Биыл Қазақстанда 1,7 триллион теңгенің 200 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Қазір оның 125-і пайдалануға берілді, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен отандық өндірісті дамыту және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды. Жиында өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері, жаңа кәсіпорындарды іске қосу, өндірілген өнімдерді өткізу нарығын кеңейту және мемлекеттік сатып алуда отандық компанияларға басымдық беру мәселелері талқыланды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ел ішінде шығарылатын өнімдерге тұрақты сұраныс қалыптастыру өндірісті дамытудың маңызды тетіктерінің бірі саналады.
— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында отандық өнімдер мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елімізде шығарылатын өнімдерге, оның ішінде мемлекеттік сатып алу арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды, – деді Олжас Бектенов.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы он айында еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 9,3 пайызға өскен. Саланың дамуын жеделдету үшін биыл жалпы инвестиция көлемі 1,7 триллион теңгеден асатын 200 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделген.
Министрдің айтуынша, барлық жоба іске қосылған жағдайда 17,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 5,5 мыңы ауылдық елді мекендерде құрылмақ. Ал кәсіпорындар толық өндірістік қуатына шыққан кезде жыл сайын шамамен 1,5 триллион теңгенің өнімін шығарып, оның 500 миллиард теңгесін экспортқа бағыттау жоспарланып отыр.
— Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 миллиард теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалуда. Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Жаңа өндірістердің қатарында теміржол бандаждары мен доңғалақтарын, престеу жабдықтарын, ламинат, тамшылатып суару жүйелерін және кофе машиналарына арналған алюминий капсулаларды шығаратын кәсіпорындар бар. Министрлік бұл жобалар импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнім түрлерін көбейтуге ықпал етеді деп күтеді.
Үкімет отырысында қазақстандық өндірушілерді мемлекеттік сатып алу арқылы қолдау мәселесі де көтерілді. Бұл бағытта отандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі пайдаланылып жатыр. Министрлік мәліметінше, жүйеде 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелген.
Тізілім негізгі сатып алу алаңдарымен біріктірілген. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алу рәсімінде отандық өнімге басымдық берілген. Мұндай тетік қазақстандық кәсіпорындардың мемлекеттік тапсырыстарға қатысуына және өнімдерін өткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Үкімет отандық өндірісті дамытуда жаңа зауыттарды іске қосумен қатар, олардың өнімін тұрақты өткізуге жағдай жасауға басымдық беріп отыр. Ал жыл соңына дейін жоспарланған қалған 75 жобаның іске қосылуы өнеркәсіптегі инвестициялық бағдарламаның орындалу деңгейін айқындайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!