«Аты айтып тұрғандай, бұл – қоғамдық көлік. Ал, қоғамда сын-пікір айтылуы тиіс. Және айтылған сыннан қорытынды шығару қажет. Мұны қалыпты жағдай деп санаймын». Бұл – «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметовтың пікірі. Дәлірек айтсақ, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысындағы «Қызылорда автобус паркіне» неге көп сын айтылады?» деген сұрағымызға берген жауабы. Әбден келісуге болады. Халықпен жұмыс істеу оңай емес екенін жақсы білеміз.
Жалпы, 1 қыркүйектен бастап Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктер электронды билет жүйесіне көшті. Жатырқап қарайтын жаңалық емес, қайта жаңашылдықтың белгісі деп қабылдауымыз керек. Жол жүру төлемін төлеудің әдістері туралы ақпараттар барынша кеңінен таралуда. Біз де уақытында бірнеше мәрте жаздық. Сондықтан оны тағы да қайталаудың еш жөні жоқ.
Осы орайда, басшылықтың халық пікірімен санасқанын ерекше айтуға тиіспіз. Бұған дейін «электронды төлем жасаған жолаушы – 90 теңге, ақшаны қолма-қол бергені 120 теңге төлейді» деген болатын. Бұл өз кезегінде халықтың ашу-ызасын тудырып, әлеуметтік желіде жергілікті белсенділер мәселеге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын аударуға тырысқан еді. Қандай жайттың әсер еткені белгісіз, қала басшылығы «төлем жасау өзгеріссіз қалады» деп сүйіншілегені белгілі болды.
– Бүгінде бірінші деңгейдегі «Қызылорда автобус паркіне» тиесілі 89 автобусқа арнайы құрылғылар орналастырылды. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша 5 бағыттағы автобус электронды билет жүйесімен жұмыс істеп жатыр. Электронды карта арқылы төлем бағасы – 85 теңге. Бүгінде электронды билет жүйесі арқылы 12 345 адам төлем жасаған. Тұрғындарға қолдау ретінде 10 қыркүйектен бастап «Beeline» байланыс операторлары арқылы 50 пайыздық жеңілдікпен төлем жасау мүмкіндігі ұсынылып отыр. Бұл жеңілдік 2 ай бойы жалғасады, – деді Қанат Рахметов брифинг барысында.
Бүгінгі күні қалаішілік қоғамдық көліктердің кейбірі халыққа кондукторсыз қызмет етуде. Бұл көлік жүргізушісіне де кері әсерін тигізеді. Тұрғындардың дені «бұл жағдай жол-көлік оқиғасына әкеліп соқтырмай ма?» деп алаңдайды.
Бұл мәселе пандемия жағдайына байланысты шешімін таба алмайтын секілді. Ол үшін облыстың бас санитарының кезекті қаулысын күту керек. Және онда рұқсат болу қажет сияқты.
– Мобильді қосымша арқылы төлем төлеуге, өзіңізге керекті автобус бағыттарының қай тұста, қандай жылдамдықпен келе жатқанын, қай аялдамаға қанша уақытта жететінін бақылап отыруға болады. Қала ішіндегі аялдамалардың жанына электронды табло да орнатылған, – деді «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов.
Бұл – «Smsbus» мобильді қосымшасының артықшылығы. Тіпті, сіз ол арқылы қызметтердің сапасын бағалай аласыз, пікірлер мен шағымдарды жібере аласыз. Барлық шолулар талданады және тиісті шаралар қабылданады. Ол тасымалдаушы жүйеде дереу көрсетіледі.
«Біздің басты мақсат – жолаушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу. Шыны керек, «Қызылорда автобус паркінің» жұмысын 2-3 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазіргі қызмет көрсету сапасы әлдеқайда жақсы» деген спикер брифинг соңында бірқатар сұрақтарға да жауап берді.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!