Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бидайкөлде жаңарған стадион ел игілігіне берілді

14.11.2026, 17:45 32

HALYQLINE.KZ

Бүгін Шиелі ауданы Бидайкөл ауылында жаңғырту жұмыстарынан өткен стадион ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Спорт нысанының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, ауыл тұрғындары, спорт ардагерлері мен жастар қатысты.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру және ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Баршаңызды Бидайкөл ауылындағы жаңарған стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – ауыл тұрғындары мен жастар үшін үлкен қуаныш. Ауданымызда бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында бірқатар игі жобалар жүзеге асырылуда. Бүгін сол бастамалардың жалғасы ретінде Бидайкөл ауылында тағы бір маңызды нысан ел игілігіне беріліп отыр.

Жаңарған стадион ауыл жастарының спортпен шұғылдануына, саламатты өмір салтын ұстануына және жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді деп сенемін. Спорт алаңында талай жарқын жеңістер мен толағай табыстарға куә болайық!», — деді аудан әкімі.

Айта кетейік, Бидайкөл ауылындағы стадионды жаңғырту жұмыстары «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына қарасты «РУ-6» ЖШС-нің демеушілік қолдауының арқасында жүзеге асырылды.

Салтанатты рәсім барысында стадионның жаңаруына және спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шараның ресми бөлігінен кейін футболдан турнир бастау алды. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жасыл алаңға алғашқы болып доп теуіп, жарыстың басталуына белгі берді.

Жаңарған стадион – ауыл спортының дамуына серпін беретін маңызды нысан. Енді ауыл жастары заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт алаңында тұрақты жаттығып, түрлі деңгейдегі жарыстар мен бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік алады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: