Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Комиссияның кезекті отырысы өтті

21.10.2020, 9:40 545

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысына облыстық департамент және басқарма басшылары, сондай-ақ, селекторлық байланыс арқылы аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтқанда, 2020-2021 жылдардағы ықтимал су тасқынының алдын алу шаралары, облыс аумағындағы эпизоотиялық ахуал мен облыстағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай және алдағы атқарылатын шаралар туралы айтылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші мәселе бойынша облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин баяндады.

Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасуы себепті қыс-көктем айларындағы мұз қату және сең жүру кезеңдерінде елді мекендерімізге су басу қаупін төндіреді. Осыған сәйкес, жыл сайын су тасқынының алдын алу шаралары жүргізіліп келеді.

Жалпы, алдағы 2020-2021 жылдардағы ықтимал су тасқынына дайындық шаралары бойынша өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің тұсы қауіпті 56 су басу аймақтарына бөлініп, оған 122 жауапты мекеме бекітілген. Олардағы арнайы техника саны 432 бірлікті және 1 491 адам күшін құрайды.

Қазіргі таңда облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 76,7 тонна жанар-жағармай қоры және 99 540 дана қап бар. Сондай-ақ, 27 750 бау қамыс, 5 600 дана пашын және 6 552 қарабура мен т.б. қажетті материалдар қорлары жасақталған.

Ағымдағы жылы су тасқынының алдын алу мақсатында 643,5 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде қорғаныс бөгеттерін нығайту, мұз жару жұмыстары мен қап сатып алу, тікұшақ қызметін пайдалану қарастырылған.

2020 жылға жалпы ұзындығы 70,5 шақырымды құрайтын өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің 11 қауіпті учаскелерінде жөндеу, арнаны қазу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

«2 ай шамасында өзен арнасында мұз қату процесі басталады. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына осы мақсатта бөлінген қаржының мерзімінде игерілуін және жұмыстың сапалы атқарылуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Қармақшы ауданы Абыла елді мекені тұсындағы Тойымбет каналына 2 көзді және Жаңақорған ауданындағы Өзгент көліне 1 көзді су тоспаларын салу жұмыстарын шұғыл түрде жүргізу қажет. Қазалы ауданының Тасарық, Қызылқұм елді мекенін су басудан қорғау мақсатында Қуаңдария каналына 3 көзді су тоспасын салу жұмыстарының жоба сметалық құжаттарын әзірлеу және құрылысын салу жұмыстарына қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолдансын», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, тиісті сала басшыларына су басу аймақтарына жақын аумақтарға қажетті жұмыстарды ұйымдастыруды және Шардара су қоймасынан күз-көктем айларында Сырдария өзенінің төменгі ағысына түсірілетін су көлемінің бекітілген кестеге сәйкес босатылуына үнемі бақылау жасауды жүктеді.

Облыс аумағындағы эпизоотиялық ахуал туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов сөз сөйледі.

Ағымдағы жылы облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен қаралған 5542,4 мың доза ветеринариялық препарат жеткізілді.

Жыл басынан 57,6 мың бас мүйізді ірі қара, 258,4 мың бас уақ мал, 27,5 мың бас жылқы, 8,3 мың бас түйе, 1,7 мың бас шошқа, 48 бас тақтұяқтылар бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілген.

Облыс бойынша жоғары патогенді құс тұмауы ауруын алдын алу мақсатында ауруға қарсы 96,8 мың доза ветеринариялық препараттар жеткізіліп, үй құстарына алдын ала вакцина егу жұмыстары жүргізілді.

Аймақ басшысы жоғары патогенді құс тұмауы ауруының алдын алу, болдырмау мақсатында тұрғылықты халық арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет екенін ескертіп, облыс көлемінде аса қауіпті жұқпалы ауруларды болдырмау мақсатында ветеринариялық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуіне бақылауды күшейтуді жүктеді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов пен облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әлия Абдикаимова баяндама жасады.

Бүгінгі күнге, коронавирус инфекциясы бойынша аймағымыздағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Облыста 210 инфекциялық төсек орын бар. 18 науқас стационарлық режимде, 1 науқас жансақтау бөлімінде ем алуда. Эпид маусым басталғалы іс-шараларға тартылған барлық 13 380 қызметкерге 2 573,9 млн теңге төленді.

Медициналық құралдармен жабдықталу 10 айдың қорытындысымен 88,5%-ды құрады. Инфекциялық стационарлардың реанимация бөлімінің құралдармен жабдықталу көрсеткіші 75%-дан 85,06%-ға дейін жоғарылады.

Қазіргі таңда облысымызда 244 ИВЛ аппараттары жұмыс жасауда. Одан бөлек, өңіріміздегі медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек арқылы 658 оттегі концентраторлары жеткізілді. Сонымен қатар, облыста 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек орындар дайын.

Облыста 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. Барлық аудандар мен облыс орталықтарында тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Рейдтік тексерумен қамтылған объектілер саны – 2942. Кезең-кезеңмен іске қосылған объектілерге жүргізілген мониторинг барысында 631 заңбұзушылық анықталып, айыппұлдар салынды.

Бүгінгі күні 4 зертхана жұмыс жасап жатыр, қажеттілікке байланысты қосымша 4 зертхана іске қосылуға дайын.

«Маусым-шілде айларындағы жағдай қайталанбас үшін тиісті жұмыстарды уақытылы жүргізу қажет. Отбасылық іс-шаралар жасап жатқан тұрғындарға, кафе, мейрамхана иелеріне қаншама ескерту берілсе де, айыппұл салынса да, жұмыстарын тоқтатпай отыр. Тіпті мемлекеттік мекемелердегі сақтық шаралары қызметкерлер арасында толық сақталмайды. Талап ортақ, карантин шараларының тиімді іске асуына бәріміз жауаптымыз», – деді облыс әкімі.

Мұнымен қоса, жоспарланған төсек орындардың дайындығын және науқастарды оттегімен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу, бастапқы медициналық-санитарлық және стационарлық көмек нысандарының қажетті ресурстармен толығымен жабдықталуын қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

ПТР лабораторияларының жұмыстарын күшейтіп, 21 қазаннан бастап тәулігіне өткізілетін талдаулардың санын 1000-ға дейін жеткізу қажет екенін ескертіп, инфекциялық стационарларға бейнебақылау жүйелерін орнатуды және  медицина ұйымдарының КВИ-ға қарсы дәрілік препараттарды қажеттілік болжамын нақтылап, жеткіліксіз болған жағдайда «СК-Фармация» ЖШС-не уақытылы тапсырыс беруді жүктеді. Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тұрғындарды санитариялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: