Үшінші сынып оқушысы Әли үшін әлем өте қарапайым әрі қауіпсіз көрінетін. Оның бақыты, өмірдегі ең қымбат жаны анасы еді. Анасының күлкісі, таңертеңгі жылы жымиысы, аялы алақаны, мектепке шығарып саларда айтатын «Сабағыңды жақсы оқы, құлыным!» дегені Әли үшін үйреншікті әрі мәңгілік нәрседей сезілетін. Ол ананың да шаршайтынын, жүрегі ауыратынын түсіне қоймаған тым кішкентай еді.
Күздің қара суығы басталған шақ. Сыртта толассыз жаңбыр жауып, жердің бәрі балшық болып иленіп жатқан. Әли мектептен үсті-басы малшынып, су-су болып келді. Үйге кіре сала, сөмкесін дәлізге лақтырып, бөлмесіне өтпекші болды. Осы кезде асүйден анасы шықты. Оның жүзінде әдеттегідей жарқын күлкі жоқ еді, өңі қуарып, көзінің айналасы көгістеніп кетіпті. Ол қолындағы жылы сүлгімен Әлидің шашын сүрте бастады. Сырттай қарағанда әдеттегі қамқорлық сияқты көрінгенімен, анасының қолы дірілдеп, демалысы жиілеп кеткенін Әли аңғармады.
– Балақайым-ау, әбден су болыпсың ғой. Тез киіміңді ауыстыр да, ыстық сорпа іш. Сосын далаға шықпай, үйге берілген тапсырмаңды орында. Жарай ма? Анаңның бүгін басы қатты ауырып, әлі құрып тұр, — деді анасы дауысы бәсең шығып.
Дәл осы сәтте терезенің арғы жағынан достарының ысқырғы естілді. Олар жаңбыр басылысымен көлшіктерді кешіп, доп ойнауға шақырып тұр еді. Әлидің ойы бірден далаға кетті. Анасының мұңды жанарына, шаршаған жүзіне қарамастан:
– Анашым, бес-ақ минут ойнап келейінші! Мен тез келемін, — деп айғайлады да, үстіне құрғақ күртешесін іле салып, сыртқа жүгіре жөнелді. Артына бұрылып та қарамады. Ол анасының сол сәтте диванға қалай әлсіз отыра кеткенін көрген де жоқ.
Уақыттың қалай өткенін Әли байқамай қалды. Ол үйге қараңғы түсе, суықтан қол-аяғы мұздап, әбден шаршап оралды. Үйдің есігін ашқанда, іштен әдеттегідей жарық сәуле мен дәмді тамақтың иісі шықпады. Үй іші суық, тас қараңғы әрі құлаққа жағымсыз тып-тыныш еді. Бұл тыныштық бала жүрегіне алғашқы үрей хабаршысындай әсер етті.
– Анашым… Мен келдім… — деді Әли дауысы дірілдей.
Ешқандай дыбыс шықпады. Тек қабырғадағы сағаттың «тық-тық» еткен суық соққысы ғана естіледі.
Әли жүрегі алқымына тығылып, анасының бөлмесіне қарай жүгірді. Шамды жаққанда көрген көріністен оның қаны мұздап кеткендей болды. Аяқ-қолы дірілдеп қоя берді. Анасы төсекте киіммен, бүрісіп жатыр екен. Жүзі аппақ, еріндері кезеріп кеткен. Әли жақындап, анасының маңдайын ұстап еді, оттай жанып тұр екен.
– Анашым! Ояншы! Маған қарашы! — деп Әли анасының иығынан жұлқылай бастады.
Анасы ауыр дем алып, көзін ақырын ашты, бірақ ұлын танымағандай сыңайлы, қайтадан көзін жұмды. Оның кеберсіген ерні сәл ашылып, «Су… Су» деген әлсіз сыбыр ғана естілді.
Дәл сол сәтте тоғыз жастағы баланың санасында дүние төңкеріліп кеткендей болды. Ол өз өмірінде алғаш рет ең қорқынышты шындықпен бетпе-бет келген еді. «Анам басын көтермесе қайтемін… Егер анам көзін екінші рет ашпаса ше? Мені кім еркелетеді, кім құшақтайды? Мен неге оны мана тыңдамай кетіп қалдым екен…» деген өкініш пен үрей бала жүрегін қысып, тынысын тарылтты. Көз жасы бетін жуып, өксігін баса алмай, кінәлілік сезімі өрттей шарпыды.
