Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Илон Масктың бәсекелестерінің зымыраны апатқа ұшырады: 40 жерсерік жойылды

16.11.2026, 9:40 86

АҚШ-та Boeing және Lockheed Martin компаниялары құрған United Launch Alliance кәсіпорнының Vulcan зымыраны ұшырылғаннан кейін апатқа ұшырады. Соның салдарынан Amazon компаниясының Starlink-ке бәсекелес болуға тиіс 40 интернет жерсерігі орбитаға жете алмады, деп хабарлайды Halyqline.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға 15 қарашада АҚШ-тың Флорида штатындағы Канаверал мүйісі ғарыш айлағында болған. Vulcan Centaur зымыраны жергілікті уақытпен сағат 12:40-та ұшырылған. Алайда шамамен 10 минуттан кейін ұшу барысында техникалық ақау туындап, ғарыш аппараттарын белгіленген орбитаға жеткізу мүмкін болмады.

Зымыран Amazon компаниясының Leo спутниктік интернет жобасына арналған 40 жерсерікті алып бара жатқан. Жоба әлемнің түрлі аймағын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған және Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясының Starlink желісіне бәсекелес ретінде қарастырылады.

United Launch Alliance компаниясы ұшырылымның сәтсіз аяқталғанын ресми түрде растады.

— Ұшыру жетекшісінен алынған деректерге сәйкес, Vulcan зымыранында ұшудың оныншы минутында ақау болғанын растаймыз. Соның салдарынан Amazon миссиясының аппараттарын орбитаға жеткізу мүмкін болмады. Қазір оқиғаның нақты себебін анықтауға жеткілікті мәлімет жоқ, – деп хабарлады компания.

ULA мамандары Amazon өкілдерімен және тиісті ұйымдармен бірлесіп, апаттың мән-жайын анықтауға кірісті. Тергеу нәтижесіне қарай зымыранның техникалық жүйелеріне өзгерістер енгізіліп, келесі ұшырылымдардың қауіпсіздігі бағаланады.

Reuters мәліметінше, бұл United Launch Alliance компаниясының 20 жылдық тарихындағы алғашқы толық сәтсіз аяқталған ғарыш миссиясы. Boeing пен Lockheed Martin бірлескен кәсіпорынды 2006 жылы құрған. Ал Vulcan зымыраны алғаш рет 2024 жылы ұшырылған болатын.

Компанияның жаңа зымыраны үшін бұл бесінші ұшу еді. Бұған дейін де оның қатты отынды үдеткіштері мен қозғалтқыштарына қатысты техникалық мәселелер тіркелген. Соңғы ақауға нақты қандай құрылғы себеп болғаны әзірге белгісіз.

Оқиға Amazon компаниясының спутниктік интернет жүйесін дамыту жоспарына да әсер етуі мүмкін. Қазіргі уақытта орбитаға Amazon Leo жобасының 398 жерсерігі шығарылған. Ал жаһандық интернет қызметін қамтамасыз ету үшін компания 3236 спутниктен тұратын желі құруды жоспарлап отыр.

Amazon бұл ұшырылымның сәтсіз аяқталғанына қарамастан, ULA-мен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Алайда зымыранның келесі сапары техникалық тексеру аяқталғанға дейін кейінге қалуы мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: