Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада қала күніне орай жәрмеңке өтті

26.09.2020, 17:30 551

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Қала күніне» орай ұйымдастырылған жәрмеңкені аралап, тұрғындармен тілдесіп, шаруалармен жүздесті.

Аймақ басшысына «Тағзым алаңы» маңына жайғасқан қала шаруаларының жеңілдетілген бағамен ұсынған жәрмеңкесін таныстырған қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрғындарға нарықтағыдан төмен бағамен босатылып жатқанын жеткізіп, қаланың мерейлі мерекесінен бастау алған жәрмеңке облыс орталығында әр сенбіде желтоқсан айына дейін жалғасатынын айтты.

Одан әрі облыс әкімі мен шаһар басшысы аудан және ауылдардан жеткізілген тауар өндірушілерінің  өнім сапасы мен бағасын бағамдады. Өңір басшысы жауаптыларға бағаның негізсіз  көтерілмеуін және санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалауды тапсырды.

Бүгін жеті аудан және қаланың ауыл шаруашылық құрылымдары қаламыздың 8 жерінде төмендетілген бағамен өнімдерін ұсынды. Облыс орталығына күріштен бастап көкеніс, бақша дақылдары, ет, балық, сүт өнімдері мен мал азығы сынды 40-тан аса өнім түрі әкелінген.  455  көлікке артылған 1 700  тоннадан астам, құны 265,6 млн теңгені құрайтын өнім қала халқына нарықтағыдан 10-15 пайызға төмендетілген бағамен ұсынылды. Оның ішінде қала шаруалары жәрмеңкеге 75 көлікпен 214 тонна өнім шығарса, аралдықтар 30 көлікпен 50 тонна, қазалылықтар 35 көлікпен 200 тонна, Қармақшыдан 86 көлікпен 197 тонна, Жалағаштан 60 көлікке тиелген 170 тонна өнім келді. Сырдариялықтар 46 көлікке 165 тонна өнім артып келсе, шиелілік шаруалар 70 машинамен 330 тонна, жаңақорғандықтар  53 көлікпен 452 тонна өнім жеткізді.

Сенбі күнгі сауда жаз бойы бейнеттеніп, өнім өндірген жергілікті өндірушілердің тауарын үлкен көлемде әрі тез сатуына жағдай жасап,  тұрғындарға азық-түлікті делдалсыз, арзан бағамен алуға мүмкіндік сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: