ретте Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге аграрлық тауа­р  жеткізу  көлемі 33,6 пайызға өскенмен, кедергілер де баршылық.

– Оң серпінге қарамастан, іс жүзінде қазақстандық тауарлардың еркін қозғалуына байланысты мәселелер әлі де туындауда. Саудадағы сақталып отырған кедергілер мен тосқауылдар әлі жойылған жоқ. Ол сәйкесінше ұлттық деңгейде сауда қозғалысын шектейтін ЕАЭО құқығындағы қолданыстағы сілтеме нормаларымен байла­нысты. Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына теріс әсер ететін 20-дан астам кедерг­і бар. Олардың басым бөлігі фито­санитариялық және ветеринариялық-санитариялық бақылау, сондай-ақ техникалық реттеу салаларына тиесілі, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайыр­беков орталық коммуникациялар қызметінде  өткен  брифингте.

Жалпы, биылғы жартыжылдықта жаһан көлеміндегі сауда көрсеткіші алаңдатарлық деңгейде. Дүниежүзілік сауда ұйымының ресми ақпаратына сенсек, алғашқы алты айда әлемдегі сауда индексі 84,5 пайызға дейін төмендеген. Ал ҚР ҰЭМ СК-нің мәлі­метіне сүйенсек, қыркүйектегі жағдай бо­йынша Қазақстанның жиынтық тауар айна­лы­мы 55,6 млрд АҚШ долларын құраған. Сату саласы бойынша ЕО нарығына – 29%, Ресейге – 20%, Қытайға 18% үлес тиген. Елдегі карантин талаптарына байланысты экспорт 18,6, импорт 6,4 пайызға кері кетіп, экономикалық  шығынға  жол  ашқан.

Әлем деңгейіндегі сауда саласының маман­дары биылғы жағдайдың күрт өзгеруі мен көрсеткіштің күрт төмендеуін дағда­рыс­қа балап отыр. Олай демеске шара жоқ. Өйткені Еуропа мен Солтүстік Америкада да жағдай оңып тұрған жоқ. ДСҰ-ның бағал­ауы бойынша экономикалық кірісі төмен елдер саяхат пен көлік салалары бойын­ша зардап шеккен. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Қатаң режимдегі карантин шараларының салдары елдегі авто­мобиль өнеркәсібін 71 пайызға дейін төмендеткен. Десек те, экспорт бойынша ең көп сұранысқа ие болған тауарлардың алдың­ғы тізімінде шикі мұнай, тазартылған­ мыс және мыс қорытпалары, бейорганикалық химия өнімдері, табиғи газ, ферроқорытпалар, болат, бидай мен меслин және мұнай  өнімдері  тұр.

Бүкіл әлем бойынша енгізілген шектеу шаралары аясында Қазақстан негізгі тауар тобы минералдық шикізатты жеткізуді қысқартуға мәжбүр болды. Бұл барлық экспорт тауарларының 70%-ға жуығына тиесілі тауар­ болғандықтан, қазақстандық нарықтың күретамыры байланғандай күйге түсті. Түптеп келгенде, елдің сыртқы сауда айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12, өнім экспорты 18 пайызға төмендеген. Бұған дейін де дүниежүзілік банк сарапшылары Еуропа мен Орталық Азия елдерінде экономикалық құлдырау болатынын ескерткен болатын. Егер пандемияға байланысты карантиндік шаралар ұзартыла берсе, инвестициялық белсенділік те азайып, нарықтың сыртқы сұранысы тағы да төмен қарай бағытталуы мүмкін.

Қазір әр мемлекет өз нарығын қалпына келтіру үшін түрлі шаралар ұсынып жатыр. Соның нәтижесінде әуе қатынасы, контейнерлік  тасымалдар мен  құрылыс  секторы­на­ қайтадан жан бітуі болжануда. Ал мұны жыл соңына дейін реттеу мүмкін емес, ендігі үміттің шырағы 2021 жылдың көктеміне қалып отыр. Өйткені ДСҰ 2020 жылы әлемдік тауар айналымы көлемінің 9,2%-ға төмендеуін, 2021 жылы 7,2%-ға өсуін жоспарлап  отыр.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: