Кітап оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеу – ұлт болашағына салынған маңызды инвестиция. Осы жолда оқырман мен әдебиетті жалғап, жас буынның рухани дамуына үлес қосып жүрген кітапханашылардың еңбегі зор.
Арал қаласындағы №292 орта мектеп базасында «Үздік кітапханашы – 2026» байқауының аудандық кезеңі ұйымдастырылды. Қызылорда облыстық оқу орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен кәсіби сайыстың басты мақсаты – кітапхана саласындағы озық тәжірибелерді насихаттау, мамандардың шығармашылық әлеуетін арттыру және оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.
Байқау барысында қатысушылар өздерінің кәсіби шеберліктерін, тың идеялары мен ізденістерін таныстырып, оқырман қызығушылығын арттыруға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар ұлттық және әлем әдебиетін дәріптеу, кітапхана жұмысын заманауи талаптарға сай ұйымдастыру, балаларды кітап оқуға баулу бағытындағы тәжірибелері сараланды.
Білім мен шығармашылық тоғысқан байқаудың қорытындысы бойынша №13 орта мектептің кітапханашысы Кәмшат Оспанова жоғары нәтиже көрсетіп, І орынға ие болды. Жеңімпаз енді облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!