Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қырғызстандық студенттердің шоттары арқылы 3,6 млрд теңге айналдырған

27.11.2026, 11:20 65

Алматы облысында Қырғызстан азаматтарының банк шоттарын пайдаланып, 3,6 млрд теңгеден астам қаржы айналымын жүргізген топқа қатысты тергеу аяқталды. Үш күдікті шетелдік азаматтарды дропперлікке тартып, олардың есепшоттары арқылы заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізген және онлайн-казинолардың төлемдерін қабылдаған деген күдікке ілінген. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Halyqline.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, Алматы қаласының үш тұрғыны делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылық қиындықтарға тап болған жастарды іздеген. Күдіктілер олардың Қазақстанға келу жолақысын, жатын орны мен тамағын төлеп, ұялы телефондар және SIM-карталармен қамтамасыз еткен. Ал шетелдік азаматтар белгілі бір сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу мүмкіндігін бергеннен кейін еліне қайтып отырған. Кейін бұл есепшоттар тиісті лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату операцияларына пайдаланылған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, күдіктілер халықаралық SkyPhoenix төлем платформасы арқылы Pinco, Pinup, Nomad Games, Sultan Games және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен. Олар ойыншылардан ақша қабылдап, ұтыстарды төлеп, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың кірістерін криптовалютаға айналдыруға көмектескен деген күдікке ілінген.

— Күдіктілер ойыншылардан төлем қабылдауды, ұтыстарды төлеуді және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың кірістерін криптовалютаға шығаруды қамтамасыз еткен. Бұл үшін түскен қаражаттың 4 пайызы мөлшерінде сыйақы алған, — делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Тергеу барысында дропперлердің банк шоттарына түскен қаражаттың жалпы көлемі 3,6 млрд теңгеден асқаны анықталған. Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Сонымен қатар сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа берілді. Күдіктілерге тағылған айыптардың қаншалықты негізді екеніне сот құқықтық баға береді. Олардың кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен ғана анықталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: