Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 86 млн теңгеден асатын 148 жылқының ұрлануына қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, олар мал ұрлығының алты дерегіне қатысы болуы мүмкін. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
БҚО полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы мен Бөкей ордасы аудандық полиция қызметкерлері бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген. Тексеру нәтижесінде мал ұрлығына қатысы болуы мүмкін төрт адамнан тұратын топ анықталды. Құқық қорғау органдары күдіктілердің жалпы саны 148 жылқыны қолды ету деректеріне қатысы бар екенін мәлімдеді. Келтірілген шығын көлемі 86 млн теңгеден асады.
— Мал ұрлығының алты дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінген төрт адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды, — делінген полиция хабарламасында.
Күдіктілер 20–22 қараша аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейтінін хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы заңнама бойынша мал ұрлағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда ұсталған азаматтардың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!