Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда жүгері егісінің көлемін ұлғайту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану, ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде егіс құрылымы әртараптандырылуда.
Бұл ретте әр гектардан алынатын өніммен қатар, әр текше метр судың экономикалық тиімділігін арттыруға баса назар аударылған. 2026-2028 жылдарға арналған жүгері егісін ұлғайту жөніндегі жол картасы бекітілді. Құжатқа сәйкес, алдағы жылы жүгері алқабын 28 395 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
«Мемлекет әртараптандыруға қолдау көрсетіп, шаруалар үшін қолайлы жағдай жасауда. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Әр шаруашылықпен жеке жұмыс жүргізіп, жүгері егуге дайындықты уақытылы әрі сапалы үйлестіру қажет», – деді аймақ басшысы.
Өңірдегі су ресурстарының тапшылығы ескеріліп, ылғал үнемдеу технологияларын енгізу және агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруда жүйелі жұмыс бар. Осы бағыттағы басым дақылдың бірі – жүгері. Жүгері алқаптарының көлемі өткен жылы 2 мың гектар болса, биыл 11 мың гектарға жеткізіліп, 60 мың тоннадан астам өнім жиналды.
Заманауи агротехнологиялар мен су үнемдеу жүйелерін қолдануға басымдық берілуде. Мәселен, «Таң ЛТД» ЖШС Шиелі ауданында 1 000 гектарға тамшылатып суару, ал «Центр семеноводства» ЖШС жаңбырлатып суару арқылы жүгері өсірді.
Бұдан бөлек, «Harvest Agro» компаниясының қатысуымен 7 мың гектар алқапқа жүгері және мақсары дақылдарын егу қолға алынған. Егіс көлемін ұлғайтумен қатар, өндірілген өнімді терең өңдеуге, өткізу нарығын қалыптастыруға ерекше мән берілген.
Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде 40 млрд теңгенің «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба екі кезеңнен тұрады. Биыл бірінші кезең – жүгеріні кептіретін және 20 мың тонна өнім сақтайтын кешен құрылысы аяқталды. Алдағы кезеңде терең өңдеу, крахмал, сірне және өзге де қосылған құны жоғары өнімдер өндіру көзделген.
Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті шаруалардың өнімін өткізуіне, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!