Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаламы мұқалмаған ақын

05.02.2020, 9:35 1073

«Сыр елі – жыр елі» демекші, біздің өңір киелі, ұлы тұлғаларға кенде емес. Солардың бірі – өлең өлкесінде өзіндік өнерімен ерекшеленетін, қиялға қанат сермеген ақын, сазгер Өтемұрат Зияев.

Өтемұрат Бекжанұлы 1957 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласында дүниеге келген. Ағамыз сонау бала кезден бастап, өнерді бағалайтын, ән-жырға жаны құмар қазақтың қарапайым ұлы болған. Бос уақытында өлең жазып, ән шығаруды ұнататын. Ең алғашқы туындыларының бірі – қазақтың ұлттық ойынына арналып жазылған «Тоғызқұмалақ» әні 1995 жылы «Таңшолпан» облыстық телебайқауында орындалды. Ал «Сағыныш сезім» әні облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының мұрындық болуымен шығарылған «Сыр әуендері» атты Сыр бойы ақын-композиторлар жинағында жарық көрді. Жақында баспа беттерінде «Аралым», «Аппақ менің жеңешем», «Сыр өңірі», «Былғары қолғап», «Жан анам», «Тәуелсіз елім Қазақстаным» атты өлеңдері мен әндері жарық көрді. Сазгердің әндері сезім мен тебіреніске толы. Оның жырлары кейінгі ұрпақты адалдық, адамгершілік сияқты сезімдерге жетелеп, адамзатты сүюге бастайтын жол тәрізді.

Қаңтардың 23-і күні Талсуаттағы мүгедектерді оңалту орталығында ақын-сазгер Өтемұрат Бекжанұлының шығармашылық кеші өтті. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған кешке өзім де куә болдым. Кеште «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Кенжебаева Гүлмира Айбасқызы сахна төріне көтеріліп, өзінің жүрек жарды тілегін арнады. Орталықтағы Сағатбек Сиюов, Айгүл Қайратқызы, Нұрбала Тұрғанбаева, Нұртуған Нұртазаев, Мөлдір Тұрмаханова сынды белсенді жас қызмет алушылары Өтемұрат ағаның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кеш барысында сазгер-ақын Өтемұрат Зияев ағамыз шығармашылық тарихы туралы сыр шертті. Бұдан әрі кеш ән-жыр, биге ұласты. Сахна төрінде Қымбат Ниятова «Аппағым», Зәуре Байоразова «Гүләйна», Мира Пірназарова пен Гүлзада Қамысбаева «Біз екеуміз», Күлпаш Жалғасқызы пен Қымбат Ниятова «Арыс жағасында» әндерін орындап, халықтың қошеметіне бөленді. Мың бұралған бишілер де өз өнерлерімен көрерменді таңғалдырды.

«Сыр өңірі – ғасырлар көшінің көне куәгері, байлықтың кені, өнер ордасы, достықтың мекені». Міне, ақын осы тақырыпты жырлайды. Сөз маржанын терген ақынның өнер туындысына үңілген сайын бойыңды ерекше сезім билейді. Алдағы уақытта да сазгердің әндері мен өлеңдері халық арасында насихатталып, тыңдарманның жүрегін жаулайтын шығармалары үлкен белестерді бағындыра беретініне сеніміміз мол.

Осы кештің жақсы өтуіне белсене атсалысқан Болат Бекбатыровқа, Зоя Үсенбаеваға, кітапханашы Жазира Нұрмағанбетоваға және кешті жүргізген Сағатбек пен Лаураға алғысымыз шексіз.

Күлпаш Күншығарова,

1-топ мүгедегі,

Талсуат ауылы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: