Қазақстанда креативті индустрия саласындағы жобаларды қаржыландыруға қатысты жалпы құны 1,2 млрд теңгеге жуық 20 алдын ала келісім жасалды. Отандық кәсіпкерлер өз жобаларын шетелдік инвесторларға таныстырып, халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырған THE PITCH инвестициялық бағдарламасына 70 шығармашылық топ пен 83 инвестор қатысқан. Олардың арасында Түркия, Оңтүстік Корея және Сингапур өкілдері де бар. Бағдарлама барысында кино, анимация, музыка, театр, сән, дизайн, баспа ісі, білім беру және цифрлық технологиялар саласындағы жобалар ұсынылған.
Жобаларды таныстыру және инвесторлармен жеке кездесулер өткізу нәтижесінде жалпы құны 2,69 млн доллар немесе шамамен 1,2 млрд теңге болатын 20 алдын ала келісім жасалған. Бұл отандық шығармашылық индустрияға халықаралық капитал тартудың жаңа мүмкіндігін көрсетеді. Дегенмен аталған қаражаттың барлығы жобалардың есепшотына аударылды деген ақпарат жоқ. Әзірге тараптар қаржыландыру жөніндегі бастапқы уағдаластықтарға қол жеткізген.
Алдағы уақытта Креативті индустрияларды дамыту қоры инвесторлармен келіссөздерді жалғастырып, жобалардың ауқымын кеңейтуге және халықаралық нарыққа шығуына қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Нақты инвестициялық шарттар мен қаражаттың бөліну мерзімі қосымша келіссөздер барысында айқындалмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!