Бірақ бұл қорқыныштан оны алып шыққан анасына деген шексіз махаббаты болды, сол сезім оған күш берді. Ол дереу телефонға жүгіріп, әкесіне жағдайды айтып, жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер келгенше ол анасының мұздаған қолын өз алақанымен жылытқысы келіп, қысып ұстады, жылап отырып, уқалады. Көп ұзамай үйге дәрігерлер мен аптығып әкесі де жетті. Ақ халатты жандар анасына бірден тексеріс жасап, дәрі егіп, оттегі маскасын кигізді. Дәрігерлердің байсалды қимылдары мен «Уайымдамаңдар, бұл – асқынған өкпе қабынуы… Дер кезінде үлгердік» деген сөзі үй ішіндегі ауыр үрейді сәл де болса сейілткендей болды.
Түн ауа анасының қызуы түсіп, терең де жайлы ұйқыға кетті. Әкесі шаршаған Әлиді құшақтап, «Сен нағыз ер-азаматсың, балам. Сен қорықпай, бәрін дұрыс істедің. Енді бәрі жақсы болады» деді. Бірақ Әли бөлмеден шыққысы келмеді. Ол анасының кереуетінің жанына еденге көрпеше төсеп, сонда жатты, оның әрбір тынысын бағып, күзетіп шықты.
Таңертеңгі күн сәулесі бөлмеге түскенде, анасы көзін ашты. Жүзіне аз да болса қан жүгіріпті. Қасында өзіне қарап отырған ұлын көріп, әлсіз ғана қолын созды. Әли анасының қолынан ұстап, бетіне басты:
– Анашым, мені кешірші… Мен сенің шаршағаныңды, ауырып тұрғаныңды байқамай қалыппын. Ойын қуып кеттім. Мен сенен айырылып қаламын ба деп сондай қатты қорықтым. Өтінемін, ешқашан ауырмашы. Мен бұдан былай ең тіл алғыш, ең жақсы бала боламын.
Ол жылап жіберді. Анасы ұлын бауырына қатты қысып, шашынан иіскеді. Бұл кезде оның да көзінен жас парлап тұр еді.
– Айналайын, алтыным! Сенің еш кінәң жоқ. Сен – менің мақтанышымсың. Қарашы, мен қасыңдамын, мен сауығып кеттім, — деді ол аналық мейіріммен.
Осы бір қорқынышты түн Әлиді бір күнде есейтіп жібергендей болды. Ол балалықтан арылып, анасына қамқор бола бастады. Сол күннен бастап Әли анасының айтуын күтпей-ақ үй шаруасына көмектесетін, оның денсаулығын бірінші орынға қоятын нағыз тірекке айналды. Себебі, ол ананың күлкісі – әлемдегі ең қымбат сый екенін сезінген еді. Өзін «Үйден шықпайсың. Үйкүшіксің» деп мазақтаған жолдастарына бірде Әли сол бір қорқынышты түннен қалай үлкен сабақ алғанын айтып берді.
– Біз кейде ойынға алаңдап, сабаққа асығып, қасымыздағы ең жақын адамымыз – анамыздың шаршағанын, көңіл күйін байқамай жатамыз. Саған анаң әрқашан күшті, ешқашан ауырмайтындай көрінуі мүмкін. Бірақ ананың да жүрегі нәзік, ол да шаршайды. Анамыз бізге ештеңе сұрамай-ақ өз махаббатын сыйлайды. Ал біз оған қалай жауап бере аламыз?
Біз ең болмағанда ол жұмыстан келгенде алдынан шығып құшақтап, «Анашым, шаршадың ба?» деп ақырын ғана сұрап, ойыншықтарымыз бен бөлмемізді өзіміз жинап, көмектессек – соның өзі анамыз үшін үлкен қуаныш екен. Міне, осындай кішкентай ғана қамқорлық анамызды әлемдегі ең бақытты жан етеді. Оған «Анашым, мен сені жақсы көремін!» деп айтуды ұмытпа. Себебі ананың амандығы мен күлкісі – біздің үйіміздің ең үлкен бақыты…
Оның жолдастары ойланып қалды. Сәлден соң барлығы да ойындарын қойып, үйлеріне бет алды.
Бекмухамбет ӘБДРАСУЛЛАЕВ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!