Біздің артықшылық
Біздің білім саласының артықшылығы сол: бірінші сыныпқа әке-шешең жетектеп апарып, табалдырықтан әупірімдеп аттатып жіберсе болды – ары қарай орныңда бір жыл қалдырмай, босаған қанатыңды талдырмай, мұғалім қасқалар жетектеп-жетектеп, желкеңнен итеріп, танауыңнан тартып, мектепті он бір жылдан соң бітіртіп жібереді…
Молшылық
Марапатталушылардан гөрі марапаттаушылардың көбейгені сондай – кейбір марапаттардан қашып құтыла алмайсың, алып тынасың.
Түңіліс
Әйел билеген заман – бәрінен де жаман.
«Жаратылыс»
Апандай аузы ашылғанда, қолтоқпақтай басы көрінбей қалатын кішкентай бастықтар өріп жүр.
Тонна тартар томдар
Кей жазғыштардың том-том болып, сақадай тізіліп, жоғарғы жақта сіресіп, самсап тұрғанын көргенде, биіктегі оларды алу үшін біздің данышпандарымыздың кітаптарын аяқ астына басқыш қып жүрген жоқ па екен деп қаласың…
Е-е…
«Егеменге» ел басқарғандардың өкпесі жоқ шығар…
Менталитет
Қазаққа байлықтың түкке де керегі жоқ. Сондықтан да жыл-он екі ай той жасап, топыр жасап, шашып-төгіп жүреді…
Дай-дай болған жұртым-ай!
Қазақ бола алмай жүргендерді көріп – сүйсінесің, орыс бола алмай жүргендері көріп – тіксінесің…
Көсем болатын шығармыз
Дауысы жоқ әншіні көрдік. Басы жоқ басшыны көрдік. Ақылы жоқ әкімді көрдік. Ұяты жоқ ұлықты көрдік. Деуді білмейтін депутатты көрдік… Көре-көре көсем болатын шығармыз.
Біздің оппозиция
Оппозициямыздың позициясы қызық: тек ғана оппозициямен айтыса алады…
Жол берместер
«Жастар алға» деп қанша қақылдағанымызбен де, қақ алдарында қақырығына шалынған, бұлаң құйрық шал-шауқандар оларды ілгері оздырмақ түгілі бұт арасынан да өткізер емес.
Өзімшілдіктің дәуірі
Өзгерістерге жол берілмеген жерде өзімшілдік дәуірлейді.
Ақшада күш бар
Ақша бәрін шешіп тұрғанда, ақшалыларды қуа алмайсың. Өзіңнің мәселеңді шешіп тастауы мүмкін.
Несібе жегіштер
Ұялмай-қызармай біреулердің несібесін жалап-жұқтап жеп үйренгендер енді біреулердің емес, бүкіл халықтың несібесіне арандай ауыздарын ашып отыр…
Жетімсіз-ақ
Адалдық туралы сапырып айтатындар көп сияқты көрінгенімен де, өмірде адамдар арасында үнемі адалдық жетіспей тұрады.
Ізсіз, ізсіз…
Бұл қасқаның не істеп жүргенін білгің-ақ келеді. Алайда қанша қадағалай қарасаң да, істеп, бітіріп жүр дейтіндей ештеңе де таба алмайсың…
Сасық ауыз болдық
Қандай таза, сұлу, бай, көркем, текті, мінсіз тіліміз бар. Сөйлегенде аузыңнан бал-шекер тамады, жұпары аңқиды… Сөйте тұра өзге тілдің сарқындысымен шайнаңдап, ауыздарымыз сасып жүр…
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
(Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!