Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы дауыс берді

29.11.2026, 11:45 25

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Құзыреттілік орталығындағы» №222 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді.

«Бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады», деп депутаттар қызметін жоғары бағалады.
Бұл – ел өміріндегі маңызды саяси науқан. Халық қалаулылары сайлаушылардың талап-тілегін билік өкілдеріне жеткізіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне тікелей ықпал етеді. Сайлау заң талаптарына сәйкес, ашық әрі әділ өтеді деп сенемін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Қызылорда облысында 501 994 дауыс беруші тізімге енгізілген. Облыс бойынша 531 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның 9-ы — аумақтық, 386-сы — учаскелік, 136-сы — округтік сайлау комиссиясы.

Азаматтардың учаскесін анықтауға арналған 196 онлайн сервис, сондай-ақ, уақытша тіркеу қызметімен айналысатын 5 учаске бар.

Қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін 67 инватакси, 45 сурдоаудармашы ымдау тілі қызметін көрсетуде.

Айта кетейік, азаматтардың дауыс беру учаскесін нақтылау мақсатында Call-орталық (109) және «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі (saylau.orda.gov.kz/ru) іске қосылған.
Әр азамат жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы қай сайлау учаскесінде тіркелгенін және сол учаскесінің қай мекенжайда орналасқанын картадан онлайн көре алады.
Сонымен қатар, telegram-бот (saylaukzo_Bot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы тексеру мүмкіндігі қарастырылған.
Барлық сайлау учаскесінде дауыс берушілер ұлттық ойындар ойнап, тақырыптық көрмелермен танысуда. Өнерпаздардың ән шашуы да ел өміріндегі маңызды күннің мәнін айшықтай түсті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: